Елді елеңдеткен елу мың теңге
Елді елеңдеткен елу мың теңге
160
оқылды
Nur Otan партиясы Алматы облыстық филиалы төра­ғасының бірінші орынбасары Жанболат Жөргенбаев әлеу­меттік желілер арқылы ха­лықпен тікелей жүздесіп, қа­зіргі кезде елде, оның ішінде Жетісу жерінде қалыптасып отырған күрделі жағдайға қа­тысты жұртшылық тара­пынан түскен сауалдарға жауап берді. Тікелей эфирдегі сөзін жетісу­лықтарды мамыр мерекелерімен құттықтаудан бастаған Жанболат Әкебайұлы одан кейін елімізде төтенше жағдай жарияланғаннан бергі кезеңде партия филиалының атқарып жатқан жұмыстарына қысқаша шолу жасай кетті. Nur Otan партиясының төра­ғасы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қиын кезде ха­лықты қолдауға байланысты кө­терген бастамалары жергілікті жерлерде ойдағыдай жүзеге асып жатқанына жан-жақты тоқталды. Ел болған соң, оның ішінде ауқаттылармен бірге күнделікті тірлігін әрең қамтып отырғандар да кездеседі. Төтенше жағдайдан кейін еліміздің ай­мақтары біртіндеп карантинге жабылды. Алматы облысында да карантин жарияланғанына біраз уақыт өтті. Адамдар күнделікті нәпақасын тауып келген жұмыс орындарының көбі тоқтап тұр. Соған сай күнкөріс те қиындай түскенін жасырып, жабуға бол­майды. – Дәл осындай сыни сәтте Елбасы, Nur Otan партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың бастамасымен игі істерге жол бастаған #BizBirgemiz рес­публикалық акциясы жария­ланып, сол бойынша Nur Otan партиясы Алматы облыстық фи­лиалы, партияның аймақтық және аумақтық филиалдары, Jas Otan Жастар қанатының жастары мен еріктілері «Бақытты отбасы», «Ардагерлерді ардақтайық», «Кедергісіз келешек» және та­ғы да басқа партиялық жоба­лар аясында аса ауқымды қа­йырым­дылық шараларын жүзеге асыруда. Соның ішінде облыс­тық және аудандық партия фи­лиалдарының, Jas Otan Жастар қанатының, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының, ерік­тілердің қолдауымен көмекті қа­жет ететін 11 532 адамның әр­қай­сысына 124 және 105 мың теңге көлеміндегі қаржыға азық-түлік және тазалық, медициналық заттар жиынтығы таратылды. Республикалық Birgemiz қорынан Талдықорған қаласында тұратын 3 361 азаматқа қаржылай көмек көрсетілді. Облыс орталығының тұрғындары 7 санат бойынша қаржылай көмекті ретімен алуда. Екінші толқын бойынша Тал­дықорған қаласындағы 6 551 мұқтаж адамға 50 мың теңгеден жалпы 327 550 000 теңге қаржы аударылады. Қоғамдық қабылдау бөл­мелері, партиялық бақылау комис­сиясы жүйелі жұмыс жүр­гізіп келеді. 19 наурыздан бері пар­тия филиалдарына азық-түлік­пен немесе қаржылай көмек­тесу туралы 4 743 өтініш түсіп, оның 3 609-ы оң шешімін тапты. Call-орталыққа 1 850 азамат ха­барласып, сұрақтардың дені рет­телді. Негізінен халықты сауда орындарының жұмысы, әлеу­меттік төлемдерге қол жеткізу, меди­циналық бұйымдардың жетіспеу­шілігі сынды мәселелер толған­дырады, – деген облыстық филиал төрағасының бірінші орынбасары кезекті сұрақ қоюға асығып отырғандарға берді. Тікелей эфир барысында көзіміздің жеткені – жұрт­шылықты бірінші кезекте Мем­лекет басшысының тапсырмасына сай төленетін төлемдер мазалайды екен. Дегенмен ең көп сауал Birgemiz республикалық қорынан берілетін 50 мың теңге төңірегінде түсті. Осы жайында бірінші сұрақ қоюшыға: «Республикалық Bir­gemiz қорынан мұқтаж жандарға берілген және алдағы кезде бері­летін 50 мың теңге елі­міз­дегі халқының саны 100 мың­нан аса­тын 23 қалада тұра­тын және бел­гіленген жеті санат­тың талаптарына сәйкес келетін жан­дарға ғана төленеді. Нақ­тырақ айтқанда, біздің облыс бойын­ша Тал­дықорған қаласында тұратын мұқ­таж жандар ғана бұл көмекке қол жеткізе алады», – деп егжей-тегжейлі түсіндірген Жанболат Жөргенбаев тікелей эфирге арналған екі сағатта осы мәселеге қайта-қайта оралуға мәжбүр болды. Жоғарыда айтқа­ны­мыздай, тікелей байланыс барысын­дағы әңгіменің дені төлене­тін қаржыларға қатысты болды. Сауалдар Алматы қаласы ма­ңын­дағы Қарасай, Іле, Талғар, Еңбекшіқазақ, Жамбыл аудандары мен Талдықорған қаласынан көп түсті. Соған қарағанда, Мемлекет басшысының тапсырмасымен ай сайынғы кірісінен айырылған­дарға арналған 42 500 теңге, жағ­дайы жоқтардың коммуналдық төлемдерін өтеу үшін төленетін 15 000 теңге мен Елбасы баста­ма­сымен құрылған Birgemiz қоры­нан берілетін 50 мың теңге­нің қандай адамдарға, қандай жағдайда төленетінін жұртқа жілік­теп түсіндіру кемшін не­месе жұрт­­шылықтың басым бө­лігі ресми ақ­параттарға емес, алып­қашпа әңгі­меге құ­лақ түреді. Қайталанған сұрақтарды бөл­местен, ренжіместен тыңдай білген партия жетекшісі бірде-бір сауалды жауапсыз қалдырған жоқ. Мәселе айтқан жанның тұратын жерін, байланыс деректерін анықтап, сұрап алып, сол жерде тікелей эфирді көріп, тыңдап отырған тиісті жауапты тұлғаларға тапсырмалар берді.  

Болат АБАҒАН, Алматы облысы