Ақтауда «Ораза тартуы» акциясы басталды

Ақтауда «Ораза тартуы» акциясы басталды

Ақтауда «Ұлттық Рух» қоғамдық бірлестігі және облыстық «Бекет ата» мешітінің бастамасымен «Ораза тартуы» акциясы басталды Шара аясында дайындалған арнайы тізімдегі азық-түлік себеті тиісті адамдардың мекенжайына жеткізіледі. Яғни, ауызашар дәмі мұқтаж жанға табысталады. Аталған акцияны мемлекеттік қызметшілер бірінші болып қолдады. Қалалық әкімдіктің қызметкерлері 150-ге жуық отбасыға Ауызашар апарды. Сондай-ақ, облыстық мәдениет басқармасы, өнер саласының өкілдері де атсалысты.

«Рамазан айы - жақсылық айы! Барша мұсылманды игі іске жұмылдыратын қасиетті мереке. Қасиетті айда шапағатымызды мұқтаж жандарға көрсетсек, сауабы еселенері сөзсіз. Сондықтан Маңғыстау халқын, барлық ұжымдарды атсалысуға шақырамын»,-деді облыстың бас имамы Әнуар Ізімбайұлы.
Шараға қолдау көрсетуге «Форте банк» АҚ облыстық филалының ұжымы да келді. Олар 50 отбасыға азық-түлік апаруға шешім қабылдаған. Жалпы, Рамазан айының соңына дейін көмекке мұқтаж 2500-ден аса отбасыға ауызашар апару көзделген.