Қамбада астық болғанмен...
Қамбада астық болғанмен...
184
оқылды
24 сәуірде Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаев Қауіпсіздік Кеңесінің отырысын өткізіп, мемлекет азық бағасын бақылауда ұстау қажетін ескертті. «20 сәуір күні тарихта алғаш рет мұнай бағасы кері кетті. Әлем­дік нарықта теңгерім жоғалды. Пандемия мен өндірістік құл­ды­раудан кейін жаһандық қаржылық дағдарыс болады деп бол­жанған. Келесі кезең әлемдік азық-түлік дағдарысы болуы мүмкін. Бұл бірқатар шиеленіс пен қарбалас туғызады»,  – деді Н.Назарбаев. Сөйтіп, азық-түлік дағдарысының қауіпті құ­бы­лыс екенін тұспалдады. Ал біз Елбасының пікірінен кейін «Қ­азақстанда мұндай дағдарыс болуы мүмкін бе?» деген сауал­дың да кесе-көлденеңдегенін жасырмаймыз. «Қарақұмық таусылса, тары ботқасы бар. Одан бөлек, бізде картоп барын ұмытпаңыздар. Демек, біз аштан өлмейміз». Бұл –  Беларусь президенті Александр Лукашенконың қарақұмық ба­ғасының шарықтап кетуіне байланысты халыққа басу айтқан сөзі. Рас, Батька айтса айтқандай, оларда картоп көп. Әлемде бе­кітілген норма бойынша бір адам жылына 130 келі картоп жеуі тиіс болса, Беларусь елінде көрсеткіш 183 келіден айналады. Ел прези­денті жыл сайын өзі бас болып, картоп егіп, 6 млн тоннадай өнім алып отыр. Дегенмен құр кар­топ­тың өзі адамға ас бола қой­масы анық. Бұл мысалдың біздің елдегі көрінісі қандай? Қазақ­станда азық-түлік тапшылығы болуы мүмкін бе? Әрине, егер коронавирустың аяғы азық тапшылығына әкелсе, жағдай шынымен де қиынға со­ғары анық. Әсіресе, ауыл шаруа­шылығы өнімін импорт­таушы елдерде бұл мәселе күр­делірек. Өйткені коронавирус дүрбелеңі дүниежүзін әбігерге салып, қазір­д­ің өзінде азықтың кейбір түріне тапшылық туын­датты. Мысалды алыстан ізде­мей-ақ, түбі бір туыс­қан көрші елдерде ахуал өзгер­генін көріп отырмыз. 27 наурызда Түркімен­станда нанның кезегінде тұрған ер адамның қайтыс болға­ны хабарланды. Әдетте, Ашхабад ақпаратты ашық таратуға сараң, де­генмен БАҚ-тарда жария­лан­ған деректерге сүйенсек, мемле­кет бақылауындағы дүкен­дерде тұр­ғындар азық-түлік кезе­гіне са­ғаттап тұруға мәжбүр. Ал Тәжікстанда күнделікті жейтін өнімнің кейбірі лимитпен сатылуда. Әсіресе, картоптың бағасы қымбаттап, бір адамға 5 келіден артық алуға шек қо­йылды. Тәжікстан жыл сайын қажетті көлемді Қытайдан және Өзбекстан мен Ресейден алатын, қазіргі шекарадағы импорттық тыйымдар жағдайды қиындатып отырса керек. Елде сондай-ақ астыққа қатысты да мәселе бар. 27 сәуір күні үкімет астық және бұршақ экспортын тоқтатты. Тәжікстанның қай елдерге астық экспорттайтыны жайлы мәлімет жоққа тән, шамасы аз көлемде болса керек. Өйткені бидай мен ұнды сырттан сатып алады. 2019 жылы Тәжікстан 1 млн тонна астық пен 56 мың тонна ұн импорттаса, биылғы пандемия дүрбелеңі кезінде қор жинауды күшейткенін байқауға болады. Мәселен, қаңтар-ақпан айла­рында республика 14,6 мың тон­на ұн (3,5 млн доллар) сатып алған. Айта кету керек, бидай мен ұнның қажетті көлемін Қазақстаннан сатып алады.  

