Nur Otan партиясының Алматы филиалы қала әкімінің тапсырмасына сәйкес медицина қызметкерлерінің уақытша тұрып жатқан орындарын бақылауға алды. Жуырда Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров бастаған, құрамында партиялық бақылау комиссиясы төрағалары, аудан әкімдерінің орынбасарлары, аудандық СЭС және АМБ өкілдері, қоғамдық ұйымдардың волонтерлары бар жұмыс тобы медицина қызметкерлерінің тұрып жатқан орындарын тексеріп, эпидемиологиялық нормаларды сақтау бойынша бірқатар тапсырма берді. Аталған шара барысында Медеу ауданында партбақылаудың мониторинг тобы екінші рет Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің №3 жатақханасы мен «Мика сити отель» қонақүйінде болды. Бұл жерде 124 медицина қызметкері тұрады. Партиялық комиссия тарапынан бірінші мониторинг кезінде анықталған кемшіліктердің жойылуы тексерілді. – Мониторинг тобымен медицина қызметкерлері тұратын нысандарды қайта бақылау кезінде эпидемиологиялық талаптардың сақталмағаны жөнінде фактілер анықталды. Оларды жою бойынша тиісті іс-шараларды атқарып жатырмыз. Сондай-ақ қайта бақылау кезінде медицина қызметкерлері тарапынан бірқатар ұсыныс айтылып, сұрақ қойылды. Олардың бәрі партияның қалалық филиалының төрағасы, қала әкіміне жеткізіліп, бақылауға алынады, – деп атап өтті Nur Otan партиясы Медеу аудандық филиалының партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Әміржан Нәбиев. Мейірбике Бақыт Әбілдаеваның айтуынша, өткен аптада комиссия медицина қызметкерлерінің тамақтануы мен қорғаныс құралдарымен қамтылуын тексеріпті. – Nur Otan партиясы демеушілермен бірігіп, оларға санитайзерлер мен жеміс-жидек әкеліп берді. Әріптестерім Birgemiz қорынан 50 мың теңге материалдық көмек алуда. Елбасымыз бен Президентімізге медицина қызметкерлерінің қа-мын ойлап, көмектесіп жатқандары үшін алғыс білдіреміз, – деді Бақыт Әбілдаева. Алдағы уақытта тексеру қорытындылары бойынша мониторинг топтары дайындаған анықтамалар толық талданып, тиісті шешімдер қабылданады.
А.ЖАСАНҰЛЫ