Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нариман Мұқушев 42 500 теңгенің түскенін тексеру үшін жаңа қызметтің іске қосылғанын хабарлады. Бұл туралы өзінің Facebook-тегі парақшасында мәлімдеді. "Мақұлдағаннан кейін шоттарға ақша жіберілгендігі туралы сұрақтар көптеп келіп түсуде. Нақты ЖСН-і бойынша тексеруді жиі сұрауда. Сондықтан, әрбір адам өзіне ақша жіберілгенін және қайда жібергенін білу үшін біз цифрлық командамызбен соңғы күндер ішінде бірқатар интеграция мен техникалық жұмыс жүргіздік. Енді egov.kz және 42500.enbek.kz-тегі мәртебеде (статуста) ақша жіберілгенін және қандай банкке жіберілгенін көруге болады? Егер өтінім мақұлданса және ақша жіберілсе, мәртебесі 5 қадамды жасыл түспен көрсетеді, ал төменгі жағында 42500 теңге қандай банкке жіберілгені жазылады. Бұл жағдайда, егер картада түсімдер жоқ болса, банкке хабарласуыңызға болады. Егер өтінім мақұлданған болса, бірақ шот нөмірінде қате болса, мәртебеде 5 қадамды сары түспен көрсетеді, төменде дұрыс шот нөмірін алу үшін не істеу керек екені туралы ақпарат көрсетіледі. Мұндай қателіктердің бір бөлігін біз өзіміз анықтаймыз, бірақ бір бөлігін көре алмаймыз және банктер ақшаны қайтарады. Сонда біздің базамыз арқылы немесе СМС арқылы басқа шоттарды іздеуге тура келеді", - деп жазды ол.