...Күні кешегідей жадымда. Неге ұмытайын. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының соңы.
Алғашқы штрих:
Ғабеңнің Елтінжалы немесе Ерболмен сырттай танысу
...Күні кешегідей жадымда. Неге ұмытайын. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының соңы. Алаулаған жастар ұясы «Лениншіл жастан» (қазіргі «Жас Алаш» газеті) сықиған, сықырлаған «СҚ»-ға ауысқан кезім. Үлкен орақтың тіршілік-тынысын бейнелейтін көлемді, бір беттік очерк жазу үшін Солтүстік Қазақстан облысына іссапарға жіберді. Газеттің басшылары, редактор мен орынбасары Сапар Байжанов, Сарбас Ақтаев тапсырманы шегелеп түсіндірген екеулеп.
– Ыңғайы келсе, тура бүгін ұшқаның жөн. Орақ орталап қалды. Очеркіңе лайықты кейіпкерді облыстық штабтан сұрастырып білерсің барған бойда. Нағыз қаһарманды іздеп көр. Әрине, табылып жатса, қазақ болғаны дұрыс. Жол-жөнекей репортажың мен мақалаңды тілшімен бірігіп жаза жатарсың...
Ашығын айтайын, Байжановтың кабинетінен екіұдай көңілде шықтым. Әу баста «Солтүстікке барасың» дегенде іштей қуанғаным рас. «Осы уақытқа дейін сәті түспей жүр еді. Сәбең мен Ғабеңнің ауылдарын аралайтын болдым...» Артынша атқақтаған ойым су сепкендей басылған... Бастықтарымның емеурінінен көп жайды айтқызбай-ақ аңғарғам. Оқырманды елең еткізер жылы дүние қажет. Демек, қамшылап, намыс қайрағын жанып жатыр.
Иә, Қызылжар өңіріне сапарым оңынан оралды. Түнгі орақты өзек етіп өрген «Маңдай тер» атты очеркім «Социалистік Қазақстанның» екінші бетіне тұтастай жарияланды. Бұған дейін төрт беттік ресми газет өзінің екінші бетіне мұндай очеркті берген емес. Кейіпкері де өзіміздің қаракөз. Ерен еңбегімен өзге ұлттың алдына шыққан Елтай Бектеміров хақындағы бұл дүние әңгімедей деңгейде жазылған.
Бес күндік іссапарымның әр күнін, әр сағатын барынша ұтымды пайдалануды ойластырған мен осында табан тигелі қасымда жүрген әріптестеріме кешелі бері көкейімнен шықпай қойған ойымды сездірдім.
– Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповтің ауылдарын көріп қайтқым келеді. Облыс орталығынан қанша жер өзі...
Сөзімді аяқтатпастан іле бөліп жіберген өзіміздің меншікті тілшіміз Байтұяқ Жанымбетов безілдеп қоя берді:
– Ой, Жәке, уақытыңыз тығыздау сықылды. Иек асты дей алмаймын, әжептеуір шалғай. Жобамен екі жүз отыз шақырымдай... Оның үстіне «Жаңажолдың» жолы нашарлау. Қиналып қалмас па екенбіз. Аяқастынан күн бұзылып, жаңбыр жауып кетсе, далада қаламыз-ау?..
Қапелімде тосылып, үндемедім. Қанша құлшынғанмен, көрмеген жердің ой-шұқыры көп. Еріксіз жымидым. Журналист-жазушы ағайындар арасында жиі айтылатын қағытпа әңгіменің есіме орала кеткені.
– Ертеректе Алматыда тұратын композитор ағамыз Әблахат Еспаев «Мәдениет және тұрмыс» журналында жарияланған ән-өлеңінің азынаулақ қаламақысын қомсынып, «Е-е... мәдениеттерің жақсы болғанымен, тұрмыстарың мәз емес екен» деген екен... Қазақ әдебиеті алыбы ауылының атына жолы сай емес секілді, шамасы... Реті келмесе, қайтеміз. Көнеміз да ырықтарыңа...
– Жо-қ... Олай демеңіз. – Бағанадан ләм-мим жақ ашпай тұрған жаңа танысым, жергілікті журналист Жарасбай Сүлейменов қарқылдап күлді. – Немене, Бәке? Қара аспанды төндіріп. Обкомның «Волгасы» ұзақ жолға жарамаса, жүріңіз біздің редактордың көлігін сұрап алайық. Алматыдан ат арытып күнде қонақ келе бермес. Екі күнге шыдар... Саспаңыз, Ғабеңнің Елтінжалын көрсетеміз, «Қос шалқарына» шомылдырамыз...
Мизам шуағына шомылған қыр келбеті айрықша ажарлы шалынған. Орман біткен, тоғай біткен сары етек шапанын жамылыпты. Шоқ-шоқ қайың аралдары ілгері озған сайын қалыңдай ұйысып, біріне-бір ұласқан. Көзім тоймай, жолдың қос қапталына жанар сүзіп отырмын. Қылқалам шебері Шишкиннің картиналары көз алдыма тұра қалғандай. Дөңгеленіп қалып жатыр, дөңгеленіп қалып жатыр.
– Ғажап екен! Орманды өлкенің күзгі дидарын алғаш тамашалауым...
– Жазған дүниелеріңізге қарағанда, сіздің туып-өскен жеріңіз сылқым Қараталдың бойы, көгілдір Балқаштың жағасы тәрізді, – деді көкжелкемде отырған Жарасбай дос еміне алға еңкейіп. – Шексіз-шетсіз айдын-шалқардың өз сұлулығы бар шығар. Біздің теңізіміз өзіңіз тамсанып келе жатқан алдыңыздағы ойдым-ойдым орман-тоғайымыз.
– Әрине, әркімнің атамекені Мысыр шаһары ғой. – Әріптесінің әңгімесін ширата түскен Амандық Жантеміров көмейіне іркілген ойын ағытқан. – Осы уақытқа дейін теңіз көрмеппін. Көздің аясындай тостаған көл бізде көп-ақ. Бірақ Каспий мен Аралдың, Балқаш пен Алакөлдің жөні бөлек.
– Айтып отырғаныңыз дұрыс, Әбеке. Жазамын деген қаламгерге бәрі де тақырып. Тау да, теңіз де, дала да, қала да... Сөйтсе-дағы, біздің өлкеміздің мөлдіреген мынадай табиғатына, мынадай көк-жасыл нуына жететіні жоқ-ау. Кейбір ақын-жазушылар құсап шабыт шақырып қиналмайсыз. Тұнып тұрған жыр, құйылып тұрған өлең. Қараңыз да сүйкей беріңіз қойын дәптеріңізге. – Бағанадан бері үн-түнсіз, әр сөзімізге бас шұлғыған Байтұяқ көкеміздің қуақы әзілін әркім өзінше қабылдаған.
– Ақын емеспін ғой. Біздің күйттегеніміз қара сөз, – деді Амандық. – Өлең-жырды Тоқтар мен Ерболға ұстаттық емес пе?!
– Оларың кімдер?
Шыдамсыздана тіл қатқан маған назарын аударған Жарасбай:
– Жергілікті ақындар. Екеуінің де аяқ алыстары тәуір, – деді байсал кейпін өзгертпеген қалпы. – Тоқтар Зікірин әйгілі Шал ақынның топырағынан. Аты-жөні облысқа танымал жас періміз. Ал Ербол Шаймерденовтің балауса жырлары тегеурінді, ерекше екпінді. Түбінде мықты ақын болады. Біздің облыстық газетте шығып жүрген өлеңдері маған қатты ұнайды. Ой бар, сезім бар... Сөз сиқырын түсінеді... Ең қуаныштысы, өз өрнегін іздейтіні нәзік нақышты жырларынан анық байқалады...
