Коронавирус індетінің таралуына байланысты бүгінде бірқатар елдегі мешіттерде жұма және бес уақыт намаз оқу уақытша тоқтатылды. Біздің елде де қазір жұма намазы оқыл май жатыр.
Бұған толық шариғи негіз бар. Өйткені ислам діні кейбір ғибадаттарды қауіпті жағдайларда уақытша тоқтатуға рұқсат береді. Мысалы, адамның өміріне, денсаулығына, мал-мүлкіне, бала-шағасы мен отбасы мүшелеріне әлдебір залал тиетін болса, шариғатымыз оның мешітке келіп, бес уақыт намазды жамағатпен оқуын, тіпті жұма намазға қатысуын міндеттемейді. Рамазан айында мешітте көпшілікпен оқылатын тарауық намазы да осыған ұқсас.
Кейбіреулердің намаздарды онлайн-трансляция арқылы өткізуді сұрағандары да жасырын емес. Біз оның шариғатқа тура келмейтінін дәлелдеп айттық. Өйткені көпшілік болып өткізілетін намаздарды онлайн арқылы жүргізу шариғат үкімін өзгерту болып саналады. Сонымен қатар адамдар бір жерде құлшылық етсе ғана олар жамағат болып саналады. Ал жамағат болмаған және жамиғ-мешітте оқылмаған жұма намазы шариғат бойынша дұрыс болып есептелмейді.
Дегенмен мешіт жабылса да, діни уағыз тоқтамайды, қайырымдылық істері жалғасады. ҚМДБ-ға қарасты «Хикмет ТВ» студиясы арқылы 30 күн ораза бойы білікті имамдарымыз бен ұстаздарымыздың қатысуымен «Отыз күнге – отыз уағыз» атты онлайн жоба дәрістері жүргізіледі. Бұл жоба үйден шықпай, маңызды әрі ғибратты тақырыптар төңірегінде білікті дін қызметкерлері мен ғалымдардың насихатын тыңдауға мүмкіндік жасайды. Бұдан бөлек, бас мүфти әр жұма сайын «Хикмет» студиясының Youtube-тағы тікелей эфирінен жұма насихатын, белгілі ұстаздар әр күн сайын кемі екі реттен тікелей эфирге шығып, түрлі тақырыптарда сабақ өткізеді.
24 сәуірден бастап Qazaqstan ұлттық арнасынан «Ораза қабыл болсын!» арнайы хабары эфирге шыға бастады. Қазақтан Мұсылмандары діни басқармасының ресми өкілдері мен дін саласының өзге де мамандары бір ай бойы, күн сайын 21:00-де тікелей эфирге қатысып, ораза айын өткізу тәртібіне қатысты қазақстандықтардың сауалына жауап береді.
ҚМДБ-ның muftyat.kz сайтынан «Рамазан энциклопедиясы» қосымша парақшасы ашылған. Бұл – Рамазанға қатысты барлық мәліметті алу үшін жасалған жоба. Өйткені карантин кезіндегі оразаға қатысты халық тарапынан сұрақ қоюшылар көп. Бұл бастама осындай сауалдарға жауап беру үшін ашылған. ҚМДБ-ға қарасты call-center арқылы білікті мамандар тәулік бойы қазақ және орыс тіліндегі сұрақтарға жауап береді.
Карантин мерзімі кезінде жұмысы тоқтап қалғандар бар, шағын кәсібі уақытша жабылған азаматтар бар, көмекке мұқтаж жандар да жетерлік. Діни басқарма жұмысының бір бағыты – осы қайырымдылық. Республика деңгейінде басталған #Bizbirgemiz акциясына қатысып, талай мұқтаж жандарға азық-түлік жеткізілді.
Мұсылман қауым пітір садақаларын Kaspi.kz, Homebank және ForteBank мобильді қосымшалары арқылы еліміздің кез келген мешіт шотына аудара алады. Банк салымшыдан үстемеақы ұстамайды. Осы түрде садақа беру шариғатқа қайшы емес, қайта садақа беру жолын жеңілдетеді. Мешітке түскен қаражат мүфтият бекіткен арнайы Жарғы негізінде жұмсалады. Қаражат қайырымдылыққа жұмсалады. Рамазан айындағы пітір садақасы мешіт тізіміне тіркелген көмекке мұқтаж отбасыларға, жетімдерге, жалғызбасты аналарға арнайы тексеру комиссиясының шешімімен заттай немесе қаржылай беріледі.
Күнде қарилар мешітте марқұмдарға арнап Құран бағыштайды, берген садақаның қабыл болуын тілейді, елдің амандығын, халқымыздың береке-бірлігін сұрап, Жаратқан иемізге дұға етеді.
Еліміздегі төтенше жағдайға байланысты Рамазан айында ауызашар беру мен өткізудің арнайы тәртібі белгіленді. Яғни, қоғамдық орындарда, дәмханаларда, мешіттерде т.б. мекемелерде ауызашар беру уақытша тоқтатылады. Мұндағы басты мақсат – індеттің таралуының алдын алу, өзінің және өзгенің денсаулығына залал тигізбеу. Сондықтан карантин мерзімінде әркім өз шаңырағында отбасы мүшелерімен ауызашар өткізуге кеңес беріледі.
Ауызашар берудің түрін тек дастарқан жаюмен ғана шектеуге болмайды. Қазіргі жағдайда ауызы берік әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға азық-түлік тарату немесе қаржылай беру арқылы да ауыз аштыруға болады.
Дегенмен ауызашарды әркім жағдайына қарай жасайды. Хадисте: «Бір құрмамен ауызашар берген адамға да, тек сумен ғана ауыз аштырған адамға да, аздаған сүт берген адамға да бұл сауап жазылады», – делінген.
Хасан АМАНҚҰЛ,
ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі
меңгерушісінің орынбасары