Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында ел Парламенті жеделдетіп «Ардагерлер туралы» заңды қабылдады. Қазір Қазақстанда Ұлы Отан соғысының небәрі 1 025 қатысушысы мен мүгедегі қалыпты. Бұған дейін тек Ауған соғысының 15 мыңдай ардагері олардың мұрагері саналатын. Енді жаңа заң бойынша ардагерлерге теңестірілгендер қатары 181 мыңға дейін өспек. Сенат төрағасы Дариға Назарбаеваның төрағалығымен өткен отырыста сенаторлар ардагерлер туралы жеке заңды құптады. КСРО басшылығының бұйрығымен өзге елдер аумағында жүргізілген соғысқа қатысқан қазақстандықтар бұл заңды он бес жылдай күтті. Мысалы, осы аттас заң жобасын ел Парламенті 2007 жылы қараған-тын. Алайда Мәжіліс пен қоғамда ұзақ талқыланған ол жобаны ел Үкіметі кері алып қойыпты. Жаңа заң барынша қысқа уақыт ішінде қабылданып отыр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің түсіндіруінше, бұған дейін әртүрлі заңдарда ардагерлерге қарастырылған барлық жеңілдік пен кепілдік енді осы бір құжатта топтастырылды. Жаңа заңның негізгі жаңалығы – ардагерлердің 5 әлеуметтік қорғалатын санатын бекітуі. Бұлар: біріншіден, Ұлы Отан соғысының ардагерлері; екіншіден, басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері; үшіншіден, жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша ҰОС ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер; төртіншіден, еңбек ардагерлері; бесіншіден, заңның күші қолданылатын басқа да санаттағы адамдар. Ауғанстандағы, сондай-ақ басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысқан әскери қызметшілер «соғыс қимылдарының ардагерлері» санатына өтеді. Олар үшін қолданыстағы барлық жеңілдік пен жәрдемақы сақталады. Бұл ретте басқа мемлекеттердің аумағындағы жауынгерлік іс-қимыл ардагерлері санатына тікелей соғысқа қатыспаған, бірақ оны реттеуге тартылған ардагерлер, 1992-2001 жылдар аралығында тәжік-ауған шекарасында ТМД-ның сыртқы шекарасын күзетуді күшейтуге, 1968 жылы Чехословакиядағы жанжалды реттеуге, Таулы Қарабахтағы этносаралық жанжалды реттеуге қатысқан адамдар, сондай-ақ бертінде Ирактағы бітімгершілік операцияларына қатысқан ұлттық контингент жатқызылып отыр. Яғни, олардың барлығы Ауған ардагерлерімен теңестірілді. Жаңадан енгізілетін санат ардагерлеріне 4,8 АЕК (2020 жылы – 12 725 теңге) мөлшерінде арнайы мемлекеттік жәрдемақы беріледі. Осы жәрдемақыдан басқа олар тұрғын үй кезегіне тұрады, салық жеңілдіктерін пайдаланады, тегін медициналық қызметке жүгіне алады, санаториялық-курорттық емдеумен қамтамасыз етіледі. Бұл 10 мыңнан астам адамға қатысты. Ведомствоның мәліметінше, биыл Жеңістің 75 жылдығын мерекелеу қарсаңында 1 025 ҰОС ардагері және Екінші дүниежүзілік соғыста Жеңіске үлес қосқан өзге қазақстандықтар жалпы сомасы 7,6 млрд теңгеге біржолғы қаржылай көмек алады.
Айхан ШӘРІП