– Айтпақшы, Ербол да Елтінжалдан, журфакты бітірген.
– Иә, Ғабеңнің Елтінжалынан...
Несін жасырайын, одан бетер елеңдегенім рас. Бұған дейін жүздеспеген, ақындығынан бейхабар, таныс та, беймәлім журналист Ербол Шаймерденов туралы ең алғашқы жылы лебізімді былайша өрбіткенім есте:
– Қызылжар өңірінің құнарлы топырағы көптеген дүлдүл мен жүйрікті аялап, мәпелеп өсіргені мұқым қазаққа аян. Есімдері аңызға айналған кешегі Қожаберген жырау, Шал ақын, Сегіз сері, әдебиет алыптары – Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, кейінгі зерделі қаламгерлер – Зейнел-Ғаби Иманбаев, Мүтәллап Қанғожин, Бақыт Мұстафин сапынан, сөз жоқ, Ерболды да көрерміз. Бәрі де уақыт еншісінде.
– Бір ауылдан ұшқан түлектерді жерлестері «Қазақтың Ғабеңі, Елтінжалдың Ерболы» деп әрдайым мақтан ететін болады, – деп қоштаған сапарлас серіктерім.
Шаңқай түс әлетінде жаңа достармен ұлы сөз зергері Ғабит аға кескіндеген «Қос шалқар» көліне рақаттанып суға түскеніміз, алтын күздің қызыл арай кешінде Ғабеңнің кіндік қаны тамған қасиетті мекен Елтінжалдың ақ балтырлы қайыңды тоғайын аралағанымызды неге ұмытайын...
Әрине, сағым жылдар жаңғырығы Ербол есімін де еріксіз ауызға алдырса керек.
Екінші штрих:
Ұстараның жүзі немесе Биікке өрлеген баспалдақтар
«СҚ»-ның кезекті бір лездемесі үстінде аса байсалды да маңғаз, талапшыл да талантты қаламгер Бекболат Әдетов ағамыз өте қатқыл сөйлесін. Бүге-шігесін мыжып ақ парақты текке шимайламай, тоқетерін жеткізсем де біраз жайды аңғарарсыз, сүйікті менің оқырманым.
– Қашанғы ЦК-ға жалтақтай береміз. Үлкен үйдің қабағына қарай бергенді қою керек. Әрі-беріден соң газетті шығаратын олар емес, біз. Тәуір жазатын жас жігіттерді аппаратқа шақырайық. «Лениншіл жаста» жазғыш көп. Айтпақшы, соңғы жылдары Қызылжардағы тілшілері Ербол Шаймерденов өте жақсы көрініп жүр. Қаламының желі бар секілді. Бізге қызметке шақырсақ... Жазғандары маған ұнайды. Өзін онша танымаймын...
– Арқаның журналистері бізге келер ме екен, осы. Керемет жазғыш деп жүрген анау Жомарт Әбдіхалықов ұсынысымыздан әлденеше рет бас тартты, – деді Балғабек Қыдырбекұлы Бекеңнің сөзін бөліп. – Жалпы, сенің айтып тұрған ойларың дұрыс. Сырттай әркім-әркімді сұрастырып, зерттеп жүрмін. Шаймерденовтің ақындығы да бар көрінеді. Әдебиетші дейді. Демек, сөздің қадірін түсінетін жігіттің жаман жазуы мүмкін емес...
Редакторымыздың пікірін Сарбас Ақтаев, Зұлқарнай Сақиев, Кеңесхан Зәкенов қоштай жөнелді...
Әрине, шалғайдағы Ербол бұл жайдан бейхабар-ды. Қабілетті де, дарынды, қолынан іс келетін азаматты өзіндік қолтаңбасынан-ақ таныған тағдырлас әріптестерінің жансарайын көрсету мақсатында жазып отырмын...
