Теңіз кеніші - Атырау облысында індет жұқтырудан көш бастап тұрған ошақ. Бұл жерде коронавирусқа шалдыққандармен байланыста болған мың жарымнан астам жұмысшы анықталды. Атырау облысы төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі шұғыл штабтың мәліметіне сүйенсек, бұлардың барлығы науқаспен жақын қарым-қатынаста болғандар. Теңіз кенішінде короновирус жұқтырған алғашқы адам анықталған сәттен бастап індет жұқтырушылар саны күрт көбейді. 16 сәуірден бастап Теңіз кенішінен құрылыс жобасындағы жұмысшыларды шығару басталды. Олардың саны 17 мыңға жетіп отыр. Шұғыл штаб мәліметі бойынша, олардың арасында 6 000 нан астам жұмысшы Атырау облысының, 2 000 нан астамы Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарының, 600 ден астамы Маңғыстау облысының тұрғындары. Қалған қызметкерлер Қазақстанның өзге де өңірлерінен келген мамандар. Қазіргі уақытта 10 мыңнан астам жұмысшы шығарылды. Оның ішінде 4 мыңға жуық жұмысшы әуе жолымен, 3 мыңға жуық жұмысшы темір жол қатынасымен, 3 мыңнан астам жұмысшы автобус көлігімен тасымалданды. Қалған жұмысшыларды шығару процесі 5 мамырда аяқталады деп күтілуде. Бүгінгі таңда Теңіз кенішіндегі жұмысшылар арасында қауіпті дертке шалдыққандар саны 71 адамға жетті. 12 жұмысшы жазылып шықты. Теңіз кенішінде коронавирусқа шалдыққандармен байланыста болған 1,5 мыңнан астам жұмысшы анықталды. Оның ішінде 847 адам жақын қатынаста, 718 адам байланыста болған. Сайып келгенде Теңіз кенішінде жұмыс істеген жұмысшылардың індетті жұқтыруы халықты алаңдатып отыр. Бүгінде Атырауда індет жұқтырғандар саны – 135. Емделіп шыққандар саны – 60.
Тұрсын Жұмабекқызы, Атырау облысы