– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа үндеуінде айтқандай, төтенше жағдайды 11 мамырға дейін созу қиын шешім болды. Қазір карантинде кәсіпорындар, тұрғындар, жалпы экономика саласы қиналуда. Тек бізде емес, әлемнің көптеген елінде карантин ашылған жоқ. Ал Қазақстан төтенше жағдайды не себепті 11 мамырға дейін созды? Себебі мамыр айы мерекемен басталады. 1,7,9 мамыр күндері бізде мемлекеттік мерекелер. Демек, төтенше жағдайды алып тастаса, қанша күннен бері үйде қамалып отырған халық мерекенің әсерімен бірден қатты араласып кетуі мүмкін. Бұл – өте қауіпті. Неге десеңіз, елімізде коронавирус індетін жұқтыру әлі басылған жоқ. Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласында және облыс орталықтарында әлі де көп тіркелуде. Медицина мамандары вирустың екінші толқыны келуі мүмкін деп те ескертіп жатыр. Әлі де қауіп үлкен. Сондықтан сақтық шарасы алғашқы орында тұруы тиіс. Дегенмен экономика құлдырап бара жатыр, кәсіпорындарды ұзақ тоқтатып қою мемлекеттің өзіне зиян. Сол себепті Президент төтенше жағдай режимінен біртіндеп шығуды ұсынды. Біраз жеңілдік жасалды. Ең алдымен ауыл шаруашылығымен айналысатын фермерлердің жағдайы жасалды. Біріншіден, ауылдық жерлерде, далада жұмыс істейтін шаруалардың індет жұқтыру қаупі аз. Екіншіден, агроөнеркәсіп біздің негізгі арқасүйер саламыз болып қалды. Өнім өндіру – азық-түлік қауіпсіздігінің кепілі. Сондықтан ол саланы тоқтатуға болмайды. Сондай-ақ құрылыс саласының жұмыс істеуіне рұқсат берілді. Банктерге және халыққа қызмет көрсететін мекемелердің жұмысқа кірісуіне мүмкіндік жасалды. Алайда үлкен қаланың әкімдері шешім қабылдауда барынша мұқият болғаны жөн. Тағы бір мәселе – бағаның өсіп кетуі. Үкімет түрлі шара қабылдап, негізгі өнім бағасына шектеу қойды. Дегенмен бағаны әкімшілік жолмен ұстап тұру да қиын. Қазір нарық заманы. Кәсіпкерлер де сұранысқа қарай пайда тапқысы келеді. Егер атқарушы билік тарапынан кәсіпкерге бағаны өсірме деп қатаң талап қоя берсе, олар өнімінің пайдасын көрмесе кәсібін тастап кетуі де мүмкін. Кәсіпкердің де мүддесі қорғалуы тиіс. Сондықтан шектеу барынша тиімді жолдармен жасалуы керек. Әрине, бағаның қымбаттауы барлық елде тіркеліп отыр. Дегенмен қазір бағаны шарықтатып жіберуге еш негіз жоқ деп айтуға болады. Пандемиямен күрес басқа, дағдарыспен күресу басқа. Әлем коронавирус келместен бұрын үлкен бір дағдарыстың болатынын күткен. Оның артынша коронавирус қабаттасып кетті. Ал елімізге келсек, негізгі мақсат – экономиканы көтеру, отандық өнімдерімізді қолдау. Қазір мемлекет үлкен қаражат бөліп жатыр. Экономиканы қолдау көрсеткіші жағынан дәл қазір Қазақстан дүниежүзінде алғашқы орынға шықты. Ол туралы әлемдік ақпарат құралдары да жазуда. Әйтсе де, бюджет ақшасын да есепсіз жұмсай бермей, бір екі жыл қиындыққа шыдаған жөн. Мұнай бағасы да көп ұзамай қалыпқа түседі. Бұл – әлемдік нарықтағы үлкен ойыншылардың арасындағы келіспеушіліктен туындаған мәселе. Дүниежүзінде 1 миллиард 900 миллион автокөлік бар. Осынша көлік күніне 42 млн тонна баррель мұнай өнімін пайдаланады екен. Демек, ертеңгі күні карантин ашылып, әлемдік экономика қозғалысқа түскенде мұнай өнімдеріне сұраныс қайтадан артады. Яғни, нарықта өтпей тұрған артық мұнайды аз уақытта тауысады деген сөз. Оған қоса, ірі мұнай импорттаушы мемлекет Қытайдың экономикасы да жандана бастады. Бұл біздің мұнай экспортымызға тиімді. Әрине, мұнайдан бұрынғыдай мол табыс түспеуі мүмкін, дегенмен экспорттық түсім болады. Экономикада дағдарыс артық майды жою деген ұғымды білдіреді. Бір сөзбен айтқанда, денеңіздегі майдан, артық салмақтан құтылу. Демек, әлемге жаңа экономика келе жатыр. Біздің еліміз де осындай жаңа тәсілдерге дайын болуы керек.