Одан кейін де бірер жыл аралаған. Журналистика көрігінің небір ыстық-суығынан ысылып өткен Ербол тілін ұстартып, ойын ұштап, жазу өнерінің қат-қабат құпиясын еркін меңгерген шағында қасиетті қара шаңырақтың табалдырығын аттады. Алғашқы жылдары «Социалистік Қазақстанның» Ақмола облысындағы меншікті тілшісі қызметін жемісті атқарды. Көп кешікпей білімді де, өресі биік ол Орталық Комитеттің шешімімен аппаратқа ауысты. Ең жауапты жетекші бөлімін басқарып, редакция алқасының мүшесі болды.
Газет жұмысы – ұжымдық жұмыс. Күнделікті бұрқырап тоқтаусыз шығып жатқанымен, газет жасаудың оқырманына беймәлім ішкі «кухнясының» сырлы әлемі сан қабат. Кезекті нөмірдің нобайын жоспарлаудан бастап, әр бетке түсетін материалдарды екшеп іріктеу, авторлардың салмағын безбендеу, әр туындының әсер күшін таразылау, ең ақыры сол күнгі газет дүниелерінің географиясына дейін нақтылау жалғыз адамның шаруасы емес. Ал онан кейінгі техникалық харекеттердің шаш-етектен екенін журналист ағайындар жақсы білсе керек. Қысқа ғана қайырсақ, теру – беттеу – корректура – түнгі кезекшілік – оқылған беттерге қол қою – дайын нөмірді баспаханада басу – шыққан газетті оқырманға жеткізу... Бейнелеп жеткізсек, ұстараның жүзінде жүргендей жауапты да маңызды шаруа.
Мінеки, осынау күйіп тұрған ұлан-асыр іске айрықша құлшыныспен сүңгіп кеткен Ерболмен тізе қосып еңбек еттік. Талай арнаулы нөмірлерді бірлесіп жасадық. Тұс-тұстан қарауыл қойып, қақпақылдаған заманда шамамыз жеткенше идеямызды, ойымызды жүзеге асыруға ұмтылдық. Қазіргідей еркін дәуір, бостан кезең емес. Сөйтседағы жаңашылдыққа, тыңнан сүрлеу салуға құштар Ерболдың батыл қадамдары андыздап бой көрсете бастады.
Биікке өрлеген баспалдақтар елжанды азаматтың қаламгерлік атын әйгілеумен бірге, оның саясат сахнасындағы қайраткерлік бейнесін де кескіндеп, сомдағаны аян. Тәуелсіздіктің елең-алаңында Елбасының тұңғыш баспасөз хатшысы болып, Жоғарғы кеңестің баспасөз қызметін басқарды. Тілдерді дамыту департаменті директоры тәрізді республикалық дәргейдегі жауапты қызметтерді атқарды. Азаттыққа қол жеткен алай-дүлей заманның ұйтқыма боранында күн кешкен саясаткерлер иығына түскен жауапкершілік жүгі орасан зілмауыр еді. Құдды иненің ұшында, ұстараның жүзінде жүргендей шақ. Қиғылығы мен құйтырқысы сан тарау шетін сүрлеуден адаспай шығу – үлкен парасаттылықты талап етері мәлім. Қысылтаяң кезеңдегі Ерболдың ересен еңбегін рухани ұстазы, белгілі мемлекет қайраткері Әбіш Кекілбайұлы тереңнен толғап, тебірене жазғаны есте. Кәне, көз жүгіртейікші:
«... Құдай қарасқанда, он екінші сайланған Жоғарғы кеңес тұсында да Ерболмен қоян-қолтық қызметтес болудың орайы келді. Егемендік алып, еңсеміз көтеріліп, тәуелсіздік алып, тәубемізге келіп, марқайып жүрген кезіміз. Жаңа мемлекеттік рәміздерімізді ұзатпай тұрып қабылдатып алу кезек күттірмес міндетке айналды. Көп салмақ сол мақсатпен құрылған арнайы жұмыс тобына түсті. Ұлттық саясат комитетінің төрағасы ретінде маған да сол топта еңбек етуге тура келді. Қызыл менталитет әлі мызғи қоймаған кезең. Әлгіндей шетін мәселелерді шешу үшін бұлтартқызбас дәлел-дәйек керек. Ол үшін өзгелердің тәжірибесіне молынан қанықпай болмайды. Ал ол бұрын дербес мемлекеттіктен айырылып қалған бодан елге оңай емес. Көп уәжіңе өзгелер түгіл қандастарың құлақ аса қоймай, діңкеңді құртады. Бәрін көзге шұқып көрсетіп, жеріне жеткізіп дәлелдеуің қажет. Ол үшін көп нәрсені қопарып, көп нәрсені ақтару керек. Бұнда қарлы Қаратау қиын шаруаның майлық-сулығында бүтіндей жүрген тағы да Ербол Шаймерденов болды.
