Геннадий Головкиннің бұрынғы бапкері Абель Санчес боксшының алдағы жекпе-жегіне болжам жасады. Ол AB Boxing News-ке берген сұхбатында Головкин алда Альвареспен кездесер болса, жеңіс қазақстандық боксшының жағында болатынын айтты. Абель Санчес Головкин мен Альварес арасында өткен қос кездесуде бапкер қызметін атқарды. Егер олар үшінші рет жекпе-жек өткізетін болса, Санчес көрермен қатарынан табылмақ. Головкин мен Альварестің алғашқы кездесуі тең нәтижемен аяқталса, екінші рет күш сынасқанда, төрешілер жеңісті Альвареске берген-ді. Ол трилогия өтсе, сөзсіз Головкиннің жеңетініне сенімді. Әрі бұл үшін боксшыны қолдайтын тарап Саульге бас тарта алмайтындай ұсыныс жасауы керек. Оның сөзінше, бокс кеші Вегаста емес, басқа жерде өткені дұрыс. Жанкүйерлер қос тараптың үшінші рет шаршы алаңда кездескенін күтіп жүр. DAZN стриминг сервисінің сарапшылары Крис Мэнникс пен Серхио Мора да трилогия мәселесін қозғады. Биыл мамыр айында Альварес Сондерспен кездесу өткізеді деп жоспарланған еді. Алайда пандемия спорттың аяғын тұсап тұр. Үшінші кездесу турасында Серхио Мора «Канело» мен GGG тартысын келесі жылдың мамыр айына дейін күткісі келмейтінін айтты. Ол мүмкіндік болса, жекпе-жектің биыл күзде өткенін қалайды.
Айбике ЖАНАСЫЛ