Пентагон UFO видеосын жариялады
Пентагон UFO видеосын жариялады
АҚШ Қорғаныс министр­лігі жұртты елең еткізген видео­ларды жариялады. Пен­тагон ұшатын беймәлім ны­сан­дар (UFO) түсірілген видео­лар­дың бар екенін мойындаған. Алайда ұша­тын беймәлім ны­сандар өзге ғаламшардан келді ме, жоқ жерде жасал­ды ма, ол жағына АҚШ әске­рилері на­зар аудармады. Америкалық әскерилер UFO түсірілген видеолардың болғанын мойындап отыр. Олар 2005 және 2015 жылдары түсірілгенімен, 2007, 2017 жылдары жұртшылыққа жария болған-ды. Біреулер Пен­тагоннан рұқсат алмастан видеоларды интернетке жүктеп, жариялап жіберген. Әу баста әскерилер тіс жармаған, тіпті атал­ған видеоларды монтаж деу­шілер де көп болды. Дегенмен осы жолы АҚШ әскери теңіз күш­тері видеолардың монтаж емес, түпнұсқа екенін мойындап отыр. Әскерилер 3 дана видеоны өз сайттарында жариялау арқы­лы жұрттың мәселені дұрыс түсінгенін қалайтынын жеткізді. Яғни, жаһанда ұшатын беймәлім нысандар бар. Ал кадрлар шы­найы. Үш видеоның біреуі 2004 жылы, екеуі 2015 жылы түсірілген. Алғашқы видеодағы нысан F-18 әскери ұшағының камерасына 2004 жылдың 14 қарашасында түссе керек. Ал соңғы екі видео 2015 жылдың 21 қаңтарында тү­сірілген. Үш видеоны да АҚШ әскери теңіз флотының ұш­қыштары түсіріпті. Соңғы екі ви­деода ұшқыштардың сөздері де жазылған. Әскери теңіз күштерінің баспасөз қатшысы Джое Градишэр мұндай видеолардың әскерилер «қоржынында» мол екенін де атап өтті. Ал ел президенті Дональд Трамп UFO-ларға сенбейтінін айтып қалғаны бар. Айтпақшы, Пентагон ұшатын беймәлім нысандардың бар екенін ресми түрде мойындаған алғашқы мемлекеттік мекеме ретінде тарихта қалатын түрі бар. Бұрын ешбір елдің әскерилері мұндай нысандардың бар екені жайлы тіс жармаған. Қоғамда түрлі қауесет кезіп жүретін. Соның ішінде АҚШ әскерилері 1947 жылдан бері UFO-лар­ды жасырып келе жатқаны айты­латын еді.  

А.ҚҰРМЕТ