Аз уақыт ішінде оның кабинеті геральдика көрмесіне айналды. Жер бетіндегі барлық мемлекеттің ежелгі, орта ғасырлардағы, кейінгі замандардағы және қазіргі тулары мен елтаңбалары үлгілері түгелге жуық жиналды. Соларды салыстыра отырып, елде қалыптасып отырған саяси ахуал жағдайында оңтайға келетін ықтимал дәйектемелер түзуге жағдай жасалды. Сол жинақталған деректер кейін Ерболға алты кітап, елуден астам мақала жазуға негіз болып, өзімізді өзімізге де, өзгелерге де ел ретінде танытуға айта қаларлық үлес қосылды. Ербол Шаймерденов – тек осы еңбегінің өзімен-ақ ел ықыласына бөлене аларлық тұлға...»
Рәмізтанушы қаламгер турасында бұдан артық биік баға болмас, сірә!
Үшінші штрих:
Ерболдың хаты немесе «Менің жүрегім – бозторғайы даланың»
Ербол туралы оңды-солды сүйкей салмайсың. Даңғаза мақтауға, жұмсақ көпшікке зәру емес. Жүрегі лағыл, көңілі кіршіксіз ол сезім қылын тербер жарты ауыз сөзге марқаятын кіді азамат. Өзінің дегдар жерлесі, ұлы ағасы Ғабеңе көбірек ұқсайтын тәрізді. Осылайша, ой түйіндеуіме мәжбүрлеп отырған нақты дерегім де бар.
Ол – Ерболдың хаты. Жеке архивімді – мүкәмалдарымды ақтарып отырғанда ұшыраттым. Тұп-тура ширек ғасыр бұрын жазылыпты. Жалғыз жапырақ сарғайған блокнот парақшасын аударып-төңкеріп екі-үш мәрте оқып шықтым. Жападан-жалғыз үйге сыймай, кеткендеймін. «Өзіне телефондасам ба екен? Әлде, қызық үшін бір жолыққанда қолына ұстатсам жөн шығар...» Сөйтіп, жәдігер-хатты қоқысқа тастай салмай, әдемілеп қаттап қойғанмын-ды. Өзімнен-өзім езу тартып, ішімнен күбірлегенмін. «Ауырлығы жоқ, жата берсін. Қажетке жарар...» Сәуегейлігім дұрыс келгендей ме, қалай? Кәне, жиырма бес жыл бұрын жазылған хатқа бірге үңілейікші.
«Сәлеметсіз бе, Жәке!
Денсаулығыңыз, хал-жағдайыңыз жақсы болар. Әдеби бәйгеде озып шыққаныңызды естіп қуанып жатырмын. Қайырлы болсын. Бұл жүлдеңіз алдағы үлкен жеңістердің басы болуына шын жүректен тілектеспін!
