Аманаттың алғашқы нәтижелері
Аманаттың  алғашқы нәтижелері

Нұр-Сұлтан қаласында «Аманат» сайлауға бақылау жүргізу бойынша азаматтық платформасы баспасөз жиынын өткізіп, атқарған жұмысының кезеңаралық қорытынды­сын таныстырды. Биыл 22 сәуірде жұмысын бас­таған қоғамдық ұйым­ның бөлімшелері Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен 14 облыс орталығында ашылған. Аз уақыттың ішінде 424 шара өткізген ұйым өкілдері алдағы президент сай­ла­уында теңдік, саналы таңдау, әділдік, келісім мен сенім қағидаларының бұзылмауын қадағалайды.

«Аманат» азаматтық плат­формасы сайлауға қатысатын үміткерлер мен дауыс беруші­лерге тең мүмкіндіктер берілуін қа­да­ғалап, сайлау учаскелерінің талапқа сай жұмыс істеуін бақы­лауды мақсат тұтады. Ұйым өкіл­дерінің мәлімдеуінше, «Ама­нат­тың» мақсаты сайлау үшін ғана құрылып, кейін жабылып қалу емес. Олар саяси науқаннан ке­йін де халық таңдаған прези­дент­тің қызметін назарға алуды жоспар­лап отыр. Бұл туралы сөз қозғаған құқық қорғаушы Халида Әжіғұ­ло­­ва «Мен барлық азаматты бел­сенді болуға және бізбен әріп­тес­тік орнатуға шақыра­мын», – деді.

Ұйым жұмысының бір бағы­ты сайлаушылардың құқықтық сауаттылығын арттырып, азамат­тық белсенділігін көтеруге негіз­делген. «Аманат» белсенділерінің бірі Лима Диастың айтуынша, биыл бір миллионға жуық азамат алғаш рет дауыс береді. Бұл тұста олардың дауыс беру құқығын толық біліп, заңбұзушылықтарға жол бермеуі аса маңызды. Бұған қатысты «Аманат» азаматтық платформасының өкілі Мұрат Әбе­нов «Жастар арасында сауал­нама жүргізіп, 90 пайыз жастар­дың құқықтарын дұрыс білмей­тінін анықтадық. Бірінші рет ­да­уыс беретін жастарға қалай дауыс беру керегін үйреткіміз келеді», – деді.

«Аманат» мүшелері кез кел­ген сайлаудың әділ өтуі қоғам тара­пынан тәуелсіз бақылау орнатумен байланысты дегенге келіседі. Тәуелсіз бақылаушылар дайындау бағытына жауапты Шыңғыс ­Леп­сібаевтың айтуын­ша, респуб­лика бойынша 9 мың бақылау­шы арнаулы оқыту да­йындығынан өткен. Олар сайлау күні өңірлік сайлау учаскелерінде азаматтар­дың құқықтары бұзыл­мауын, дауыс беру процесінде заңбұзу­шылықтар болмауын қадағалайды. Сайлауға бақылау жүргізу сайла­уал­ды науқанын да қамтитын шара болғандықтан, ұйым мүше­лері кандидаттардың сайлауалды штабтарына арнайы барып, үгіт-насихат шарасының барысымен танысқан. Әлімжан Төкешовтің айтуынша, уақыт­тың шектеулі болғанына қара­мастан, барлық штабтың дайын­дығын жоғары деңгейде деп бағалауға болады. «Үгіт-насихат науқаны 11 мамыр­да басталса, 12 мамыр күні барлық кандидат сайлауалды бағдарла­маларын таныстырды. Бағдар­ла­ма­лар бір оқығаннан түсінуге, кан­дидаттың негізгі бағдарын ай­қындауға мүмкіндік беретін же­тім­ді тілде дайындалған», – дейді ол.

«Аманат» азаматтық плат­фор­масы бақылаушылар жина­ған деректер негізінде сайлауға баға беріп, арнаулы есеп дайын­дайды. Ұйым өкілдерінің ай­туын­ша, «Аманат» қоғам пікірін мемлекет назарына шығарып, ма­ңызды мәселелер бойынша ұсы­ныстар дайындау қызметін сай­лаудан кейін де жалғастырады.


Кәусар Ахмет