Еліміздегі төтенше жағдайға байланысты партияның облыстық және аумақтық филиалдары тұрғындардың арыз-шағымдарын онлайн қабылдады. Nur Otan партиясы Ақтөбе облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ербол Данағұлов тікелей эфирге шығып, тұрғындармен ашық-жарқын пікірлесті. Әңгіме барысында ол Birgemiz қоғамдық қорынан кім, қандай қолдау ала алатыны туралы да нақты түсіндірді. Қордан бүгінге дейін Ақтөбе қаласындағы 7 894 адамға 7 санат бойынша көмек көрсетілгені белгілі болды. – Елбасы – Nur Otan партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен 27 сәуірден бастап екінші кезең жүзеге асырылады. Ақтөбеден 10 557 мұқтаж отбасы қамтылды. Тізімге енгендерге мамыр айынан бастап 50 мың теңге аударылады. Олар – ІІ және ІІІ топтағы мүгедектер мен аз қамтылған отбасылар, – деді Ербол Данағұлов. Эфирде бұдан басқа да партия мен мемлекет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік қолдау мәселелері талқыланды. Мәселен, кейбір тұрғындар BizBirgemiz акциясы жұмысына қызығушылық танытып, азық-түлік бойынша жағдайы төмен отбасыларға көмектескісі келетінін жеткізді. Қазіргі кезде акцияға ақтөбеліктер белсене атсалысып жатқанын, бүгінге дейін 3 728 отбасына азық-түлік таратылғанын айтқан Nur Otan партиясы Ақтөбе облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары партия да осы игі іске 150 миллион теңге бөліп, партияның орталық аппараты мен филиалдарының қызметкерлері де бір күндік жалақысын аударғанын қоса жеткізді. Эфирде көпбалалы, мүгедек бала тәрбиелеп отырған аналар көп сұрақ қойды. Сонымен бірге Алға, Әйтеке би, Байғанин, Мұғалжар, Ойыл, Шалқар аудандарының тұрғындары да белсенділік танытты. Олар тек қаржылай көмек сұраған жоқ. Мысалы, Әйтеке би ауданының тұрғыны, көпбалалы ана Венера Қожахметова бау-бақшаны қопсытуға жасотандықтардың қолғабыс етсе деген өтінішін білдірді. Бір сағатқа созылған тікелей эфир кезінде 200-ден астам сұрақтың көбіне нақты жауап берілді. Іс-шараға атсалысу мақсатында Nur Otan партиясының Батыс Қазақстан облыстық филиалы да өңір тұрғындарының сұрақтарына жауап беру үшін тікелей эфир ұйымдастырды. Партия филиалының Facebook және Instagram әлеуметтік желілеріндегі ресми парақшаларында еліміздегі төтенше жағдайға байланысты азаматтарға мемлекет және облыстық әкімдік тарапынан көрсетіліп жатқан көмектер мен партияның BizBirgemiz акциясы туралы толыққанды ақпарат берілді. Тікелей эфирді 500-ден астам адам көріп, тұрғындар тарапынан 340-тан астам сұрақ қойылды. Сауалдардың дені 42 500 теңгені алу, әлеуметтік көмектерге қатысты болды. Сонымен қатар эфирде Birgemiz қоғамдық қорынан берілетін 50 мың теңге көлеміндегі бір жолғы материалдық көмекке байланысты сұрақтар да туындады. Одан өзге, блок-бекеттен өту мәселесін көтергендер де болды. – Жалпы, Nur Otan партиясының BizBirgemiz акциясы барысында Батыс Қазақстан облысы бойынша 3 325 отбасы азық-түлікпен қамтамасыз етілді. Бұл ретте өңірдің кәсіпкерлері мен мәслихат депутаттары, ерікті жастар, аудан әкімдіктері, партия өкілдері мен жасотандықтар айрықша белсенділік көрсетті. Ал Елбасының бастамасымен құрылған Birgemiz қоғамдық қоры арқылы бірінші кезеңде Орал қаласының 5 440 тұрғыны 50 мың теңге материалдық көмек алды, – деді партия филиалы басшысының бірінші орынбасары Мұрат Мұқаев. Өз кезегінде Nur Otan партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары эфирде қойылған әр сауалға нақты жауап беріп, кейбір маңызды сұрақтарды жеке бақылауына алатынын айтты. Сонымен қатар