БИДАЙ МЕН КАРТОПТЫҢ КӨЛЕМІ ҚАНША?

«Басқа түссе, баспақшыл» дегендей, өнімнің кейбір түрлері азайса, ауызды тыйып, азғантай уақыт нан ғана жеп отыруға шыдармыз. Шүкір деуге болар, бізде бидай жеткілікті. Ауыл ­ша­руашылығы министрі Са­пархан Омаровтың 21 сәуір күні «Ай­қынға» берген сұхбатына сүйеніп айтар болсақ, қоймадағы таза бидайдың көлемі – 3,8 млн тонна. Оның 1,8 млн тоннасы биылғы егіске жұмсалатын тұ­қымдық өнім. Күздегі қырман науқанына дейін тұтынуға 600 мың тонна қажет десек, қоймада астық артығымен тұр. Ал картоптың жайы қандай? Батька құсап, «қарақұмық бітсе, картобымыз бар, біз аштан өлмейміз» деп айта аламыз ба? Дәл қазіргі күні республи­камыздағы сақтау қоймаларында 35-40 мың тонна көлемінде кар­топ бар. Қазақстанның «Картоп және көкөніс өсірушілер одағы­ның» төрағасы Қайрат Бисе­таевтың айтуынша, бұл – тұқым­ға себілетін картоптан бөлек, ха­лықтың күнделікті ішіп-жеуіне арналған картоп. Ішіп-жем де­мекші, еліміздің тұрғындары бір айда 40-50 мың тонна картоп жейді екен. Демек, қордағы картопты әрі кетсе ай жейміз деген сөз. «Мамыр айының со­ңында Түркістан облысынан ерте пісетін өнім келеді, оған қоса Үкімет Өзбекстанмен келі­сім жасасып қойды. Егер тап­шылық туындаса, Ташкент жеткізіп беруге келісіп отыр», – деді Қайрат Бисетаев. Қазақстанның картоп өн­дірісі жөнінен ішкі нарықты қамтитын мүмкіндігі жоғары. Тек сақтау қоймаларының азды­ғынан ерте көктемде өнімге зә­рулік байқалады. «Жылда көк­тем­де Өзбекстаннан сатып ала­мыз да, күзде өзіміздің картоп піскенде өздеріне сатамыз. Соң­ғы жылдары жылына 200 мың тонна картоп экспорттайтын болдық. Өнімнің негізгі бөлігін Өзбекстан мен Ресей сатып алады» деп атап өтті Қ.Бисетаев.    width= Әйтсе де, өнім жеткілікті болғанымен, бағасы жоғары. Дәл қазір елорданың дүкендерінде картоптың келісі 200-220 тең­генің шамасында. «Картоп және көкөніс өсірушілер одағының» төрағасы Қайрат Бисетаевтың айтуынша, қоймадан босаты­латын картоп ең төмен бағасы 45 теңге, одан арзандатса өзіндік құнға кеткен шығынды жап­пайды. Оған қосымша өндіру­шілердің кредит бойынша алған қайтару міндеттемесі бар. Демек, өнім құны қоймадан шыға са­лысымен шарықтайды. Жеткізу, тасымалдау, алып-сату барлығы келіп, бағаны бірнеше есеге өсіреді де салмақ тұтынушының қалтасына түседі.  

