«Челси» Еуропа лигасын жеңіп алды
«Челси» Еуропа лигасын жеңіп алды
209
оқылды

Маурицио Сарридің командасы алғашқы минуттардан ақ белсенді ойнады

Бакуде өткен Еуропа лигасының финалында лондондық «Челси» мен «Арсенал» кездесіп, «ақсүйектер» 4:1 есебімен жеңіске жетті.

Маурицио Сарридің командасы алғашқы минуттардан ақ белсенді ойнады. Тіпті бірнеше мүмкіндіктері де болды. Ал бірінші таймдағы «Арсенал» қорғаушысы Гранит Джаканың алыстан бағыттаған соққысы өте тегеурінді болды. Соған қарамастан бірінші таймда есеп ашылған жоқ.

Ал екінші таймды Сарри командасы өте белсенді бастап, ақыры алғаш болып есеп ашты. 49 минутта Оливье Жиру есеп ашса, 60 минутта Педро есепті 2:0-ге жеткізді. 65 минутта пенальтиден гол соққан Эден Азар, 72 минутта Жирудың пасын тиімді пайдаланып, дубль жасады. «Арсенал» да қарап қалған жоқ. Алаңға тыңнан қосылған Ивоби 69 минутта Кепа қорғаған қақпадан саңылау тапқан. Алайда Унаи Эмери ойыншылары есепті теңестіру тұрмақ, гол айырмасын қысқартуға да қауқар таппады.

Бір қызығы, бұл жеңіс – Сарридің карьерасындағы алғашқы трофейі. Бұған дейін 60 жастағы маман А сериясында «Наполимен» бірге тек екінші, үшінші орындарды ғана иеленген. Ал «Арсенал» бапкері Эмери болса Еуропа лигасының финалында тұңғыш рет жеңіліске ұшырады. Осыған дейін бұл маман «Севильямен» бірге үш мәрте осы турнирдің бас жүлдесін еншілеген болатын. Ал Еуропа лигасын жеңе алмаған «Арсенал» келер жылы да Чемпиондар лигасында ойнай алмайтын болды.