Елімізде 1945.kz сайты іске қосылды. Жоба пандемия салдарынан биыл өтпейтін болған жеңіс шеруін онлайн түрде ұйымдастыруды көздейді. Биыл Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 75 жыл толады. Осы орайда, 1945.kz сайты соғысқа қатысқан майдангерлер мен тылда еңбек еткендердің өмір жолын, естеліктерін жарияламақ. ardager@1945.kz электронды мекенжайына ардагер туралы мәліметті жіберуге болады. Бұдан бөлек, әлеуметтік желіде #AtamnynAmanaty75 челленджі жүріп жатыр. Челлендж қатысушылары ардагерлердің өмір жолы туралы баяндап, арнау оқиды. 27 сәуір күні Қасым-Жомарт Тоқаев Жеңіс күнінде соғыс ардагерлерінің елеусіз қалмайтынын айтқан еді. Әр өңірде сыйақы мөлшері тағайындалып, соғыс және тыл ардагерлеріне материалдық көмек беруге пәрмен берді.
А.ЖОЛДАС