Алматы қаласында Президенттің тапсырмасын орындау үшін коронавирустық инфекцияға қарсы күрес шеңберінде эпидемияға қарсы іс-шараларға қатысатын денсаулық сақтау қызметкерлерін қаржылық қолдауды жүзеге асыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасы басшысының орынбасары Әсел Бисенбаеваның айтуынша, мұндай қолдауды тәуекел топтарына бөлу денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен регламенттелген. Бұл ретте Алматы қаласы әкімінің қаулысымен комиссия құрылып, комиссия төрағасы мен мүшелері белгіленген. Комиссия төрағасы Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров болса, ал комиссия құрамына 12 мүше кіреді. Мұнда «Нұр Отан» партиясының өкілдері және қаланың Қоғамдық кеңесінің өкілдері бар. Қандай да бір санатқа үстемеақы төлеу туралы әрбір шешім осы комиссия шеңберінде жүргізіледі. Алматыда осы мақсаттарға 1,2 млрд теңге мөлшерінде қаржы бөлінді. Қазіргі уақытта наурыз айына төлемдер жүргізілді: - Бірінші қауіп тобындағы 560 қызметкерге сомасы 375 млн теңге; - Екінші қауіп тобындағы 2282 қызметкерге сомасы 722 млн теңге; - Үшінші қауіп тобындағы 916 қызметкерге сомасы 167 млн теңге; Бұл төлемдер Еңбек кодексіне сәйкес барлық салықтарды ескере отырып, ай сайынғы жұмыс балансынан аспайтын нақты жұмыс істеген уақыт үшін беріледі. Медицина қызметкерлерінің барлық өтініштері үшін комиссия отырыстары әр өтініш бойынша жеке өткізіледі. Содан кейін әдетте қызметкерлердің пайдасына орай алқалық шешім қабылданады.