– Қайрат Әбдіразақұлы, қазіргі кезде әлемде ахуал аумалы-төкпелі. Осындай жағдайда мемлекеттің ықпалды әрекетінің Конституция нормаларымен байланысына тоқталып өтсеңіз. – Иә, әлемнің түкпір-түкпірінде коронавирусқа қарсы оқшаулау режимі енгізілгенін бәріміз басымыздан өткеріп жатырмыз. «Көппен көрген ұлы той» демекші, бұл індеттің шешімін халықаралық қауымдастық болып іздеп жатыр. Бізде де Мемлекет басшысы, Үкімет, тиісті органдар аталған дертпен күресте бар күшін салып жатыр. Құдай қаласа, осы сыннан да өтерміз. Ал «аумалы-төкпелі» деген тіркесіңізбен келісу қиын. Қазіргі ахуал төңкеріс немесе саяси дағдарыс емес, бұл әлемге келген медициналық қатер. Қатерлі вирустың пайда болу себептері мен оған қарсы вакцинаны жасау бойынша дүниежүзінде мамандар жұмыс істеуде. Мұндай ауыртпалықтар адамзат тарихында болып тұрған. Оба, шешек сияқты індеттің залалын халқымыз басынан өткерген. Сол кезде де үлкен адам шығыны болғаны тарихтан белгілі. Төтенше жағдай кезінде әрбір мемлекетте Конституция мен заң шеңберінде өздеріне берілген функцияларына сәйкес қорғану шараларын қолдану мүмкіндігі болуы керек. Осы орайда, біздің Үкімет те індетке қарсы алдын алу шараларын, шектеу амалдарын заң аясында атқарып жатқанын атап өткім келеді. Конституцияның 1-бабында: «Республиканың ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп жарияланған. Қабылданған оқшаулау шаралары осы қағидатты, яғни елдегі барлық азаматтардың өмірін сақтау үшін жасалған. Бастың саулығы маңызды. Ата заңның 39-бабы 1-тармағына сәйкес, халықтың денсаулығы мен имандылығын сақтау мақсатында қажетті шамада азаматтардың құқықтары шектелуі мүмкін. Конституцияның осы императивті талабын ескере отырып, мемлекет тарапынан қажетті шаралар қолданылып жатыр. Әрине, қоғамдық тірліктің біраз саласы шектеуден зиян шегіп, мүдделік пайдасынан қағажу көріп жатыр. Бизнес, кәсіпкерлік салаларының экономикалық жағдайы күйзеліске түсуде. Дегенмен олар адам амандығынан жоғары емес. Сондықтан ең жоғары құндылық – адам өмірін қорғауға басымдық беру заңды құбылыс және ол Ата заң талаптарынан туындайды. – Былтыр Конституциялық Кеңес үшін де тарихи жыл болды. Елімізде билік транзиті өтті, оған сәйкес Кеңес Ата заң бойынша түсініктемелер берді. Сол жұмыстың қорытындысын шығара кетсеңіз. – 2019 жыл Қазақстан мемлекеттілігі мен конституциялық бірегейлігі үшін тарихи таңбалы оқиғасымен ерекшеленді. Елімізде жоғары билік байсалды түрде ауысты. Бұл процестің Ата заң талабына сәйкес болуын қамтамасыз етуге Конституциялық Кеңес өз үлесін қосты. Республика Президентінің өтініші бойынша Конституцияның 42-бабы 3-тармағына түсіндірме беріліп, Мемлекет басшысы өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату негіздерінің қатарына оның өз еркі бойынша отставкаға шығу құқы да кіретіні нақтыланды. Мемлекет басшысы өкілеттігінің көшуі және республика Президентінің кезектен тыс сайлауы Конституцияның, Кеңестің аталған шешімдерінің және сайлау туралы заңнаманың талаптарына қатаң сәйкестікте өтті. – Соңғы уақыттағы Конституцияның әлеуетін ашу жолында қандай тың бастамаларды атай аласыз? – Уақыт өткен сайын қоғам талабы, өмір сүру салты өзгереді, қоғамдық қатынастар жаңа сапаға бейімделеді. Сондықтан заңдардың өзгеруі, жаңасының қабылдануы – қалыпты үрдіс. Ол үрдіс мемлекет дамуының жаңа дәуірінде жалғасын табуда. Елімізде конституционализмді дәйекті түрде орнықтыру, мемлекеттік құрылыс саласындағы конституциялық нормалардың қолданылу тиімділігін арттыру, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беру жөніндегі жұмыстар жалғасуда. Мысалы, Парламент қарауында митингілер туралы жаңа заң жобасы қаралып жатыр. Ол Конституцияда көзделген Қазақстан азаматтарының бейбіт митингілер мен демонстрациялар, шерулер өткізу құқығын жүзеге асырудың жеңілдетілген тәртібін бекітуді көздейді. Сонымен қатар парламенттік оппозицияның мүмкіндіктерін күшейтетін, әйелдер мен жастардың саяси құқықтарын кеңейтетін заң жобалары әзірленді. Мұның бәрі – мемлекет пен қоғамды одан әрі демократияландыру процесіндегі жаңа қадамдар. Олар тиісті конституциялық ережелердің өмірге ену деңгейін анағұрлым арттырады. – Жақында Қазақстанда президенттік институттың орныққанына 30 жыл толды. Конституцияда қарастырылған бұл басқару нысанының қандай ерекшелігі бар? – Осыдан 30 жыл бұрын, 1990 жылғы 24 сәуірде Қазақстанның президенттік институты құрылды. Бұл республикадағы нақты басқарудың барлық тетіктері Жоғарғы Кеңес пен Министрлер Кеңесінде шоғырланған кезде болды. Сол тарихи кезеңде мұндай ұстаным дамуға ықпал етпей, керісінше оны тежеді. Сондықтан Қазақстанда президенттік институт құрылды. Мемлекет басшысының тікелей басқаруымен атқарушы-өкімдік билікті орталықтандыруға бағыт алынды. Сөйтіп, мемлекетті басқару бір жүйеге түсіп, нақты жұмыс істеуге мүмкіндік туды. Содан бері қазақстандық басқару нысаны қоғам мен мемлекеттің терең жаңғыруы жағдайында белгілі бір эволюция кезеңінен өтті. Мемлекетті басқару тетігі жұмысқа қабілетті және тұрақты болып қалыптасты. Қазақстан Президенті елдің Конституциясына және халықтың сеніміне сүйене отырып, елдің қарыштап дамуына ықпал ететін бүкіл саяси тетіктің өзегіне айналды. Конституциялық реформалардың нәтижесінде президенттік басқару нысаны жетілдіріліп, онда Парламент пен Үкіметтің дербестігі мен жауапкершілігі дәйекті түрде күшейе түсті. Дей тұрғанмен, Мемлекет басшысының саяси үйлестіру және саяси бақылау жөніндегі іргелі функциялары сақталуы тиіс. Президенттік басқару нысаны мемлекеттің тұрақтылығын, оның функцияларының сапалы орындалуын, сондай-ақ құқық үстемдігін, адам құқықтары мен бостандықтарына кепіл беруді қамтамасыз етуге әлі де ұзақ уақыт бойы қызмет ететін болады. – Биыл Қазақстан Конституциясының 25 жылдығы атап өтіледі. Оның мәніне тоқталып кетсеңіз. – 25 жыл – тарих үшін қас қағым сәт болса, бірақ жаңадан дербестік алған мемлекет үшін оны алдыңғы қатарлы дамыған елдердің қатарына қосу жолында ғасырға бергісіз жасампаздыққа толы меже. Осы жылдарда мемлекетіміздің конституциялық тұғыры құрылып, басқару механизмі орнықты. Адам құқықтары мен бостандықтары жария етіліп, ел үрейден арылып, өзін тұлға сезініп, бостандық кеңістігінде өмір сүре бастады.
Қазақстан Президенті елдің Конституциясына және халықтың сеніміне сүйене отырып, елдің қарыштап дамуына ықпал ететін бүкіл саяси тетіктің өзегіне айналды. Конституциялық реформалардың нәтижесінде президенттік басқару нысаны жетілдіріліп, онда Парламент пен Үкіметтің дербестігі мен жауапкершілігі дәйекті түрде күшейе түсті.
