Биыл Еуропа туристерге есік ашпауы мүмкін
Биыл Еуропа туристерге есік ашпауы мүмкін
Фото: Интернеттен алынды
Еурокомиссия өкілдерінің болжамынша, Еуропа елдері жыл соңына дейін Шенген аймағына турист кіргізбеуі мүмкін. Ең бірінші Еуроодақ елдерінің азаматтарына шекара ішінде саяхаттауға рұқсат береді. Сырттан келетін туристерге қатысты шешім коронавирус пандемиясының таралу көрсеткішіне қарай қабылданады. Саяхаттау маусымы таяп қалды. Бірақ шекаралар ашылмауы мүмкін. Егер жағдай жақсарған күннің өзінде Түркия карантиннен кейінге алғашқы туристі мамырдың соңында қабылдау жоспарында бар. Ал Біріккен Араб Әмірліктері саяхатшыларды маусымның екінші жартысында кіргізбек. Еуропа елдеріндегі жағдай мүлде қиындау, – деп жазады 24.kz. Сарапшылар Германия мен Франция өз шекарасын күзге дейін, ал Италия мен Испания жыл соңына дейін ашпауы мүмкін деген болжам жасады. Қазірдің өзінде Еуроодақ туристік саланы қолдауға 375 миллиард евро бөлді. Оның 255 миллиарды одаққа мүше мемлекеттердің үкіметтеріне үлестіріледі. Қалғаны осы саладағы компанияларға берілмек. Еуропалық туристік комиссия директоры Эдуард Сантандердің болжамынша, шектеулер тағы бірнеше айға созылса, Еуроодақ елдерінің туристік саласында 10 миллион жұмыс орны жабылады. Бұл дағдарыстан, әсіресе, Оңтүстік Еуропа, яғни, Португалия, Италия, Испания және Грекия елдері көп шығынға батады.