Веломарафонға қатысты

Веломарафонға қатысты

«Ауыл» пар­тиясының үміткері Тө­леутай Рақымбеков елордадағы «Бо­та­ни­калық саябақта» веломарафонға қатысты. Прези­денттіктен үміткер үнемі салауатты өмір салтын насихаттап, спорт­пен тұрақты шұғылдану керегін айтады. Әсіресе, жас толқынның осы бағытта белсенді болғаны маңызды дейді.

Нұр-Сұлтан қаласындағы «Ботаникалық саябақта» өткен шараға 300-ге жуық адам қатысты. Төлеутай Рақымбеков бастаған әуесқой велошабандоздар ондаған ша­қырымды артқа тастап, арнайы жарыс жолағымен жүріп өтті. Көлемді шараға саябақ төңірегінде орналасқан үйлердің тұрғындары да қызығушылық танытып, белсене қатысты. Кандидаттың Нұр-Сұлтан қаласы штабының өкілдері веломарафонды тамашалауға келген тұрғындарға үгіт-на­сихат материалдарын таратып, Т.Рақым­бековтің кандидатурасын қолдауға шақырды. Веломарафонға қатысушылардың басым бөлігі «Ауыл» партиясының жастары бол­ғандықтан, кандидат сайлауалды бағдар­ламасындағы жастар саясатының тиімді моделі туралы айтты.

Алматыда Д.Қонаев атындағы уни­верситетте жастар форумы өтті. Онда кандидаттың сенімді өкілдері А.Сапаров, С.Кешуов, С.Тәңірбергенов Төлеутай Сатайұлының еңбек жолымен таныстырып, сайлауалды бағдарламасының басым бағыттарына тоқталды. Форум барысында жаңа замандағы ауыл өмірі, ауылдағы кәсіпкерліктің дамуы, ауыл шаруашылығы өндірісінің техникалық жаңғыруы, жас мамандардың еңбекпен қамтылуы сынды өзекті мәселелер төңірегінде сөз қозғалды.

Президенттікке үміткер Төлеутай Рақымбеков бағдарламасы Қарағанды өңірінде де қызу талқыланды. Кандидаттың сенімді өкілдері Евней Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде ғылым мен өндіріс арасын жақындатудан бөлек, кандидаттың сайлауалды бағ­дарламасындағы жұмыссыздықпен күресу, инфрақұрылымды дамыту, ұлттық құн­дылықты сақтау, баспанамен қамту және жастар саясатын жүйелеу сияқты мәселелерді де сөз етті.


Айдана БЕГІМ