Индер ауданы – Атырау аймағындағы іргелі, халық көп шоғырланған аудан. Оның жерасты байлығында есеп жоқ. Индердің ас тұзының өзі жергілікті халық үшін бренд болып, сауда айналымында табыс әкелуде. Бүгінде ауданның экономикасы мен әлеуметін дамыту мақсатында өндіріс орындары ашылып, жергілікті тұрғындар жұмысқа тартылып жатыр.
Жуырда Индер аудандағы Есбол, Бөдене ауылы тұрғындары сан жылдар бойы күткен жаңа мәдениет үйі пайдалануға берілді. Аудан орталығында «Ақтау Битум» құрғақ қоспа зауытының пайдалануға берілуіне орай ресми шаралар өтті. Индер ауданы тұрғындары асыға күткен жаңа нысандардың ашылуына облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Таубаев, Индер ауданы әкімі Мейірім Қалауи, «Теңізшевройл» компаниясы өкілдері мен аудан тұрғындары қатысты.
«Ақтау Битум» құрғақ қоспа зауыты бұған дейін жобалық қуаты 125 мың тонна гипс шығаруды қамтамасыз еткен, құрғақ құрылыс қоспаларын өндіру жылына 150 мың тоннаны құрап, кейін қаржылық қиындықтарға байланысты өндірісін тоқтатқан зауыттың орнынан ашылды.
Бұрынғы зауытты жандандыру жұмыстары өткен жылдың қыркүйегінде шешімін тапқан. «АзияКредитБанкі» мен Fincraft Resources акционерлік қоғамы жалға алу арқылы сатып алу келісім-шартын жасасты. Келісілген шешім бойынша Fincraft Resources компаниясының еншілесі – «Ақтау Битум» серіктестігі жыл басында зауытты қайта жаңғырып, пайдалануға беруді қолға алды. Бұрынғы зауыттың ескі техникаларын қалыпқа келтіріп, жаңасын әкелді. Жаңа ашылған зауыттың құрал-жабдықтары Түркия елінен әкелінген. Онымен жұмыс істеуге білікті мамандар тартылған. Зауыт басшылығы өндіріс толық қуатына қосылғанда жергілікті жерден сексеннен аса жұмысшыны қызметке алуды жоспарлап отыр.
«Ақтау Битум» құрғақ қоспа зауытының қаржы жөніндегі директоры Дамир Мусиннің айтуынша, заманауи жаңартылған зауыттың 120 мың тонна өнім шығаратын мүмкіндігі бар. Шикізаттың тоқсан пайызы – жергілікті жерден. Зауыт еліміздің гипс тас пен құрғақ құрылыс қоспаларына деген сұранысының бір бөлігін қамти алады. Өндіріс орнынан 30 шақырым жерде гипс өндіретін және ұсақтап сұрыптайтын кешен жұмыс істейді. Бұл жерден 0-300 фракциялы гипс тасын алуға болады. Зауыт жеке теміржол тұйығымен қамтамасыз етілген. Осының бәрі сапалы өнімді тұтынушыға кедергісіз жеткізуге мүмкіндік береді.
Сайып келгенде, құрылыс нысандарын салудан рекордтық көрсеткішке жетіп отырған аймақ үшін, зауыттың өнімдері нарықта сұранысқа ие болатыны сөзсіз.
Аудан экономикасын дамытатын зауыттың ашылуымен қатар, аудан тұрғындары үшін екі мәдениет үйінің ашылуы айтулы жаңалық болды. Жаһандану кезеңінде, ұлт тарихының мәдениеті мен құндылықтарын білу, насихаттау әрі сақтау елді бекемдеудің тікелей кепілі. Бұл тұрғыда аудан орталығынан шалғай аумақтағы ауылдардың да руханияттан кенде қалмай, мәдениет пен өнерге атсалысуы үшін мәдениет үйлерінің болуы заңдылық. Оны халықтың өзі аңсап отырғаны да сөзсіз. Сондықтан да болар, мәдениет үйлерінің ашылу салтанатына келген жұртшылықта есеп болмады.
Индер ауданының «Бөдене» және «Есбол» ауылдарындағы жаңа мәдениет үйлері «Теңізшевройл» ЖШС-нің «Игілік» ерікті әлеуметтік инфрақұрылым бағдарламасы аясында салынған.
Аудан халқының қуанышына Атырау облысы әкімінің орынбасары Нұрлан Таубаев пен «Теңізшевройл» ЖШС-нің менеджері Әсет Құрманбаев бастаған компания өкілдері арнайы қатысты.
– Еліміз егемендік алған күннен бастап Тұңғыш Президент Н. Назарбаев ең бірінші әлеуметтік салаларға көңіл бөліп, халықтың жағдайын жақсартуға ден қойды. Бүгінгі салтанатты шара осы бастаманың бір көрінісі болып отыр. Осы ғимараттарды салуға демеушілік жасаған компания мен мердігер мекемеге алғыс білдіреміз. Өңірімізде мәдениетіміздің дамуы жақсы жетістіктерге жетіп қуанта берсін, – деді облыс басшысының орынбасары Н.Таубаев.
– ТШО компаниясы көп жылдан бері облыста 84 әлеуметтік инфрақұрылымдық нысан салған болатын. Бүгін кезекті нысандардың ашылуына куә болып отырмыз. Нысанның салынуына екі жыл уақыт кетті. Бөдене ауылындағы 200 адамдық және Есбол ауылындағы 300 орындық мәдениет ошақтары толықтай қажетті жабдықтармен және ұлттық аспаптармен жабдықталған, – дейді Әсет Құрманбаев.
Мәдениет саласының ардагерлері еліміз егемендік алғаннан бері салынып тұрған мәдениет үйінің жұмыс істеп тұруына аудан, облыс басшылары атсалысып, рухани іс-шаралар жиі өткізіліп тұрса деген тілегін жеткізді.