Олимпиада чемпионын артта қалдырды
Олимпиада чемпионын артта қалдырды

Нұр-Сұлтанда велотректен CL1 санаттағы халықаралық рейтингілік Silk Way Series турнирі өз мәресіне жетті. Әсіресе, сайыстың соңғы күні қазақстандық жанкүйерлер үшін ерекше тақым қысар сәтке толы болды.

Еліміздегі үздік спринтерлердің бірі – Павел Воржев қарсыластарының ешқайсысына да айла қалдырмастан алға озып, алтын медаль жеңіп алды. Ол тіпті дәл осы спорт түрінен алты дүркін олимпиада чемпионы атанған Джейсон Кенниден де озып кеткен. Екінші орынды әлем чемпионатының қола жүлдегері, ресейлік Павел Якушевский иеленсе, үшінші сатыға тағы бір ресейлік Александр Шарапов орналасты.

– Осы жарыста жүлде аламын деп өзімді қамшыладым. Өз жерімізде жеңіс тұғырынан көріну – үлкен бақыт. Дәл қазір нағыз бабымдамын деп айта алмаймын. Дегенмен кеше құлап қалғаныма қарамастан бәрі сәтті өтті. Үздік үштікке енетінімді сезгенмін. Бірақ жарыс мен ойлағаннан да нәтижелі болды. Әрбір турнирден соң қорытынды шығарып, қателіктермен жұмыс істейміз. CL2 санатындағы жарыста мәреге үшінші болып келдім. Үнемі үшінші, төртінші орында қала бермей, жеңіске жеткім келді. Бұл жарыстың деңгейі жоғары, ұпай да көп таратылады, – дейді Воржев.

Айта кетелік, CL1 санатындағы турнирде жеңіске жеткен спортшыға 200 ұпай беріледі. Бұл ұпайлар Олимпиада ойындары мен кубоктік кезеңдерге қатысу үшін қажет. Жалпы, осы турнир барысында қазақстандық спортшылар үш алтын медаль жеңіп алды. Алғашқы жарыс күнінде біздің спортшылар «омниумнан» екі медаль иеленді. Роман Василенков бұл бағдарламада жеңімпаз атанса, команда үздігі Артем Захаров күміс еншіледі. «Мэдисон» бойынша Артем Захаров пен Сұлтанмұрат Мірәлиев жұбы топ жарса, Әлішер Жұмақан мен Роман Василенков – қола жүлдегерлер қатарында.

Топтық жарыста қазақстандықтар бірінші және екінші орынды ешкімге берген жоқ. Сұлтанмұрат Мірәлиев алтын алса, Асылхан Тұрар күміс медаль иеленді. Oкінішке қарай, Қазақстан әйелдер командасы жүлдесіз қалды. Рината Сұлтанова жүлдеге қол созым жерден тоқтады. Осылайша, Қазақстан командасы үш алтын, екі күміс және екі қола медальмен сайысты аяқтап отыр.