Қарағанды облысында коронавирус инфекциясын жұқтырған 3 жасар қыз сауықты. Облыста COVID-19 инфекциясы бойынша 108 жағдай тіркелді. Оның ішінде бір науқас қайтыс болды және 30 адам сауығып шықты.
Қарағанды облысында карантиндік шаралар күшейтілді. Қарағанды, Теміртау, Саран, Шахтинск және Абай қалаларында жеке көлігімен жұмысқа баруға таңғы бестен онға дейін, одан кейін кешкі бес жарымнан сегіз жарымға дейін ғана жүруге рұқсат етілді. Басқа уақыттарда жекеменшік автокөлік қозғалысы тоқтады.
Төтенше жағдай кезінде қарағандылық коммуналдық мекемелердің шығындары республикалық және жергілікті бюджеттен өтелетін болды. Қарағанды облысында 118 мың адам коммуналдық төлем үшін жеңілдікке ие болмақ. Мемлекет халықтың әлеуметтік осал тобының коммуналдық қызметін екі ай бойы өтейді. Төлем сомасы – 15 мың теңге.
– Ауылдарда коммуналдық қызметтерге әдетте, электр энергиясы және су кіреді. Ай сайынғы төлем 5 мың теңге болса да, 15 мың теңгені дербес шотқа аударамыз. Кейін тұтынушыларға осы ақша арқылы төлемдерін өтеуге болады. Қалалықтарда сома көп болса да, 15 мыңды ғана шотқа аудара аламыз. Қалғанын қызмет алушының өзі төлейді, – деп түсіндірді облыстық Энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Ұлантай Үсенов.
Қарағанды облысында бұл жұмыс жүйеленіп, халық өтініш беруді бастап кетті. Өтініш берген кезде мемлекет төлейтін коммуналдық қызметтердің түрлерін өз бетінше таңдауға немесе «коммуналдық қызметтердің» барлық түріне 15 мыңды бөліп тастауға болады. Төлемді екі айға алу үшін өтінішті екі рет, мамыр мен маусымда беру қажет. Жалдамалы пәтерлерде тұратын адамдарға жалға алу шарты және қызмет ақысын төлеу түбіртектерінде көрсетілетін жеке шот қажет.
– Тұрғын үйді ресми емес жалдап тұратындарға да уайымдамаңыздар деп айтқым келеді. Бұл мәселе Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде шешілуде. Себебі барлық өңірде бұл мәселе көтерілуде. Біз оны ИИДМ-мен бірлесіп шешуге тырысамыз. Әзірге бұл адамдардың жеке шоттары ашылмайынша, біз ақшаны қайда аударатынымызды білмейміз, – деп атап өтті Ұлантай Үсенов.
Елде төтенше жағдай режимі жарияланғаннан кейін әскери міндеттілерді ерікті түрде арнаулы жиындарға шақыру басталды. Қарағандыда 95 адам қызметке кірісті. Олар қала аумағына санитарлық тазалық жүргізеді. Осы уақыт аралығында әскерге шақырылғандар 8 млн 474 мың шаршы метр жолдарды, ғимараттарды және т.б. өңдеді.
– Күн сайын 95 адамның 80-і дезинфекцияға шығады. Олар төрт топқа бөлінеді. Екеуі Октябрь ауданына, екеуі Қазыбек би атындағы ауданға барады. 15 адам өз бетінше залалсыздандыру сұйықтығын дайындайды. Барлық шақырылушылар аптасына бес күн сағат 09:00-ден 18:00-ге дейін жұмыс істейді, – дейді Қарағанды облысының Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің баспасөз хатшысы Алмагүл Дарманқұлова.
Октябрь ауданындағы 1,2 квартал, 18, 19 шағын аудандар, Восток-1 және Восток-2 квартал, Молоков, Орлов, Асфальтная және Вагонная көшелері дезинфекцияланды. Еріктілер жұмыс орындарына арнайы автобустармен жеткізіледі. Күніне үш рет олардың температурасын өлшейді. Әскерге шақырылушылар үшін таңғы, түскі және кешкі ас ұйымдастырылған. Әскер қатарына шақырылғанға дейін жұмыс істегендерге қызмет аяқталған соң, орташа айлық жалақы соңғы түскен кіріс негізінде есептеледі. Жұмыссыздар 42 500 теңге алады.
Бұған дейін карантинге байланысты тіс дәрігерлері Қарағанды қаласында тек бір ғана мекемеде қабылдаған болатын. Оған қосымша жергілікті емханалардағы стоматологиялық кабинеттер ашылды. Шұғыл көмекті тәулігіне 24 сағат алуға болады. Стоматологиялық емханада сонымен қатар екі балалар хирургиялық кабинеті қызмет көрсетеді.
Жергілікті билік карантинде отырған тұрғындардың тілек-шағымын қарастырып, тиісінше шаралар қабылдап жатыр. Дегенмен барлық жағдай билік межелеген қалыпта деуге әлі ерте.
Карантиндегі Қарағандыда төтенше жағдайдан қажып кеткендер де бар. Оқшаулау мен белгісіздік тығырыққа тіреген тұрғын өмірімен қоштасқысы келді. Жас қыз Бұқар жырау даңғылындағы үлкен көпірден секірмекші болады. Автопатрульдің экипажы, полиция аға лейтенанты Рауан Оразбеков, полиция лейтенанты Аман Әбілда және Елюбай Насурлаевтар түңілген қыздың өмірін сақтап қалды.
Көпір шетінде тұрған қызды өтіп бара жатқан инкассатор көлігі байқап қалады. Олар патрульге хабарлайды. Полицейлер көпір қоршауына лезде жетеді. Полиция көлігіне қыз назар салмайды. Қоршаудың шетіне мініп, секірмекке ыңғайланып, батыл қадамға көшеді. Патрульдің жалынып-жалпайғанына қарамастан, қыз өз ойынан айнымайды.
«Елубай қызға бұл өмірдің қаншалықты қымбат екенін түсіндіріп жатқанда, мен оған жақындай бастадым. Ол төменге секіргенде ұстап үлгердім. Біз екеулеп жүріп оны жоғары тартып шығардық. Ол өзі туралы ештеңе айтқан жоқ, үнсіз жылай берді. Жасы 19-да екен», – дейді полиция лейтенанты Аман Әбілда. Полицейлер қызды құтқарғаннан кейін оны жедел жәрдем дәрігерлеріне тапсырды.
Күтпеген жерден карантинге жабылған қаланың өмірі жалғасуда. Қатаң тәртіпке бағынғысы келмегендер мен аурухана төсегіне таңылғандар азаймаса, төтенше режимі де созыла бермек.
Қарағанды облысында 766 адам тәулік бойы бақылауда. Провизорлық стационарларда – 207, карантиндік госпитальдарда – 476, үй карантинінде 2 504 адам жатыр. Үй карантинінен 404 адам шығарылды.