ҚЫМБАТШЫЛЫҚ – ҚАУІПТІҢ БАСЫ

Шынын айту керек, өнім көлемі жеткілікті болғанымен, бағасы қымбат болса – ол да үлкен қауіп. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев 31 наурызда Үкімет пен әкімдерге отандық өнімді кепілді сатып алу тетігін әзірлеп, баға­ның қол жететіндей болуын қамтамасыз етуді тапсырған. Осылайша, азық-түлік маңызы жоғары тоғыз түрлі тауарға шекті баға бекітілді. Олар – бірінші сұрыпты ұн, нан, макарон (өл­шеп сатылатын түрі), қарақұмық жар­масы, күріш, сиыр еті, жұ­мыртқа (І санат), өсімдік майы және ас тұзы («Экстрадан» басқасы). Ауыл шаруашылығы вице-министрі Айдархан Сапаров 24 сәуірде өткен брифингте фор­вард­тық сатып алу тетігі бо­йынша 365 мың тонна жұмсақ бидай, арпа, қарақұмық, майлы дақылдар қаржыландыры­ла­­тынын айтты. «Бұл әлеуметтік ма­ңызы бар азық-түлік тізі­міндегі өнімдерді өндіруге ар­налған шикізат. Оларды сатып алуға 24,5 млрд теңге қажет», – деді ол. Вице-министрдің айтуынша, мемлекет форвардтық әдіс бойынша фермерлерге алдын ала төлем аударуды жоспарлап отыр. Қалған сома күзде нарық­тық баға негізінде есептеліп беріледі. Ол бойынша өнімді «Азық-түлік келісімшарт корпо­рациясы» қабылдап, жергілікті әкімдік бекітеді. Бұл күздегі жаңа өнім көлемін көбейтіп, азық-түлік тапшылы­­ғының алдын алуға жасалған қадам. Алайда қазіргі сәттегі қымбатшылықты ауыздықтау – негізгі мәселенің бірі. Жоғарыда Үкімет тоғыз түрлі тауарға шекті баға қойғанын айттық, яғни ол әр өңірдің ерекшелігін ескере келе бекітілген. Егер кәсіпкер шекті бағадан асырса айыппұл салы­нады. Мәселен, бірінші жолы – 277 800 теңге және 1 жыл ішінде ережені сақтамай тағы бұзса 555 600 теңгеге дейін барады.  

ШЕКТІ БАҒАҒА ДА ТАЛДАУ КЕРЕК

Дегенмен нарық заңына орай, мұндай әкімшілік тұрғыда жұмыс істейтін тетіктің зиянды жағы да байқалып отыр. Бизнес-омбудс­мен Рустам Жүрсінов өзінің Facebook парақшасында өңір­лер­дегі атқарушы органдар шекті бағаны енгізгенде жан-жақты талдау жүргізбегендіктен кәсіп­керлер зиян көріп жатқанын жазды. Кәсіпкерлердің құқығын қорғаушы уәкілдің жазбасынан қысқаша үзінді келтіре кетейік: «Сауда желілері мен үй жанын­дағы дүкендер тізімге енген өнім­дерді енгізілген шекті бөл­шек бағадан әлдеқайда жоғары бағамен сатып алатыны анық­талды. Мысалы, Ақтөбе облы­сында бірінші сортты бидай ұнының шекті бағасы 1 келі үшін 146 теңге деп белгіленген, алайда факті бойынша құны 180 теңгені құрайды. БҚО-да І санаттағы он жұмыртқаның шекті бағасы 275 теңге мөлшерінде белгіленген, бірақ нақты бағасы 400 теңге. Өзге өңірлердегі жағдай да осы­ған ұқсас. Шекті бағалар мәселе­сінде нүкте әлі қойылған жоқ. Сауда және интеграция минис­трлігі шекті бағаны қайта қарауға келісті. Бұл мәселені жақын арада шешеміз» деп жазды Рус­там Жүрсінов. Айта кету керек, төтенше жағдай кезінде де, одан шық­қаннан кейін де азық-түлік қа­уіпсіздігінің деңгейі оның көле­мімен ғана емес, бағасымен де өлшенеді. Қазіргі жағдайда қоймадағы азық тұтынушының қолына жеткенше құны еселеп өскенін көріп отырмыз. Әрине, бұл жерде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің де мүддесін ескерген жөн. Дегенмен ортадағы делдалдық кәсіпті азай­тып, қолдан жасалып отыр­ған көлеңкелі бизнеске тосқауыл қоймаса, бюджет ақшасы желге ұша берері анық.  

Бауыржан БАЗАР