Қазақстанның бас мемлекеттік санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова коронавирусқа үйрену керектігін айтты.
"Қазір маңызды бір нәрсені түсінуіміз керек. Карантинді алып тастаса да, коронавирус ешқайда кетпейді, енді біз онымен бірге өмір сүретін боламыз. Бұл індет маусымдық аурулардың қатарына өтеді", - деді Есмағамбетова бүгінгі онлайн брифингте.Осы орайда бас санитар дәрігер 2009 жылы шыққан құс тұмауын мысалға келтірді. Ол вирус тамыз айында шыққан. Әлі күнге дейін ауада тарап жүр. "Коронавирус та солай болады. Сондықтан біз оған үйренуіміз керек. Онымен бірге өмір сүруге үйренуіміз керек. Бұл дегеніміз, әрбір адам күнделікті өмірде сақтану шараларына ден қоюы қажет, ал бизнес нысандары үнемі санитарлық нормаларды орындауы тиіс", - деп атап көрсетті Есмағамбетова. Оның айтуынша, карантин аяқталғаннан кейін дезинфекциялық шаралар жалғаса береді. Қазіргі уақытқа дейін Қазақстанда 3 078 адамда вирус расталды. Ең көп науқас Алматы (926) мен елордада (612) тіркелді. 774 адам жазылып шықты. 25 адам індеттен көз жұмды.