Қоғамдық штаб – Түркістанда
Қоғамдық штаб – Түркістанда

Қазақстан президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың Республикалық қоғам­дық штабының мүшелері өткен жұма күні Қызылорда облысына барды. Бірқатар еңбек ұжымымен кездесіп, кандидат Қ.Тоқаевты қолдау мақсатында өткен жақтастар форумына қатысты.

Қызылордада жергілікті теміржол­шылармен кездескен штаб мүшелері кандидаттың Сайлауалды бағдар­ла­масының басымдықтарына тоқталды.

– Кандидатымыз жастар мәселесіне де ерекше мән беріп отыр. Жас ұрпақтың сапалы білім алып, бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасуы, тұрақты жұ­мысқа орналасып, тұрғын үймен қам­тамасыз етілуі – Қасым-Жомарт Тоқаевтың басты назарында, – деді штаб мүшесі Геннадий Шиповских.

Штаб басшысы Мәулен Әшімбаев ауылшаруашылық саласының қызмет­керлерімен кездесіп, бағдарламада ауыл тұрғындарына да қолдау көрсету мәсе­лесіне басымдық берілгенін айтты.

– Қасым-Жомарт Тоқаев «Ауыл – ел бесігі» жобасы арқылы ауылдарды ке­шенді дамытуды, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруды, аймақтар ин­фра­құрылымын одан ары жетілдіруді қолға алады. Бағдарламада Елбасының агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялау ісін жалғастыру мәселесі де көрсетілген, – деді ол. Үгіт-насихат жұмысы аясында Қ.Тоқаевтың сенімді өкілдері облыстың бірқатар ауданына барып, жергілікті халықпен кездесті.

РҚШ мүшелері бұдан ары Түркістан өңірінде болды.

– Түркістан – Қазақ елінің рухани астанасы. Түркістанды қазақтың ғана емес, күллі түркі әлемінің бесігі деп қадірлейді. Сайлауға түсіп жатқан жеті кандидаттың да осалы жоқ. Соның ішінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың орны ерекше, тәжірибесі де мол. Ол сияқты ішкі-сыртқа саясатта, экономика, заң шығару саласында өте тәжірибелі азаматтар санаулы, – деді М.Әшімбаев.

Жазушы Нұрлан Оразалин Тұңғыш Президентпен бірге қызмет атқарған жылдарынан естелік айтып, кандидат Қ.Тоқаев туралы пікірін білдірді.

– Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел басқарған еңбегін жақсы білесіздер. БҰҰ-да қызметте жүргенде қазақты танытқан бірегей тұлға Қ.Тоқаев болатын. Үкімет басқарып тұрған 1999 жылдары ел тұрмысын түзеуге атсалысты. Сондықтан Елбасы еңбегіне алғыс айта отырып, өзі ұсынған кандидатты қолдайық дегім келеді, – деді қаламгер.

Айдана Бегім