Қазір қазақстандықтар өз талабын, мүддесін кімге болса да, қандай деңгей шеңберінде де қоя алады, тұлғалық субъективті көзқарасын жасқанбай білдіреді. Бұл – көзге көрінбейтін, өте үлкен жетістік. Еркін «мен» дей алатын қоғам қалыптасты. Адам жүйенің, басқа бір империяның құлы емес, еркін елдің ұлына айналды. Осындай құқықтық мінез, құқықтық мәдениет пен сананы қалыптастырған және оны жариялаған – осы Конституция. Оның 25 жылдығын атап өту бір формалды шара емес, ол кең қауымға өмір сүруде басты құжатың бар, ол сенің қорғаушың, еркіндік, заңдық кепілің деп тағы да есіне салу. Ата заңның құндылық маңызын көтеру, ұлттың мәдениетін қолдап, өркениетке жол сілтеу үшін керек. – Осы орайда, қандай ірі, мазмұнды іс-шаралар жоспарланған және өткізілуде? – Барлық өңірлерде арнайы шаралар өткізілуде. Жыл басынан бері облыстарда тақырыптық конференциялар, дөңгелек үстелдер және басқа да форумдар ұйымдастырылды. Әрине, пандемияға қатысты қазіргі жағдай бұл жұмыстың қарқынына әсер етіп отыр. Біз электронды форматты бұл бағытта пайдаланып жүрміз. Жоғары оқу орындары студенттері арасында эссе конкурсы өткізіліп, қорытындыланды. Жақында мектеп оқушылары арасында конституциялық құндылықтар жөнінде сурет салу конкурсы аяқталды. Олардың туындыларын біз арнайы жинақ ретінде шығармақпыз. Еліміздің белгілі конституциялық құқық мамандарының, құқық қорғау, сот органдары өкілдерінің қатысуымен дәрістер өткізу жоспарланған. Медиа-жоспарға сәйкес, баспасөзде арнайы материалдар жариялануда. Кеңес бірнеше кітап, альбом, жинақтар дайындады. Президент Жарлығымен мерекелік медаль тағайындалды. Ұлттық банк арнайы монеталар, Қазпошта маркалар әзірлемек. Негізгі шаралар Конституция күні қарсаңында болмақ. Тамыздың соңында өтетін халықаралық конференцияға дайындық жүріп жатыр. Конституция аптасы өтпек. Оның аясында тегін заң кеңесін беру, вебинарлар, талқылаулар және басқа да шаралар қарастырылады. Бұл жұмысқа адвокаттар, нотариустар, сот орындаушылары, халыққа қызмет көрсету орталықтары тартылады. – 2019 жылдың қарашасынан бері Конституциялық Кеңес Азиялық конституциялық соттар қауымдастығына төрағалық етіп келеді. Бұл халықаралық қауымдастықтың тиімділігі неде, бізге не береді? – Қарапайым тілде айтсам, адам көршісімен не алам, не пайда табам деп араласпайды. Араласу, қауымдасу – өмір сүрудің заңдылығы. Әлемде көптеген елдерде конституциялық әділет жүйесі бар, олар халықаралық құқық аясында жұмыс істейді. Біз де жалпы жұрт таныған халықаралық құқықты құрметтейміз, талабын орындаймыз. Бұл – ежелден қалыптасқан әлемдік тәртіп. Азиялық конституциялық соттар қауымдастығы 2010 жылы Джакартада құрылған. Ол 18 мемлекеттен тұратын тәуелсіз, автономды ұйым. Мақсаты – конституциялық мәселелер бойынша ынтымақтастық орнату. Оның аясында кездесулер, симпозиумдар, семинарлар өткізу, тәжірибе алмасу көзделген. Біз Азия континентіне жататындықтан, ортақ ұқсастығымыз көп. Осы жылдарда Қауымдастық үш конгресс өткізді. Енді біз төраға ретінде төртінші конгресті дайындап жатырмыз. Азиялықпен қатар біз Конституциялық бақылау органдарының еуразиялық қауымдастығына да басшылық етудеміз. Оған 9 ел мүше. Мұндай шаралар еліміздің құқық саласындағы жетістіктерін әлемге танытып, халықаралық беделін көтереді, сырт бізді өркениетке қадам басқан жетілген ел деп мойындауды білдіреді. – Биыл қаңтарда Кеңес «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңның кей тұстарын Конституцияға сай емес деп таныды. Көпбалалы отбасының бір перзенті ержетіп, өз алдына отау тігіп, үй алса, оның әке-шешесі басқа балаларымен бірге жалдамалы пәтерден қуылатын еді. Мұндай кемсітуші заң қалай өтіп кеткен? – Жыл басында Конституциялық Кеңес Алматы қаласы Алатау аудандық сотының «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңының 107-бабы 8) тармақшасын конституциялық емес деп тану туралы ұсынысын қарады. Конституциялық Кеңестің бұл отырысы Қазақстанның конституциялық даму үрдісінде елеулі оқиға. Оның жұмысына Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Конституциялық Кеңестің ғұмыр бойы мүшесі ретінде бірінші рет қатысты. Өтініште көтерілген мәселе өте маңызды еді, өйткені ол азаматтардың тұрғын үйге деген конституциялық құқықтарын қамтамасыз етумен тығыз байланысты. Кеңес аталған баптың дау тудырған нормасын Ата заңға қайшы деп тапты. Заңның қолданыстағы редакциясы көпбалалы отбасын мемлекеттік тұрғын үй қорынан жалға алынған пәтерден шығару туралы шешімді барлық отбасы мүшелерінің мүдделерін ескере отырып қабылдауға мүмкіндік бермей, керісінше олардың тек біреуінің ғана басқа тұрғын үйді алу фактісі бойынша бәрін үйден шығаруға итермеледі.Сұхбаттасқан Әлихан ИСМАН