Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Nur Otan партиясы карантин кезеңінде партиялық бақылауды күшейтті. Осыған орай, Алматы қаласының әкімі, партияның қалалық филиалының төрағасы медицина қызметкерлерінің уақытша тұрып жатқан орындарын партиялық бақылауға алуды тапсырды. Осыдан алдын Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров бастаған құрамында партиялық бақылау комиссияларының төрағалары, аудан әкімдерінің орынбасарлары, аудандық СЭС және АМБ өкілдері, қоғамдық ұйымдардың еріктілері енгізілген жұмысшы тобы медицина қызметкерлерінің тұрып жатқан орындарын тексерді. Бірінші тексерістің барысында эпидемиологиялық нормаларын сақтау бойынша бірқатар тапсырмалар берілген болатын. Бүгін Медеу ауданында партбақылаудың мониторинг тобымен Абай атындағы ҚазҰПУ-дың №3 жатақханасы мен «Мика сити отель» қонақ үйін қайта тексеру шарасы өтті. Бұл жерде 124 медицина қызметкері тұрады. Партиялық комиссия тарапынан бірінші мониторинг кезінде анықталған кемшіліктердің жойылуы тексерілді. «Иә, шынымен де мониторинг тобымен медицина қызметкерлері тұратын нысандарды қайта бақылау кезінде эпидемиологиялық талаптардың сақталмағандығы жөнінде фактілер анықталған болатын. Оларды жою бойынша күнделікті жұмыс атқарып жатырмыз. Сондай-ақ, қайта бақылау кезінде медицина қызметкерлері тарапынан бірқатар тілек-ұсыныстар айтылып, сұрақтар қойылған болатын. Олар партияның қалалық филиалының төрағасы, қала әкіміне жеткізіліп, бақылауға алынды», - деп мәслихат депутаты, «Nur Otan» партиясы Медеу аудандық филиалының Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Әміржан Нәбиев атап өтті. «Өткен аптада комиссия келді. Жүріп-тұру, тамақтану әрі қорғаныс құралдарымен қамтылу жағдайымен танысты. Сол күні Nur Otan партиясы демеушілермен бірігіп, санитайзерлер мен жеміс-жидектер әкеліп берді. Әріптестерім «Birgemiz» қорынан 50 мың теңге материалдық көмек алып жатыр. Елбасымыз бен Президентімізге медицина қызметкерлерінің қамын ойлап, көмектесіп жатқандарына алғысымызды білдіреміз», - деді медбике Бахыт Әбілдаева. Нысандарды айналып шығу қорытындылары бойынша аудандық мониторинг топтары дайындаған анықтамалар толық талданып, тиісті шешімдер қабылданатын болады.