Ақтөбедегі №62 орта мектепте «Менің төрешілерім – уақыт пен халық» атты дөңгелек үстел өтті. Жиынға Ақтөбе қаласы әкімдігінің өкілдері, тарихшы ғалымдар, жоғары оқу орны мен мектеп мұғалімдері және оқушылар қатысты.
Іс-шара алдында Б.Момышұлы музейінің салтанатты ашылу рәсімі өтіп, кездесудің құрметті қонағы Зейнеп Ахметова мен қала әкімі Ілияс Испанов кешеннің лентасын қиды. Құттықтау сөз сөйлеген қала әкімі аңызға айналған қолбасшы Бауыржан Момышұлының өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі рөлін атап өтті. Музейде батырдың кітаптары, отбасылық фотосуреттер, құжаттар қойылған. Әлиятанушы Ғалымжан Бәйдербес музей патриоттық тәрбиенің бастауы екенін айтып, мұндай шаралар барлық мектептерде жалғасу керектігін тілге тиек етті. Жиынға қатысушылар алдымен «Адал ұл ер боп туса – ел тірегі» атты презентацияны тамашалады. Басқосу барысында Б.Момышұлының келіні Зейнеп Ахметоваға сөз сөйледі. Ол өз кезегінде шараны ұйымдастырушыларға алғысын жеткізіп, Екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, Халық Қаһарманы, қазақтың көрнекті жазушысы жайында жылы естеліктерімен бөлісті. Үкімет қаулысына сәйкес, қаладағы 5 мектепке батырлар мен қоғам қайраткерлерінің есімі берілді. Ақтөбедегі №62 орта мектеп Бауыржан Момышұлының есімімен аталатын болды. Сондай-ақ Шәкәрім Құдайбердіұлы, Міржақып Дулатов, Ұзақбай Құлымбетов, Жұмабек Тәшенов есімдері № 66, 63, 64, 68 орта мектептеріне берілді. Салтанатты рәсімнің құрметті қонақтары мен қатысушылары дөңгелек үстелдің жұмысын қорытындылай келе, педагогикалық ұжымға кездесуді жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін ризашылығын білдіріп, келешекте бірлескен шаралар өткізу жөнінде ұсынысын жеткізді. Інжу БАЛТАБЕКҚЫЗЫ