Мақсат – ұлтқа қызмет ету
Мақсат –  ұлтқа қызмет ету
190
оқылды

Қазақстан президентіне кандидат Сәдібек Түгел Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Шапағат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында болды. Үміткер Сәдібек Түгел Орталықтың мәжіліс залына жиналғандарды сайлауалды бағдарламасымен таныстырды.

«Сайлау – үлкен қоғамдық-саяси маңызы бар шаруа. Онда ел болашағына дауыс береміз. Алланың қалауымен, ха­лықтың қолдауымен осы додаға қаты­сып отырмын. Өзім қоғамдық-саяси са­лада
20 жылдан астам қызмет атқарып келемін. Біздің «Ұлы Дала қырандары» қоғамдық бірлестігіне 8 жыл болды. Мақсатымыз – ұлтымызға адал қызмет ету, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу», – деді ол.

«Ұлтымыздың салт-дәстүрін да­мытып, тіліміздің мерейін өсіруді мақсат тұтқан азамат екенсің. Әрқашан абырой биігінде бол, көздеген мақсатыңа жет, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеп, немере-шөберелеріңнің қызығын көр», – деп кездесу соңында 81 жастағы А.Ысқақова бата берді.

Ал Ақмола облысында үміткер Сәдібек Түгелді қолдауға арналған қолөнерден шеберлік-сыныбы өтті. Ше­берлік-сыныпқа қолөнерге қызығушылық танытатын жастар қатысып, қолөнерші Ержан Кәрімханның қолөнер бұйым­дарын тамашалап, жасалу әдістерін үйренді.

«Қазақ ұлттық мәдениетінің ең байырғы, аса құнды салаларының бірі – қолөнері. Ою-өрнектер – әсемдік пен сәнділік белгісі ғана емес, халықтың арман-ойының, тілек мүддесінің нышаны. Бүгінгі шеберлік-сыныбы кандидат Сәдібек Түгелдің бағдарламасында қам­тылған ұлттық өнерді, салт-дәстүрді дамытуға бағытталған», – деді үміткердің сайлауалды штабы басшысының орын­басары Д.Оралбекұлы.

Өткен аптада Сәдібек Түгелдің сенімді өкілдері Жамбыл облысында сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Тараз қаласынан басталған үгіт жұмыстары Т.Рысқұлов, Меркі, Сарысу, Талас, Байзақ, Жамбыл, Жуалы ау­дан­дарында да жалғасты.


Айдана БЕГІМ