«Барселона» бапкерін қумақ
«Барселона» бапкерін қумақ
226
оқылды

Каталониялық «Барселона» клубының басшылығы бас бапкер мәселесін тез арада шешуге тырысып жатыр. Олар биыл Эрнесто Вальверденің басшылығымен тек ел чемпионатын ұтты. Чемпиондар лигасының жартылай финалында «Ливерпульден» жеңіліп қалса, ел кубогының финалында «Валенсияны» жеңе алмады.

Қазіргі таңда «Барселонаны» баптауға басты кандидат Бельгия құрамасының бас бапкері Роберто Мартинес көрінеді. 45 жастағы маман былтыр Бельгия құрамасымен әлем чемпионатында үшінші орын алған болатын. Дегенмен клуб басшылары алдағы уақытта Вальвердемен кездесіп, биылғы маусымға талдау жасап, оның позициясын білмек. Содан кейін ғана нақты шешім қабылданады.

Бұған дейін Чемпиондар лигасынан шығып қалғанына қарамастан Вальверденің каталониялық клубта қала беретіні жария болған. Алайда кубок финалындағы жеңіліс оның Каталонияда қалу мүмкіндігін төмендетіп жіберген сияқты. Ал Вальверде отставкаға кеткен жағдайда Мартинес «Барселонаны» баптауға дайын отыр. Оның Бельгия құрамасымен келісімшарты 2020 жылға дейін жарамды.

 Вальверде «Барселона» тізгінін 2017 жылы ұстаған. Оның баптауымен команда екі рет Испания чемпионатын, ел кубогы мен Суперкубогын жеңіп алды.