Жұмыла көтерген жүк жеңіл
Жұмыла көтерген жүк жеңіл
215
оқылды
Пандемия барша мемле­кеттің басына түскен үлкен сын сағатына айналды. Бабаларымыздан қалған үш сынақ қағидасы бар – бақ сы­нағы, қиыншылық сынағы, қаза сынағы деген. Ұлтымыз өз тарихында бұл сияқты сынақтардан қаншама рет ауызбіршілігінің арқасында өткен, адамгершілігінің арқа­сында халық болып жабыла кө­тер­ген. Біздің, бүгінгі ұрпақтың алдында жұмыла көтеріп, тиімді шешімдер арқылы барлық мәсе­лелерді еңсеру міндеті тұр. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біз ТМД елдерінің ара­­сын­да пандемияға қажетті шара­ларды алғашқылардың бірі болып қабылдадық. Карантин режимін сақтау азаматтарға оңай емес екенін түсінемін. Бірақ басқа амал жоқ. Дегенмен біз экономикалық даму, шағын және орта бизнесті қолдау туралы ойлануымыз керек. Күнделікті еңбек етіп, тіршілігін жасап жатқан халық өз мүмкіндіктерінен айырылып қалмауы керек», – дейді. Біздің елімізде корона­вирус­тың алғашқы көріністері пайда болғанда жарияланған төтенше жағдай инфекцияның беталысын басқаруға мүмкіндік берді. Бүгінгі таңда аурудың өсу қарқыны 8 пайызға түсті. Дүниежүзі денсау­лық сақтау ұйымының пікіріне сәйкес, бұл көрсеткіш шектеу шараларын жеңілдету жолдарын қарастыруды бастауға болады дегенді білдіреді. Мемлекет басшысы шектеу шараларының салдарын жеңіл­детіп, халықтың тарық­пауын қам­тамасыз ету үшін кең ауқым­ды шешім қабылдап отыр. Қасым-Жомарт Тоқаев ел экономикасын қолдау мақса­тында карантин шараларын же­ңіл­дету бойынша мәлімдеме жа­сады. 28 сәуірден бастап өндіріс­тік кәсіпорындардың, құры­лыс және жол-құрылыс ком­­­па­­ния­ла­рының, көлік ком­па­ния­ларының, бірқатар қыз­мет көр­сету салаларының, екінші дең­гейлі банктердің жұмысы қайта басталады. Сонымен қа­тар өңірлер дайындықтарына қа­рай басқа да қызмет көрсетуші компа­ниялардың жұмыс істеуіне жол ашады. Бұл шаралар респуб­лика бойынша 530 мыңға жуық азаматтың жұмыс істеп, табыс табуына мүмкіндік береді. Аталған шаралар халықты табыс көзінен айырмау, әлеуметтік жағдайдың төмендеуінің және жұмыссыздықтың алдын алуға бағытталған. Карантин талаптарын жеңіл­дету шаралары алғашқы болып Нұр-Сұлтан және Алматы қала­ла­рында 20 сәуірден бастап енгі­зілді. Осының арқасында 120 мың­нан астам адам өз жұмысына қайта оралды. Дегенмен коронавирус қау­пі әлі сейілген жоқ. Сон­дық­тан қызметіне оралған бар­лық аталған мекемелерде сани­­тар­лық-эпидемиологиялық шара­­лардың толық сақталуы мін­деттеледі. Әр қызметкердің дене қызуын өлшеу, бетперде мен қолына қолғап кию тәртібін сақ­­тау жауапкершілігі ұйым бас­шы­лы­ғына да, әр жұмысшыға да артылады. Өңірлерде құрылған жедел штабтар қызметке қайта оралған объектілерді қатаң бақылауға алады. Сақтану шараларын орындау алдымен жұмыс берушілерге, сонымен қатар азаматтардың өздеріне де қатысты. Инфекция­ның таралуын шектеу үшін тө­тен­ше жағдай кезінде тәртіпке бағынып, өзінің де, өзгенің де басын қатерге тікпей, үйінде отырған азаматтардың қосқан үлесі зор. Міне, соның арқасында бүгін азаматтардың үй айнала­сына шы­ғып жүруге және саяжай­ларына баруына қатысты жеңіл­дік жарияланып отыр. Бұл – тәр­тіпті сақтаған қоғамның же­тіс­тігі. Саяжайды өңдеу, же­міс-жидек, көкөніс өсіру – «қа­ра­­па­йым істер экономи­ка­­­сы­ның» негізі, отбасылық биз­­­нес­­тің бас­тауы. Саяжай – бүгін­гі әлем­дік экономикалық дағ­да­рыс ке­зінде табыс көзіне ай­нал­ды­руға болатын шағын биз­нес. Сон­дықтан бұл санаттағы аза­мат­тарға мүмкіндік жасау және олардан үлгі алу қажет. Дегенмен осының барлығы сақтық шараларын қабылдау және қатаң сақтауға тікелей байланысты. Осы бағыттар бо­йын­ша тәртіп ережелерін қа­был­дау міндеті өңір басшы­ла­рына жүктеледі. 