мұндай үлгідегі тікелей эфир Солтүстік Қазақстан өңірінде де ұйымдастырылды. Nur Otan партиясының Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әсем Рахметова әлеуметтік желідегі кездесуде өңір тұрғындарына ТЖ кезіндегі партиялықтардың жұмысы туралы айтып берді. Барлығы 1 000-нан астам адам қатысқан тікелей эфир барысында 200-ге жуық сұрақ пен тілек келіп түсті. Сұрақтардың көпшілігі 42 500 теңге мөлшеріндегі төлемдерге, Birgemiz қорынан материалдық көмекке, сондай-ақ азық-түлік себетін алуға қатысты болды. Әсем Рахметова мұқтаждарға көмек көрсету бойынша партия филиалы жұмысының негізгі бағыттарын да түсіндірді. Ол наурыз айының соңынан бастап Jas Otan жастар қанатының волонтерлік бригадаларының күшімен облыс бойынша атаулы көмекпен 1 900-ден аса мұқтаж адам қамтылғанын ерекше атап өтті. Ал Петропавл қаласы бойынша 875 адам қамтылған. – Біздің еріктілер күн сайын 5-тен 10-ға дейін мекенжайды аралап шығады. BizBirgemiz партиялық акциясын қала мен облыстың немқұрайды азаматтары, Петропавлдың теңізшілер клубының мүшелері, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті, жекелеген бастапқы партия ұйымдары, танымал мәдениет және өнер қайраткерлері, спортшылар, журналистер белсенді қолдады. Біздің облысымызда Birgemiz-Qyzyljar аймақтық қоры жұмыс істейді. Бірінші толқыны барысында 50 мың теңге көлеміндегі қаржылай көмекті 3 669 мұқтаж тұрғын алды. Төлемдерді ұйымдастыруды, үйлестіруді және бақылауды Nur Otan партиясының өңірлік филиалы жүзеге асырады, – деді Ә.Рахметова. Ол сондай-ақ Елбасының тапсырмасы бойынша қаржылық көмектің екінші толқыны басталғанын айтты. Бұл жолғы тізімге 7 844 адам енген. Бірінші кезекте көмек коронавирусты жұқтыру мен тарату қаупі жоғары және уақытша жұмыссыз қалған Петропавл қаласының мұқтаж тұрғындарына көрсетіледі. Эфирде карантин жарияланған сәттен бастап аймақтық қоғамдық қабылдау жұмысы онлайн форматқа ауыстырылғаны да айтылды. 1 сәуірден бастап өтініштердің өсімі байқалған. Өткен жылмен салыстырғанда азаматтардың өтініші 57%-ға өскен. Тікелей эфирге қатысқан тұрғындар төтенше жағдай кезінде ұйымдастырылған көмек көрсету шараларын түсіндіру жұмыстары мен өзекті мәселелерді сөз еткен Әсем Рахметоваға алғыс білдірді. Өңірлерде жалғасқан онлайн іс-шара Павлодар облысында да болды. Nur Otan партиясы Павлодар облыстық филиалының бірінші орынбасары Илья Теренченко тікелей эфир арқылы жергілікті тұрғындардың сауалына жауап берді. Тұрғындармен жүздесу Instagram және Facebook әлеуметтік желілері арқылы жүргізілді. Эфирді барлығы 1 000-ға жуық адам тамашалап, партия өкіліне 900-ден астам сұрақ қойылды. Қашықтан кездесу кезінде облыс тұрғындарын негізінен мемлекет тарапынан беріліп жатқан 42 500 теңге көлеміндегі жәрдемақы мен Nur Otan партиясы тарапынан Birgemiz акциясы аясында үлестіріліп жатқан 50 мың теңгелік әлеуметтік қаржылай көмек көбірек қызықтыратыны белгілі болды. Сондай-ақ эфирде «Birgemiz акциясынан тыс қалдық» деген бір топ Ақсу қаласының тұрғындары шағымын жеткізді. Олар өздерін осы акцияда ескеруді өтініп отыр. Ал облыс орталығының халқын жоғарыда аталған проблемалардан бөлек, мектептердің ашылуы, студенттерге берілетін жәрдемақы мәселесі, жетімдерге азық-түлік себетінің берілуі сынды мәселелер де алаңдатады екен. Эфир соңында Илья Теренченко аталған проблемалар мен өтінімдерді жергілікті атқарушы органмен бірлесе шешетінін, Birgemiz акциясы әлі де жалғасатынын және мұқтаж жандар түгел көмекпен қамтылатынын айтты.
Әбілмансұр ЖАСАН