Алматыда өткен онлайн брифинг барысында қаланың бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин қандай ШОБ түрлеріне карантин аясында жұмыс істеуге болатынын айттты. «Егер қызмет көрсету саласында жұмыс істейтін субьектілерге келсек, штаб шаштараздарға шектеулі уақыт арасында жұмыс істеуге рұқсат береді. Эпидемиологиялық тұрғыдан шаш кесу аз уақыт, ары кеткенде орта есеппен 30-40 минут алады. Жеке мастер мен клиент қана байланыста болады. Клиенттер алдын ала жазылып келуі керек. Ал сұлулық салонының қызметтеріне келсек, маникюр, педикюр деген сияқты қызметтерді жүзеге асыру ұзақ уақытты алады. Әрі клиент пен мастер аса жақын қатынаста болады. Бұл жұқтыру қаупін туғызады», - деді Ж.Бекшин. Айта кету керек, ҚР Президенті жанындағы ТЖ режимін қамтамасыз ету бойынша Мемлекеттік комиссия 4 мамырдан бастап барлық өңірлерде жұмысқа кірісетін кәсіпкерлік субъектілерінің қызмет түрлерінің тізімі бекіткен болатын.