Біз бүгін сөз еткелі отырған фактілер тура «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен» деп келетін мәтелдің кері. Ел аумағында коронавирусқа қатысты карантин жарияланғанда Үкімет төтенше жағдай кезінде дәрі-дәрмек атаулы мен медициналық сипаттағы қорғаныс құралдарын ел аумағынан шығаруға қатаң тыйым салғаны аян. Ал ҰҚК Шекара қызметінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті наурыз айынан бері «Сырым» автокөлік өткізу бекетінде медициналық сипаттағы жеке қорғаныс заттарын Ресейге заңсыз асырмақ болған 13 жағдайды әшкереледі. Енді осы дерек-дәйектің кейбірін тарқатыңқырап назарыңызға ұсынайық. ҰҚК Шекара қызметінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің өкілі, подполковник Асқар Қазбековтің мәліметіне қарағанда, әлдекімдердің жымысқы тірлік, пасық әрекетімен заңсыз шекара асуы тиіс заттардың ішінде 4 585 570 медициналық бетперде, 3 900 000 медициналық қолғап және 480 дана қорғаныс көзілдірігі болған. Өзіміздің отандастарымыз зәру болып отырған осынау заттардың жалпы құны 500 миллионнан астам теңгені құрайтын көрінеді. Қазақстандық шекарашылар 17 сәуірде мемлекетаралық «Сырым» автокөлік өткізу бекетінде VOLVO көлігімен Алматыдан Мәскеуге бағыт ұстаған біздің елдің азаматын тексереді. Тексеру барысында көлік жүк тиегішінің дұрыс пломбаланбағаны аңғарылады. Жүкті жөнелтуші «ҚазАлтын сервис» ЖШС ілеспе құжат пен шот фактурада жүктің салмағын 12 920 келі, халық тұтынатын тауардың 20 түрі бар деп көрсеткен. Шекарашылар арнайы техникалық құрал-жабдықтарымен 119 қорапты тексереді. Сөйтсе, құжатта көрсетілген тауар қорабының саны мен атауы сәйкес келмейді екен. Жаңа қораптарды ашқан кезде олардан бір рет қолданылатын 464 мың дана медициналық бетперде шығады. Осы бетперденің құны шамамен 55 932 000 теңге құрайтын көрінеді. Заңға қайшы аталған әрекетке қатысты тергеу-тексеру материалдары Батыс Қазақстан облысы бойынша экономикалық тергеу департаментіне жолданды. Ал тура осы оқиғаның ертеңіне, яғни 18 сәуір күні «Сырым» автокөліктерді өткізу бекетінде шекарашылар БҚО бойынша Экономикалық тергеу департаментімен бірлесе жүргізген «Курьер» шарасы кезінде медициналық бетпердені заңсыз шекара асырудың төрт дерегін анықтады. Бетперде тиеген темір тұлпарлардың бәрі де Алматыдан Мәскеуге бағыт ұстаған. Мәселен, түнгі сағат 01.30-да шекарашылар қазақстандық азаматтың тақымындағы «РЕНО» жүк көлігін арнайы техникалық құралдармен тексерістен өткізеді. Үшбу көліктен халық тұтынатын тауар ретінде тиелген 324 қорап табылады. Ашып қарағанда әлгі қораптардың ішінен 1 646 000 дана бір рет қолданылатын медициналық бетперде шығады. Көп ұзамай қырғызстандық азамат тізгіндеген VOLVO көлігін тексергенде де 29 240 қаптамадан 1 462 000 дана бір рет қолданылатын медициналық бетперде шығады. Сайып келгенде, үшбу бетперделер құжат бойынша мемлекетаралық тасымалға тыйым салынбаған заттар ретінде көрсетілген. Мұнымен қоса, қазақстандық азаматтар тізгіндеген және екі VOLVO-дан да бетперде табылды. Осы қос көліктің біріндегі 18 қораптан 48 мың дана бетперде шықса, екіншісіндегі 5 қорапты тексергенде 9 726 дана бетперде табылды. Мамандардың мәліметіне қарағанда, бір тәулікте тіркелген төрт фактінің негізінде қолға түскен 3 165 726 дана бетперденің жалпы құны 380 млн теңгені құрайды екен. Тиісті құжаттар түзілген соң аталған жүк БҚО бойынша экономикалық тергеу департаменті қызметкерлеріне өткізіледі. – Медициналық бағыттағы қорғаныс заттарын заңсыз шекара асырмақ болғандар әлгіндей дүниелерді халықаралық тасымалға шектеу қойылмаған күнделікті өмірде халық кеңінен қолданатын керек-жарақтардың арасына тығып тиеген. Мұндай әрекеттер әлі де тыйылар емес. Сол себепті ҰҚК Шекара қызметінің аумақтық бөлімшелері еліміздің аумағынан медициналық мақсаттағы қорғаныс заттарын заңсыз шекара асыруға тосқауыл қою үшін мемлекетаралық өткізу бекеттерінде бақылау-тексеру шараларын күрт күшейтті, – дейді Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарасты Шекара қызметінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің өкілі, подполковник Асқар Қазбеков.
Бауыржан ҒҰБАЙДУЛЛИН, Батыс Қазақстан облысы