Жинаққа деген материалды жолдап отырмын. Машинкаға басу қиындығынан біраз кешеуілдетіп алдым-ау деймін. Көрерсіз. Хабарласып, іске тартқан қамқорлығыңыз үшін көп-көп рақмет.
Сәлеммен, Ербол. 10 январь, 1986 жыл. Целиноград қаласы».
Психолог-ғалымдардың зерттеу тәжірибелеріне қарағанда, адамдардың қолтаңба жазуынан олардың бойындағы қасиеттерді, ең ақыры мінездеріне дейін білуге болатын көрінеді. Маржандай тізілген Ербол хатынан мен де біраз жайды ажыратқандаймын. Ыждағатты, ұқыпты, сергек кісінің келбеті сезіліп тұр. Хат жазу мәдениетінен анық байқалады. Ойы нық, тілегі ашық. Кезінде «Жалын» баспасының жабық конкурсында жүлде алған қуанышты сәтіме ортақтасып, жүрек лүпілін білдірген. Әдеби ортадан жырақ жүрсе де, әр нәрседен құлағы түрік қаламгер әріптестің өзгелердің де табысына қуана алатын елгезектігіне неге сүйсінбейсің. Көбімізде жоқ тамаша қасиет. Өткен жылдар жаңғырығы есіме тағы бір елеусіздеу оқиғаны түсіріп отыр. Бұрын-соңды тілдесіп, жүздеспеген Ербол бірде: «Сен білесің бе?» деген танымдық кітабыңызды іссапарда жол қапшығымнан тастамайтын болдым» деп телефон соққан-ды. Жүрекжарды лебізіне қанаттанып қалғанымды жасыра алмаймын.
Ойыма қазақ поэзиясының батагөй абызы Әбділда Тәжібаевтың кезінде «Лениншіл жаста» жарияланған толғанысының тақырыбы орала береді. Талай жыр сүйер қауымды дүр сілкіндірген мақала «Күләш Ахметова – ақын» деп аталатын. Қарапайым ғана естілетін, сәт сайын айтылатын осынау сөздің құдіретті баға саналғаны анық. Жастардың үлкен қамқоры әрі жанашыры айтқан бұл сөз кеңестік кезеңде аңызға айналғаны мәлім. Өйткені қатып-семген, қасаң жүйе ешкімді мойындамайтын, ешкімді артық мақтамайтын. Қазір ше? Кешегі мен бүгінгінің арасы жер мен көктей. Бірін-бірі көзін бақырайтып қойып «ұлы ақын», «ұлы жазушы» дейміз еш қысылмастан. Мейлі, әркімнің өз мәдениетіне, өз өресіне қалдырайық. Ар таразысы бәрінен биік. Ойым шашырап бара жатқандай. Асау пікірімді бұғалықтап, тоқетерін мен де ұлы данагөйіміз Әбекеңше келтесінен қайырайын. Ербол – ақын. Есіңізде жүрсін, бұл түйінге тоқтағандардың тізімін түзейін. Мұзафар Әлімбаев, Әбіш Кекілбайұлы, Тұманбай Молдағалиев, Герольд Бельгер, Иран-Ғайып, Аян Нысаналин, Есенғали Раушанов, Серік Тұрғынбекұлы, Қайрат Жұмағалиев, Сабыржан Шүкірұлы, Несіпбек Айтұлы секілді поэзия тамыршылары әр жылдары түрлі басылымдарда тебірене жазып, түрлі мінберлерде сүйсіне айтқанына куәміз.
Ербол жырларының алтын өзегі – туған жер, туған ел, сүйікті Отан, атамекен, алаштың ардақтылары, сұлу табиғат, аяулы ару. Қалың нөсерден кейінгі тұнық көк күмбезінде керілген кемпірқосақтың көз жауын тартар түрлі-түсті бояуындай сан-алуан тақырыптағы Ербол лирикасы ешкімді де бейжай қалдырмайды. Әп дегеннен баурап, өлең тылсымына жетелейді. Тұңғиық ойға шомдырып, шуақты сезімге бөлейді.