1 мамырдан бастап екі бас қала – Нұр-Сұлтан мен Ал­ма­тының арасындағы әуебай­ла­ны­сы іске қосылатыны жария­лан­ды. Бұл – маңызды шара. Бірақ ескеретін жайт, ұшаққа отыру үшін қолыңызда COVID-19-ға тапсырған тестіңіздің ауру анық­талмағаны туралы қоры­тын­дысы (анықтама мер­зімі – 14 күн) болуы міндетті. Сонымен қатар жоғарыда айтылған сақтақ шараларын (дене қызуын өлшеу, бетперде, қолғап) орындау қажет. Бұл – карантиннен шығудың алғашқы қадамдары және міндет­ті шарттары. Ендігі кезекте экономикалық белсенділікті кезең-кезеңімен ретке келтіру, азаматтар үшін қа­лыпты тіршілік жағдайын жасау міндеті тұр. Басқа ұйымдар мен меке­ме­лердің жұмысқа кірісуі Төтенше жағдай бойынша мемлекеттік комиссияның шешімімен жүзеге асатын болады. Осының барлығы Қазақстан­ның әр азаматының денсаулығын сақтауға бағытталған қауіпсіздік шаралары. Себебі мемлекеттің негізі – халық, қоғам және оның денсаулығы. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзі­нің «Бірлесе біл­ген ел бә­рін жеңеді» атты мақал­а­сын­да: «Еліміздің ең үлкен бай­лығы – адам мен оның өмірі бо­л­­­ған­­дықтан, әрбір адам өзі­нің, отба­сының, ата-ана­сы мен бала-шаға­сының өмі­ріне, денсау­лы­ғына зор жа­­на­­шыр­лық­пен, ерекше жа­уап­­кершілікпен қарауы керек. Өйткені ұлт денсаулығы – мем­ле­кет қауіпсіздігінің құрамдас бөлігі», – дейді. Естеріңізге сала кетейін, 2000 жылды, жаңа ғасырды қарсы алып жатқанда, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы «Нені армандайсыз?» деп сұраған тілшіге «Қазақстан хал­қының 15 миллионға жетуін армандаймын» деген еді. Бүгін ол арман орындалды, халық саны 19 миллионға жақын­дады. Біз бірлігі бекем халқымызбен, оның санымен, сапасымен, білі­мімен, мәдениетімен мықты­мыз. Мемлекеттің бүгіні де, болашағы да, жеңісі де, жетістігі де халқына байланысты. Қазіргі әлемдік өркениеттің басына түскен жағдайға бай­ла­нысты Біріккен Ұлттар Ұйы­мы­­ның ұсынымдарында: «...бұл дағдарыстың бұрынғы болған эко­номикалық қиын­шылық­тар­дан табиғаты өзгеше. Әр мем­лекет өзінің экономикалық дамуы мен қаржы тұрақтылығын қам­та­масыз етуді негізгі міндетіне айнал­дыруы тиіс» делінген. Премьер-Министр А.Мамин­нің басшылығымен Төтенше жағдай бойынша мемлекеттік комиссия халықтың әр санатына қатысты өзекті мәселелерді жеке қарап, шешім қабылдап отыр. Негізгі мақсат – халықты жұмыс­пен қамту. Көнеден қалған «Балық берме, қармақ бер» деген кеңес бар. ТМД елдерінің пандемия жағдайында қабылдап жатқан шараларының салыстырмалы сараптамасына қарағанда, жалпы шешімдеріміз негізінен ұқсас. Бірақ қазақстандық шаралар жиынтығында экономиканы стра­тегиялық міндеттер негізін­де әрі қарай дамыту және қол­дау қаралған. Біз осымен ерек­шеле­ніп отырмыз.    width= Осы бағытта қабылданған құ­жат­тың бірі – Жұмыспен қамту­дың 2020-2021 жылдарға арнал­ған жол картасы. Оның аясында 250 мыңнан астам азаматты жұмыспен қамта­ма­сыз ету көзделеді. Ол үшін 1 трлн теңге қарастырылды. Азия елдерінде «Дүлей дауыл соққанда, қорған құру­дың ор­нына, жел диірменін салған жөн» дейді екен. Бұл – мүм­кін­шілікті қолдана білу туралы айтылған ой. Біз де осы жолмен жүргенді дұрыс көріп отырмыз. Аталған бағдарлама арқылы 6 506 жоба іске асырылады. Тек әлеуметтік салаға қажетті жа­ңадан 144 нысан салу көзделіп отыр. 1 678 білім саласына қажет­ті мектептер, интернаттар, бала­бақ­ша­лар жөндеуден өтеді. Мұның бәрі болашағымызға қосылатын активтер, себебі бұл нысандар – ертең қаншама адамға тұрақты жұмыс орны болатын, халыққа қажетті қызмет ұсынатын, көпте­ген жылдар қоғамға қызмет ететін орындар. Жаңа бағдарлама аясында ден­саулық сақтау саласына қа­жетті 264 нысан (ФАП, СДА, ауру­хана) салынады, немесе осын­ша елді мекеннің халқы сапалы медициналық көмекпен қам­тылады деген сөз. 23 сәуір күні Мемлекет бас­шысы Қ.