Оралда қаржы пирамидасын құрған зергерлік салон анықталды
Оралда қаржы пирамидасын құрған зергерлік салон анықталды
© Сурет ғаламтордан
168
оқылды
Оралда қаржы пирамидасын құрған зергерлік салон анықталды. БҚО бойынша экономикалық тергеу департаментінен түскен мәліметке қарағанда, қазіргі кезде қала тұрғынының арызы негізінде қаржы пирамидасын құру дерегі бойынша тергеу жүргізілуде. Арызданушы «B28 Jewelry» зергерлік салонында 45 мың теңгеге зергерлік бұйымдарға сертификаттар сатып алған. Компания оған апта сайын сертификат құнының 7 пайызы көлемінде сыйақы, оған қоса алдағы уақытта жылына 364 пайыз деңгейінде табысқа жетуге уәде берген. Алайда зергерлік салон басшылығы қаражат салу шартын орындамай, арызданушыны алдап, ақшасын иемденіп алған. Салон қызметкерлері әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы ақысы 15 мың теңгеден басталатын «сертификаттарға» ақша салымын жасауды сылтауратып, қаржы пирамидасының жаңа қатысушыларын тартып отырған. ҚР ҚК 217-бабына сәйкес қаржы (инвестициялық) пирамиданы құру және оған басшылық ету үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған (айыпты адам мүлкі тәркіленіп, үш мың АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сегіз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады).
«Тұрғындар «B28 Jewelry» зергерлік салонының осындай заңсыз қызметінен зардап шеккен болса, департаменттің сенім телефонына қоңырау шала алады: 8-7112-53-84-27», деп хабарлады БҚО бойынша экономикалық тергеу департаменті.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да бірнеше тұрғынның есірткі заттарымен ұсталғанын, Оралда полицейлердің балық тиелген екі көлікті қолға түсіргенін жазған болатынбыз.