Шығыс Қазақстан облысында келесі айдан бастап барлық саябақтар ашылады. Бұл жайлы аймақ басшысы Даниал Ахметов Facebook-тегі парақшасында жазды.
«1 мамырдан бастап өңірдегі барлық саябақтар ашылады. 29 сәуірде Өскемендегі демалыс орындарының дайындығын тексеріп, волонтерлермен бірге Жамбыл саябағында ағаштар отырғыздық. Келесі айда ата-аналарға балаларымен бірге серуенге шығып, саябақтарда қыдырып, таза ауада дене шынықтырып, алаңқайларда ойнауға рұқсат етіледі. Алайда әзірге бұның бәрі тек берілген рұқсат қағаздары және әлеуметтік қашықтықты сақтау арқылы ғана мүмкін болмақ», - дейді әкім.Оның айтуынша, 4 мамырдан бастап карантин шаралары кезең-кезеңімен жеңілдетіледі. Осылайша, бірқатар кәсіпкерлік нысандарға санитарлық-эпидемиологиялық және дезинфекциялық шараларды қатаң сақтай отырып өз жұмысын қайта бастауына рұқсат берілмек.
«Сонымен қатар 4 мамырдан екі бағыт бойынша – Нұр-Сұлтан мен Алматыға әуе қозғалысын ашуды жоспарлап отырмыз. Уайымдаудың қажеті жоқ, ұшу барысында барлық жолаушылар ПТР әдісімен тестілеуден өткізіледі. Бұдан бөлек, менің тапсырмам бойынша біздің қалаларға келетін барлық адамдар міндетті түрде қосымша экспресс тестілеуден өтеді», - дейді Даниал Ахметов.