Тоқаев Нұр-Сұлтан қаласында 200 орындық жаңа инфек­циялық аурухананы ашты. Айта кетерлік ой, бұл – тәуел­сіздік тарихында алғашқы рет барлық жаңа технологиялық мүмкіндіктерді қолдана отырып, 2 апта ішінде салынған объект. Қолдану мерзімі – 50 жыл. 25 сәуірде дәл осындай ауру­хана Алматы қаласында ашыл­ды. Ендігісі Шымкент қаласында іске қосылады. Бұл – ұлт денсаулығына қатысты қауіпті азайту, халқы­мыздың жаны да, тәні де сау болуына жағдай жасау мүмкіндігі. Мәдениет саласы бойынша 301 ауыл клубы мен мәдениет үйін, 228 спорт кешенін салу және жөндеу жоспарланып отыр. Бұл – халықтың рухани өсуіне, денсаулығын шынықтыруына жасалған мүмкіндік. Сонымен қатар әлеуметтік қамтамасыз ету бағытында 137 интернат, өрт сөндіру деполары мен халыққа қызмет көрсету орталықтарын, 39 тұрғын үй мен жатақхана салу көзделген. Бұл – азаматтарымыздың бас­паналы болуы, жұмыспен қамтылуы, қауіпсіз өмір сүруі және қажетті құжатын қиналмай алуына жасалған алғышарт, жақ­сы мүмкіндік. Тұрғын үй-коммуналдық шаруа­­шылығы саласында 390 сумен қамтамасыз ету, 218 газ және жылумен қамтамасыз ету, 171 электр жүйесі нысандары салы­­нады. Қалалар мен ірі облыс орта­лықтарының жылумен жаб­дық­тау кәсіпорындарының техни­ка­лық жағдайын жақсарту, жылу­мен жабдықтау қызметінің сенімділігі мен сапасын арттыру, жылу желілеріндегі шығындарды азайту, сонымен қатар коммунал­дық қызметті ұсынатын кәсіп­орындардың тиімділігін арттыру арқылы жайлы өмір сүру мүм­кіндігі. Елді мекендерде 489 көше, 267-ден астам саябақ, 130 бала­лар алаңын абаттандыру мен көгал­дандыру қолға алынады. Бұл – өмір сүретін жерімізді, әлеуметтік айналамызды жақ­сарту, өңірлерімізді дамыту, елді мекендерді жаңарту мүмкіндігі. Осы жылдың соңына дейін республика бойынша 4 000 шақы­рым асфальт жол төселеді, 1,5 мың шақырым жолда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. 35 көпір мен бөгет жөндеуден өтеді. Жол – мемлекеттің күрета­мыры, одан қаншама артериялар тарайды. Оның барлығы – халық­тың іскерлік қабілетін дамы­тып, шағын бизнестің дамуына бастау болатын мүмкіндік. Мысалы, тек Қарағанды об­лы­­сында облыстық және аудан­дық деңгейдегі 533 шар­шы метр авто­жолды жөндеу қарас­ты­рылған. Нәтижесінде, жолдың сапасы 84 пайызға жақсарады, 1 500 адам жұмыспен қамтылады. Қостанай облысы Жол кар­тасын іске асыруға алғаш­қы­­л­ар­дың бірі болып кірісті. Бүгінгі таңда жоспарланған 275 жобаның 129-ы бойынша кон­курс жарияланған, 58-і бойын­ша конкурс қорытындысы шығары­лып, 6 жоба бойынша жұмыс бас­талды. Жоспар бойын­ша 13 435 жұмыс орны ашылады, соның 211-і іске қосылған. Жол картасы шеңберінде Шығыс Қазақстан облысында ұлы ақынның 175 жылдығына арналған «Абай Құнанбаевтың үй-жайы кешені» жобасын, Түркістан қаласы бойынша Ясауи музейінің құрылысын іске асыру қолға алынып отыр. Бұл – ұрпаққа рухани азық болатын, туризм арқылы елімізді әлемге танытатын ұзақмерзімді, халыққа белсенді қызмет атқа­ратын жобаларды іске асыру мүмкіндігі.  

