Nur Otan партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жанболат Жөргенбаев әлеуметтік желілер арқылы халықпен тікелей жүздесіп, қазіргі кезде елде, оның ішінде Жетісу жерінде қалыптасып отырған күрделі жағдайға қатысты жұртшылық тарапынан түскен сауалдарға жауап берді. Тікелей эфирдегі сөзін жетісулықтарды мамыр мерекелерімен құттықтаудан бастаған Жанболат Әкебайұлы одан кейін елімізде төтенше жағдай жарияланғаннан бергі кезеңде партия филиалының атқарып жатқан жұмыстарына қысқаша шолу жасай кетті. Nur Otan партиясының төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қиын кезде халықты қолдауға байланысты көтерген бастамалары жергілікті жерлерде ойдағыдай жүзеге асып жатқанына жан-жақты тоқталды. Ел болған соң, оның ішінде ауқаттылармен бірге күнделікті тірлігін әрең қамтып отырғандар да кездеседі. Төтенше жағдайдан кейін еліміздің аймақтары біртіндеп карантинге жабылды. Алматы облысында да карантин жарияланғанына біраз уақыт өтті. Адамдар күнделікті нәпақасын тауып келген жұмыс орындарының көбі тоқтап тұр. Соған сай күнкөріс те қиындай түскенін жасырып, жабуға болмайды. – Дәл осындай сыни сәтте Елбасы, Nur Otan партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен игі істерге жол бастаған #BizBirgemiz республикалық акциясы жарияланып, сол бойынша Nur Otan партиясы Алматы облыстық филиалы, партияның аймақтық және аумақтық филиалдары, Jas Otan Жастар қанатының жастары мен еріктілері «Бақытты отбасы», «Ардагерлерді ардақтайық», «Кедергісіз келешек» және тағы да басқа партиялық жобалар аясында аса ауқымды қайырымдылық шараларын жүзеге асыруда. Соның ішінде облыстық және аудандық партия филиалдарының, Jas Otan Жастар қанатының, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының, еріктілердің қолдауымен көмекті қажет ететін 11 532 адамның әрқайсысына 124 және 105 мың теңге көлеміндегі қаржыға азық-түлік және тазалық, медициналық заттар жиынтығы таратылды. Республикалық Birgemiz қорынан Талдықорған қаласында тұратын 3 361 азаматқа қаржылай көмек көрсетілді. Облыс орталығының тұрғындары 7 санат бойынша қаржылай көмекті ретімен алуда. Екінші толқын бойынша Талдықорған қаласындағы 6 551 мұқтаж адамға 50 мың теңгеден жалпы 327 550 000 теңге қаржы аударылады. Қоғамдық қабылдау бөлмелері, партиялық бақылау комиссиясы жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. 19 наурыздан бері партия филиалдарына азық-түлікпен немесе қаржылай көмектесу туралы 4 743 өтініш түсіп, оның 3 609-ы оң шешімін тапты. Call-орталыққа 1 850 азамат хабарласып, сұрақтардың дені реттелді. Негізінен халықты сауда орындарының жұмысы, әлеуметтік төлемдерге қол жеткізу, медициналық бұйымдардың жетіспеушілігі сынды мәселелер толғандырады, – деген облыстық филиал төрағасының бірінші орынбасары кезекті сұрақ қоюға асығып отырғандарға берді. Тікелей эфир барысында көзіміздің жеткені – жұртшылықты бірінші кезекте Мемлекет басшысының тапсырмасына сай төленетін төлемдер мазалайды екен. Дегенмен ең көп сауал Birgemiz республикалық қорынан берілетін 50 мың теңге төңірегінде түсті. Осы жайында бірінші сұрақ қоюшыға: «Республикалық Birgemiz қорынан мұқтаж жандарға берілген және алдағы кезде берілетін 50 мың теңге еліміздегі халқының саны 100 мыңнан асатын 23 қалада тұратын және белгіленген жеті санаттың талаптарына сәйкес келетін жандарға ғана төленеді. Нақтырақ айтқанда, біздің облыс бойынша Талдықорған қаласында тұратын мұқтаж жандар ғана бұл көмекке қол жеткізе алады», – деп егжей-тегжейлі түсіндірген Жанболат Жөргенбаев тікелей эфирге арналған екі сағатта осы мәселеге қайта-қайта оралуға мәжбүр болды. Жоғарыда айтқанымыздай, тікелей байланыс барысындағы әңгіменің дені төленетін қаржыларға қатысты болды. Сауалдар Алматы қаласы маңындағы Қарасай, Іле, Талғар, Еңбекшіқазақ, Жамбыл аудандары мен Талдықорған қаласынан көп түсті. Соған қарағанда, Мемлекет басшысының тапсырмасымен ай сайынғы кірісінен айырылғандарға арналған 42 500 теңге, жағдайы жоқтардың коммуналдық төлемдерін өтеу үшін төленетін 15 000 теңге мен Елбасы бастамасымен құрылған Birgemiz қорынан берілетін 50 мың теңгенің қандай адамдарға, қандай жағдайда төленетінін жұртқа жіліктеп түсіндіру кемшін немесе жұртшылықтың басым бөлігі ресми ақпараттарға емес, алыпқашпа әңгімеге құлақ түреді. Қайталанған сұрақтарды бөлместен, ренжіместен тыңдай білген партия жетекшісі бірде-бір сауалды жауапсыз қалдырған жоқ. Мәселе айтқан жанның тұратын жерін, байланыс деректерін анықтап, сұрап алып, сол жерде тікелей эфирді көріп, тыңдап отырған тиісті жауапты тұлғаларға тапсырмалар берді.
Болат АБАҒАН, Алматы облысы