Шетелге де керек емес орамжапырақ шіріп жатыр – министрлік
Шетелге де керек емес орамжапырақ шіріп жатыр – министрлік
Фото: Интернеттен алынды
160
оқылды
Қазақстанда өсірілген қырыққабатқа деген сұраныс ішкі нарықта да, шетелде де күрт төмендеді, – деп мәлімдейді Ауылшаруашылығы министрлігі. Министрліктің мәлімдеуінше, әлемде коронавирустың таралуы салдарынан азық-түлік тауарларына деген сұраныстың өсуі аясында Қазақстан бастапқыда қырыққабат, пияз және сәбіз сияқты көкөністерді экспорттауға уақытша тыйым салынған. «Тыйым елдің азық-түлік қауіпсіздігі және өз халқымызды жеткілікті мөлшерде азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында енгізілген. Бұл шешім ескі дақыл қорының аз болуына байланысты шығарылды. Қалай болғанда да, былтырдан қалған қорды жаңа өнім алу кезеңіне дейін жеткізу қажет болды. Тыйым салу туралы бұйрық 22 наурыз күні ішкі өнімдерді шетелдерге жаппай шығаруға байланысты қабылданды. Сондай-ақ, бұйрық 11 күн ғана әрекет етті. 2 сәуірден бастап тыйым алынып тасталып, шаруалар белгіленген квоталар шеңберінде қырыққабат, пияз және сәбізді экспорттауға мүмкіндік алды. Осы уақыт ішінде 4 мың тоннаға жуық қырыққабат экспортталды. Фитосанитарлық сертификаттар уақытылы берілді, өтінім бергендерге ешқандай кедергі болған жоқ» делінген хабарламада. Өңірлік тұрақтандыру қорлары ішкі тұтынуға қажетті көлемді сатып алғаннан кейін, 14 сәуірде шектеуді толығымен алып тастаған. «Тыйым алынып тасталғаннан соң, 20 мың тоннадай қырыққабаттың 971 экспорттық сертификаты берілді. Биылғы жылы қырыққабатты жаппай жинау 10 сәуірде басталды. Осылайша, елдің оңтүстігі жаңа өнімге қол жеткізген соң, Ауыл шаруашылығы министрлігі барлық тыйым салулар туралы бұйрықтың күшін жойды. Өсірілген қырыққабат көбіне Ресей Федерациясына, Украина мен Беларусь елдеріне шығаруға арналды. Алайда, карантиннің кеңінен енгізілуіне және экспорттық-импорттық қатынастардың шектелуіне, сондай-ақ супермаркеттердің, дүкендердің, базарлардың, мейрамханалардың және басқа да сауда орындарының жабылуына байланысты қазақстандық қырыққабатқа деген сұраныс ішкі нарықта да, шетелде де күрт төмендеді» делінген хабарламада. Бұған дейін Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Үкіметтен өңірдегі шаруалардың қырыққабатын өткізіп беруге көмек сұрады. Оның айтуынша аймақта қазір сатылмай жатқан 250 мың тонна қырыққабат бар.