Әлем аштықты талқылап жатыр, біз дайын орамжапырақты ұқсата алмай отырмыз – Назарбаева
Әлем аштықты талқылап жатыр, біз дайын орамжапырақты ұқсата алмай отырмыз – Назарбаева
© Сенат баспасөз қызметі
143
оқылды
Парламент Сенатының төрағасы ауыл шаруашылығы саласын сынап, оны дамыту бағдарламасын қайта қарауды ұсынды. Ол Түркістан облысында шаруалар өткізе алмай қалған 250 мың тонна орамжапырақты мысалға келтірді.
 «Төтенше жағдай біраз проблеманың бетін ашты. Бұл біздің ауыл шаруашылығы өндірісін дамыту бағдарламасын қайта қарау қажеттігін көрсетеді. Мұны бірінші орында жасау керек. Ауыл шаруашылығы мен оған қатысты жеңіл өнеркәсіп, химия және сауда саласы экономиканы қалпына келтірудің драйвері болуы тиіс. Түркістан облысындағы орамжапырақ мәселесін қараңыздар. Бүкіл әлем көптеген елдерде аштық болуы мүмкін екенін талқылауда, ал біз дайын өніммен не істеу керек екенін білмейміз», - деді ол Сенат отырысында.
Спикер Мәслихат депутаттарынан аймақтардағы мемлекеттік және жекеменшік қоймалардың есебін шығарып, сыйымдылығын тексеруді сұрады. Бос орындарды жалға алып, ерте піскен көкөністі сонда сақтауға болатынын айтты. Дағдарыстан шығу мәселесін көпшілікпен бірге талқылауға шақырды.
«Мемлекеттің көмегіне экономиканың барлық секторы мен бар халық мұқтаж. Әлемдік экономикадағы проблемаларды ескеріп, резервтердің мүмкіндігіне шынайы баға беру керек. Үкіметтің іс-әрекет жоспарын Парламенттің, жергілікті сала өкілдерінің қатысуымен талқыға салу қажет. Бұл кулуарда шешілетін мәселе емес. Бұл сұрақтар қоғамның барлық мүшесін алаңдатады», - деді спикер бұған қатысты.
Оның сөзінше, енді үнемшілдік болмаса, жағдай қиындай  түспек.
«Пандемияның салдары әр азаматтың өмірінде ұзақ уақыт бойы білінеді. Мұны байсалды қабылдап, белді буып, үнемшілдікке үйренуіміз керек. Біз енді жаңа реалиялар кезеңінде өмір сүріп жатырмыз. 24 сәуірде Елбасы Қауіпсіздік кеңесінің жиналысында сөйледі. 27 сәуірде Мемлекет басшысы Үндеуін жариялады. Ел басшылығы дағдарыстан кейінгі өмірге дайындықты бастау туралы ой тастады. Бұл депутаттар алдына біраз мәселелер кешенін шешу міндетін қояды», - деді Сенат төрағасы.
Д.Назарбаева депутаттарға экономиканы қалпына келтіруге бөлінген ақшаны ұдайы бақылауда ұстап отыруды тапсырды. 15 минуттық мәлімдеме жасаған Сенат спикері денсаулық сақтау саласындағы проблемаларды, оның ішінде медициналық бұйымдардың импортталатынын, қарттар үйінің қараусыз қалғанын да еске салып, сынға алды.