Естеріңізге сала кетейін, 2000 жылды, жаңа ғасырды қарсы алып жатқанда, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы «Нені армандайсыз?» деп сұраған тілшіге «Қазақстан хал­қының 15 миллионға жетуін армандаймын» деген еді.

  Сондықтан бұл Жол картасын «Мүмкіншілік жолы» деп айтуға болады. Жалпы, мемлекет тарапынан қабылданып жатқан шаралар нәтижесінде 1,1 млн-ға жуық азаматты жұмыспен қамтамасыз етеміз. Аталған жобаларды іске асыру үшін 90 пайыздай отан­дық өндірушілердің әлеуетін пайдалану міндеттеліп отыр. Егер қажетті өндіріс бүгінде жоқ болса, оларды құру керек, мұның өзі ішкі бизнесті дамыту мүмкіндігі. Негізі, пандемия әлемдік өр­ке­ниеттің дамуын өзгертті. Әлем пандемияға дейінгі және кейінгі болып екі кезеңге бөлінді. Коронавирус карантині бар­ша мемлекеттерге сын саға­ты­на айналды. Біз де сол сын сағатта 30 жылда атқарған жұмысы­мызды саралап, ел болып емти­хан тапсырып жатырмыз. Жетіс­тік­терімізді бағалап, кемші­лік­те­рімізді саралап, тұжырым жасау­дамыз. Біріншіден, бейбіт өмірдің батырлары – ақ халатты абзал жандар, дәрігерлерге; біздің бала­ларымызға білім бұлағын ашып, әр үйдің еркесімен тіл табы­сып, оларға отаншылдық тәрбие беріп жүрген ұстаздарға; алғы шепте жүріп, алғашқы соқ­қыны өздеріне алатын әскери қызметтегі шекара, полиция, ке­ден қызметкерлеріне; халықты болып жатқан жаңалықтармен уақытылы таныстырып, қабыл­дан­ған шараларды жеткізіп жүрген журналистер қоғамына деген ризашылық ниет, адами алғыс, сыйластық артты. Барша­сына рақмет. Екіншіден, білім мен ғылым­ның сапасын арттыру; цифрлы қызмет көрсету бағытын жетіл­діру, халықты оны қолдануға үйрету; қашықтан қызмет көрсету саласын кеңейту; отандық ішкі бизнес жүйесін қалыптастыру сияқты бағыттарда атқаратын жүйелі жұмысты жоспарлау және іске асыру міндеті айқындалды. Бұл жағдай болашағымыз үшін қажетті бағыттарды нақты­лады. Үшіншіден, өмірімізге қажет­ті қағидаттарды анықтады – ұқыптылық пен үнемшілдікке үй­рену, қолда бардың қадірін білу, тәртіпті тәрбиенің негізіне айналдыру қажетін түсіндірді. Төртіншіден, Қазақстанның әр азаматы елі, халқы, мемлекеті үшін және өзі, отбасы үшін жа­уап­ты екенін тереңінен ұқты. Елбасының үндеуімен Birge­miz қоры құрылып, елде­гі ауқатты азаматтардың қолдауы­мен 23 млрд теңгеден астам қаржы ауда­рылды. Қор арқылы 362 мың отбасына 50 мың теңгеден көмек көрсетілді; әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларына 5 млн бет­перде таратылды; алғы шепте жүрген 2 112 дәрігерге қаржылай көмек берілді. Осы бағыттағы жұмысты іске асыруда, карантинге қарамастан мыңдаған жастар еріктілер қата­рында белсенді қызмет атқа­рып жүр. Мәдениет пен өнер саласының қызметкерлері әлеуметтік жүйе арқылы мұражайларға экскурсия, жеке шығармашылық концертін ұйымдастырып, халықтың көңі­лі­нен шығып отыр. «Бірлесе көтерген жүк жеңіл» деген сөз осы болар. Бүгін қоғам болып атқарып жатқан осы шара­ларымыз болашағымызға негіз болатыны анық. Қазақтың салт-дәстүрі және оның ғылыми негіздері жинақ­талған «Ағаш бесіктен жер бе­сік­ке дейін» (А.