Орал қаласы маңында құрғақ шөп пен орман өртенді. БҚО ТЖД бастығы, генерал-майор Жасұлан Жұмашевтің мәлім еткеніндей, оқиға 30 сәуір күні Зачаган кентіндегі «Яик-1» бау-бақша серіктестігі ауданында сағат 15.00-де орын алды. Алдымен 7 гектардай жердің құрғақ шөбі жанып, ол орман өртіне ұласты. Мұнда 2 гектардай жерді қамтыды. «Тілсіз жауды» ауыздықтауға 64 қызметкер, 15 техника жұмылдырылды. Сондай-ақ Зачаган мен Круглоозерный кенттерінен алдағы уақытта өрттің алдын алу үшін жер жыртатын техникалар тартылды. Зардап шеккендер жоқ. Өрт сөндірушілердің жедел қимылдауы нәтижесінде елді мекендерге қауіп төнген жоқ. Алдын ала мәлімет бойынша табиғи өрт адамдардың отпен абай болмауы салдарынан шыққан. Осы маңда тұратын тұрғындар мен саяжай иелерінің сөзіне қарағанда, қаладан келген адамдар алау жаққан. Содан кейін бақыламай, кетіп қалған. Күшті жел өрттің өрши түсуіне себеп болған. «Күннің жылынуына байланысты табиғи өрт қаупі молая түседі. Сондықтан облыс тұрғындарын өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауға шақырамыз. Рұқсат алмай, тұрмыстық қалдықтар мен құрғақ шөпті жағу деректері анықталған жағдайда кінәлілерге әкімшілік шара қолданылады», деді Ж.Жұмашев.