Биыл жетім және ата-ананың қарауынсыз қалған балалар арасында футболдан Қазақстан чемпионаты алтыншы рет өтеді. «Арманға жол» деп аталатын әлеуметтік жобаны Nur Otan партиясы, Білім және ғылым министрлігінің балалар құқығын қорғау комитеті, Қазақстан футбол федерациясының қолдауымен Baurzhan foundation жекеменшік қоры ұйымдастырады.
Жобаның мақсаты – жетім және ата-ананың қарауынсыз қалған балалардың физикалық әлеуетін арттырып, өздеріне деген сенімін нығайту. 2013 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан чемпионатта жеңіске жеткен балалар үйінің 36 тәрбиеленушісі әлемнің үздік футбол командаларына қонаққа барды. Мәселен, 2013 жылы Есіл қаласындағы балалар үйінің тәрбиеленушілері «Барселона», 2014 жылғы чемпионат жеңімпазы атанған Алматы облыстық №1 балалар үйінің жас футболшылары «Милан» футбол клубтарына арнайы барған. 2015 жылы қазақстандық балалар Мюнхендегі «Бавария» клубымен, 2016 жылы «Атлетико Мадрид» ойыншыларымен, 2017 жылы ағылшын премьер-лигасындағы «Челси» футбол командасымен кездессе, 2018 жылы жас футбол жанкүйерлері Францияда «Пари-Сен-Жермен» және «Сен-Этьен» клубтары арасында өткен матчты тамашалауға мүмкіндік алды.Биылғы чемпионаттың өңірлік ойындары 27 мамыр мен 27 маусым аралығында Қазақстанның барлық облыстары, Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында өтеді.
Кәусар АХМЕТ