Нүсіпоқасұлы, Ә.Жапарұлы) деген кітапта Аманат деген киелі ұғым терең түсін­дірілген. Осы ұғым адамға артылатын жауапкершіліктің негізі екен. Атадан қалған 7 аманат: көз аманаты; құлақ аманаты; тіл аманаты; қол аманаты; аяқ ама­­наты; жүрек аманаты; бас ама­­наты. Осы аманаттардың барлығы бүгінгі таңда әрқайсымыздың алдымызда тұр. Көз аманаты – халық үшін жасалып жатқан жақсылықты көре білу, бағалау. «Бірін-бірі батыр» дейтін халықтың ұрпағы мұны жақсы түсінеді. Құлақ аманаты – халықты аман сақтау үшін айтылып жат­қан­ды тыңдап, үндеп жатқанды қолдау. «Еститін мемлекеттің» негізгі қағидасы осы – бірін-бірі тыңдай білу. Тіл аманаты – жақсы сөз сөй­леп, жабырқағанды жадырату, жақ­­сылықты тарату. «Жақсы сөз – жарым ырыс» екенін ата тари­хы­мыз дәлелдеген. Жалған ақпаратқа емес, ресми ақпаратқа сену. Қол аманаты – ізгілікке сүйеуші, қиналғанға демеуші болып қол ұшын беру. Бүгінгі таңда қаншама қоғамдық қорлар мен еріктілер жұмыс істеп жатыр. Соларға және ізгілікті істерін жария етпей істеп жүрген абзал азаматтарға алғыс айту. Аяқ аманаты – өз халқыңмен бірге аяқ басып, қажетті шектеуде қадамыңды қысқартып, ақ жол­дан таймау. Шетелге қыды­рып кетіп, қиын кезде қосымша мәсе­ле, керексіз шығын шы­ғар­тып отырған жандарға құлақ­қағыс. Жүрек аманаты – қанын да, жанын да таза ұстау. Уайымға беріл­мей, денсаулығыңа, ақыл-ойыңа жауапты болу. Бас аманаты – өз амандығыңа, отбасың мен қоршаған әлеуметтік ортаңа, ел амандығына деген жауапкершілік. «Аманатқа қиянат қылма» деген бабаларымыздың қағидасы бүгін біз үшін өте маңызды. Бүкіләлемдік экономиканың 2,8 пайызға құлдырауына әкеліп соққан дағдарыс біздің берікті­гі­мізді сынаққа салуда. Бүгінгідей қиын-қыстау кезең­де бізге ынтымақ пен ауыз­бір­шілік, кеңдік пен кемеңгерлік, сабырлылық пен іскерлік қажет. Елбасы мақаласында «Бұл – бүкіл әлем мемлекеттеріне түс­кен зор ауыртпашылық. Біз оны осындай сын сағатта сеп­ті­гін тигізетін халқымыздың тө­зім­ділігі, ерік-жігері және өзі­не деген зор сенімі арқасында мін­детті түрде жеңіп шығамыз. Ол үшін бізге қажетті нәрсе – қаржы-қаражат, материалдық ресурс, техника, азық-түлік – бәрі бар. Алаңдайтын, әбіржитін еш негіз жоқ», – деді. Иә, берекеміз ауызбірші­лікте, ырысымыз ынтымағы­мызда!   Біз қашанда біргеміз!