Намыс қайрағына жанып, жүрек отынан суырған өршіл, патриоттық сезімге толы ақын өлеңдері қиялыңды шарықтатып, бойына тегеурінді қуат үйіреді. Туған ел, замана зарын, бабалар рухын тілге тиек еткенде сиқыр сөзден жыр қашаған ақын жаны да арқаланып, айрықша асқақтап кетеді. «Ақ қайыңның қара мен бүршігімін», «Мен – бір гүлің ашылған сайыңдағы», «Рухына абыз ата таң қаласың, Қырандай биік шырқап қалықтаған», «Көтерген дүниенің қан қысымын» деп жыр өрген ақын жүрегінің лүпілін анық естисің. Оған «Туған ел», «Абыз», «Абылай алаңындағы ой», «Аттила», «Еркіндік жыры», «Мағжан аға», «Көгілдір ту» т.б. өлеңдер айқын дәлел. Шойындай шып-шымыр, теңіздей терең ойлар селі тасқындай құйылғанда еңселенген жыр жолдары айдарлана, айбарлана түседі.
Иә, тамыры даладан үзілмеген, ауылмен кіндіктес ақын қан тамырының лүпілі де ерекше естілсе керек. Ақын Ербол бір өлеңінде «Менің жүрегім – бозторғайы даланың» деп жырлайды. Сол бозторғай-жүректің шырылын жалықпай тыңдай бергің келеді екен.
Соңғы штрих:
Тобықтай түйін немесе Айтылмай қалған деректер
... Өкшемізден ерген талантты қаламдас іні хақында ағымыздан жарыла сыр шерттік. Әңгіме тізгінін ірікпегенімді сеземін. Кейбіреулер жайында аз-кем пікір айтқың келгенде, ағыл-тегіл сөзің қалам ұшына жоламайтыны жасырын емес. Неге? Жалғандыққа, жағымпаздыққа жақындаудан қорыққаннан шығар. Ең бастысы, қасиетті де, қастерлі мұрамызды оңды-солды көпіртіп сілтеуден қашқақтау болса керек. Тағы да қайталаймын, Ербол туралы айтылмай қалған кейбір деректерді түйіп-түйіп жеткізгім келеді.
Өзінің ұлтжандылығымен, азаматтығымен, қабілет-дарынымен өмірдегі орнын ойып алған Ербол ондаған кітаппен бірге көптеген тамаша ән-өлеңнің авторы. Сөз киесін таниды. Оған дәлел – әйгілі жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов «Қан мен тер» трилогиясының сүзгіден өткен соңғы басылымына жауапты алғысөзді арнайы Ербол Шаймерденовке жаздыруы бекер емес. Үлкен сенім, биік құрмет. Әйтпесе, өздерін «әдебиетшіміз», «ғалымбыз» деп шіреніп жүрген докторсымақтарды Әбекең көрмеді дейсіз бе?! Кейіпкеріміздің көп жұрт білмейтін екінші дипломы бар, С.Сейфуллин атындағы Агротехникалық университетті бітірген. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Міржақып Дулатов атындағы сыйлықтың лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері.
Өмір мәнін жыр жолдарымен өрнектеген Ербол-ақынның мына шумағымен шалқыма-толғанысымды түйіндемекпін:
– Керегі не басқаша аңыз құрап,
Өмір-ғажап, дүние-нағыз жұмақ.
Шарқ ұрғанмен ештеңе таба алмайсың,
Тіршіліктен бір күнгі маңыздырақ.
Рәмізтанушы қаламгердің алты томдық шығармалар жинағы өзі «өмір-ғажап» деп ынтыға өрнектеген тіршіліктен өткеннен соң жарық көрді. Абзал да ардақты азаматтың рухани тірлігі осылайша жалғаса бермек.
Жанат ЕЛШІБЕК,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты