«Олар – науқас, мен – дәрігермін» – Lingva-Ten тіл үйрету орталығының директоры Владислав Тен
«Олар – науқас, мен – дәрігермін» – Lingva-Ten тіл үйрету орталығының директоры Владислав Тен
293
оқылды
Владислав Теннің ма­ман­дығы – гастроэнтеролог. Ұлты – кәріс. Тілі басқа дейін десең, қазақ тілінде ойын ер­кін жеткізеді. Қоғамдағы тіл мәселесімен айналысуға бекінген. Қазір тіл үйрету орталығын басқарады. Оның ойынша, әрбір адам қазақ тілінің тағдыры үшін жауапты болғанда ғана мемлекеттік тілдің мерейі өседі.  Владислав, қазақтарға қазақ тілін үйрету туралы ой қашан туды? Жалпы, жаңа дүниені бастауға бір нәрсе себеп боларын білеміз. Тіл үйрету орталығын ашуға не түрткі болды? – 2017 жылы Lingva-Ten тіл үйрету орталығын аштым. Көбінесе ағылшын тіліне басымдық бердім. Кейіннен «неге қазақ тілін үйретпеске?» деген ой келді. Бірақ ол кезде қазақ тілін толық білмейтін едім. Себебі Өзбекстаннан Нұр-Сұлтан қаласына 2010 жылы қо­ныс аудардым. Ташкенттің тума­сымын. Өзбек тілін 1 жылдың ішінде үйреніп алғаным бар. Қарасам, қазақ тілі өзбек тілімен бірге түркітілдес тілдер тобына жатады екен. Сондықтан қазақ тілін үйренудің қиын емесін сездім. Қазақстанға келгеніме биыл 10 жыл толды. Бастапқыда елордада қазақтілді орта болмады. Қазақша сұрасаң, орысша жауап аласың. Содан 2017 жылы мемлекеттік тілді үйренуді қолға алдым. «Алдымен өзім үйренемін, кейін елге үйре­темін» деген мақсат қойдым. Сөйтіп, 1 жыл ішінде арнайы әдіс­пен қазақ тілін үйреніп алдым. Қазір қазақ тілін шет тілі ретінде үйренудің жолын білемін. Одан басқа ағылшын, кәріс, өзбек, түрік және тағы басқа тілді оңай тәсілмен үйренуге көмектесемін. Жалпы, 30 шақты тілдің грамматикасын білемін. Қазақ тілі ана тілім емес. Ол – технология, шет тілі. Елімізде тіл мәселесі дейтін түйін бар. Өзге ұлтты былай қойғанда, қазақтардың өзі ана тілінде сөйлеуді білмейді, қиналады. Осы турасында зерттеу жүргізіп көрдім. Неліктен қазақтар қазақ тілінде сөйлеуден қашады? Олар үйренгісі, білгісі келеді. Бірақ қазіргі әдіс-тәсілдерден шаршаған. Мұғалімдердің қазақ тілін үйретудің күрделі емес, оңай жолын тапқанын қалайды. Сондықтан орталықта қазақ тіліне шет тілі ретінде  қарап, өзі түсінетін тілде салыстыра отырып үйретемін. Бұл – өте пайдалы. Болашақта қазақ тілін үйренушілердің қа­тар көбейсе, тіл мәртебесі көтері­ле­тініне сенемін. Тіл курсын бастағанымда қазақтарға қазақ тілін үйретемін деген ниет болған жоқ. «Сендерге қазақ тілін» үйретемін деп жар салсам, алдыма өзге ұлт өкілдері емес, орыстілді шалақазақтар келе­тінін түсіндім. Өйткені қазақ тілі алдымен қазақтарға қажет. Олар­дың «мен қазақпын» деген көңілі, ұлтына жаны ашитын жүрегі бар. Маған тіл үйренуге келетіндердің көбі «шалақазақ атанғым келмейді» дейді. – Сіздің қазақ тілін үйрету әдісіңізге қызығатындар көп. «Мәміле-Тен» орталығы қолданатын әдіс-тәсілдің ерекшелігі неде? – Ерекшелігі – қарапайым. Мен қазақ емеспін, өзге ұлт өкілімін. Тілді өзім үйреніп алғаным – үй­ретудің оңай жолын білемін деген сөз. Қазақ тілі мұғалімдерінің тіл үй­ретудегі қателігі қандай дерсіз? Оларға қазақ тілі ана сүті­мен дарыған. Сөйлеу, тыңдау, тү­сіну қиын емес. Олар қазақ тілін біл­меудің, түсінбеудің қандай се­зім еке­нін білмейді. Ал мен біле­мін, сон­дықтан мемлекеттік тіл­ді шет тілі ретінде үйретемін. Мә­селен, орыстілді қазақ «я хочу поехать в Америку» тіркесін «мен Америкаға баруды қалаймын» деп айтады. Тіл нормасы бойынша «Америкаға барғым келеді» деп айта­мыз. Осыны оқушы санасына жет­кізу керек. Мимен жұмыс істеуді үй­ренген жөн. Оларды ояту керек. Мұның бәрі тілдің өзегін түйсінбегеннен туады. Кеудесіне тіл шырағын жағар болсаңыз, міндетті түрде талпынады. «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» дейміз. Әрине, домбыра қажет. Бірақ тілді үйрену үшін домбыра емес, академиялық технология керек. Қоғамдағы «олар – мәңгүрт, шалақазақ»  дейтін пікірді жойып, үйретуге, елітуге талпынсақ игі. Сен қандасыңның халін түсініп, алға жетелесең, ол әлбетте соңыңнан ереді. Мұны неге айтып отырмын? Өйткені өзім де ана тілімді білмедім. Кәріс тілін кеш үйрендім. Саясат салдарынан кәріс тілінен іргені аулақ салдық. Тіліміз орысша шықты. Қазір «нағыз кәріс болу үшін кәріс тілін білу керегін» насихаттап жүрмін.    width= – Оқушыларыңыз қазақ тілін қанша айда меңгереді? Дегенмен оқу құралынсыз  тілді меңгерген адам көркем шығармадағы күрделі сөйлемнің мәнін толық түсіне ме? – Негізінде олар қазақ тілін біледі, түсінеді. Бірақ сөйлей ал­майды. Мәселен, септік жалғау­ларын білмейді. Білмегенін түсіндіріп, ұялу сезімінен арылуға үндеймін. «Қазақ болсаң да, ана тілімді білмеймін деп ұялма. Қайта қоғамнан көмек сұра!» деймін. «Тілім орысша шыққан еді, маған көмектессеңіз, қазақ тілін тез-ақ үйреніп аламын» деп айтуға шақырамын. Олар жанындағылардың «мәңгүртсің» деп келемеждейтінін айтады. Сонда тырысу керегін, алға қа­дам жасасаң нәтиже боларын түсіндіремін. Айналамыздағы ша­лақазақтарға психологиялық қолдау қажет. Ал қазақ тілін толық меңгеру мерзіміне келсек, негізін 1 айдың ішінде үйрете аламын. Орталықта қазақ тілі мұғалімдері жұмыс істейді. Олар жоғары деңгейлі қазақ тілін үйретеді. Өз басым «0-ден бастап үйренемін» дейтін жанға оңай тәсілмен сабақ беремін.  Әрине, «Абай жолын» оқу үшін тілдің тереңіне бойлау керек. Ол жағынан әріптестерім көмекке келеді. – Тіл үйретуде педагогикаға емес, медицинаға басымдық бересіз. Психолингвистика, медико-педа­гогиканың артықшылығы қандай? Жалпы, осы салада зерттеу жүр­гіздіңіз бе? – Медицина саласында 10 жыл жұмыс істедім. Тіл үйренудің негізін медицинадан іздеймін. 15 жыл бұрын ағылшын тілін үй­ренемін деп шешім қабылдадым. Әдістемемді қолдану арқылы 1 жыл ішінде үйреніп алдым. Құпиясы қандай дерсіз? Зерттей келе, бір нәрсені түсіндім. Кез келген шет тілін үйрену үшін миды дамыту керек. Немен дамытуға болады десеңіз, есту қабілеті көмектеседі. Үйренгің келетін тілде аудио тың­дау маңызды. Сондықтан 1 жыл ішінде ағылшын тіліндегі аудио-нұсқадағы мәліметті тыңдадым. Бастапқыда түсінгенім жоқ, бірақ келе-келе не деп жатқанын ұғатын болдым. Кейіннен өзбек тілін меңгеруге ден қойдым. Өзіме сұ­рақ қойдым: «Неге мен әлі күнге өзбек тілін білмеймін?». Жауабы қарапайым – менсінбеу. Мұрын шүйіре қарауды қойып, өзбек тілін үйренуге, сыйлауға тырыстым. Осыдан кейін атамның айтқан сөзі ойға оралды. Ол кісі маған, немерелеріне «неге сендер кәріс тілінде сөйлемейсіңдер?» дейтін. Жергілікті кәріс ұлтын да тіл мә­селесі мазалайды. Сөйтіп, 3 ке­зең­нен тұратын әдіс арқылы ана ті­лімнің қыр-сырымен таныс­тым. Біріншіден, толық емес грам­матиканы білу керек. Екіншіден, фонетиканы, дыбыс жүйесін білу қажет. Мәселен, қазақ тілінде «айтады» деп жазылса да, «айтад» деп айтылады. Осыған ұқсас мысал көп. Мұның бәрін меңгерген соң, тілді түсінесің. Өз басым тыңдау технологиясымен қазақ тілінде аудио тыңдадым. Алғашқы 3 айда не айтып жатқанын ұққам жоқ. 1 жылдан соң аудиода айтылған нәрсені жүйесімен түсіндім. – «Тілді меңгеру үшін мәдениетті тану керек». Бұл ұғым қаншалықты рас? – Иә, тіл жай ғана технология емес. Тіл, дін, мәдениет ұқсас ұғым. Мәдениет пен дінді тани түссең, тілді үйренуің жеңілдейді. Мысалы, бұрын ислам діні жа­йында білмейтінмін. Өзбек тілін үйренемін деп шешкен соң, олар­дың діні мен мәдениетін зерттей бастадым. Мұсылман болмасам да, олар үшін ненің маңызды екенін түсінемін. Сондықтан кез келген тілді тану үшін мәдениетіне үңілген абзал. Ал қазақтар қазақ тілін білгісі келмесе «қазақсыңдар ма?» деген бір ғана сұрақ қоямыз. Психология тілімен елітуге тырысамыз. Өйт­кені қаншама орыстілді қазақтың «тамырын басып», ана тілін үй­реттім. Қазақ қазаққа «ана тіліңді үйрен» десінші, елемейді. Ал мен айтсам, намысқа тырысып тіл білуге бекінеді. Қазақ тіліне деген құмарлығым, үйретемін деген ниетім өзіме ұнайды. Нәтижесін көргенде сүйсінемін. Мен – дәрігермін. Олар – науқас. Менің оларды емдеуге мүмкіндігім бар. Жігерім жетеді. Неге бел шеше кіріспеске? Сонда ғана қазақ тілі өркен жаяды емес пе? – Қалай ойлайсыз, қоғамда мемлекеттік тілдің мәртебесі неге төмен? Қазақ тілінде сөйлеуді тренд­ке айналдыру үшін не істеу керек? – Білесіз бе, қоғамда шенеу­ніктер, билікте отырғандар қазақ тілін білмейді, құрметтемейді деген түсінік бар. Иә, бір шетінен бұл дұрыс. Бірақ айтпағым бұл емес. Сіз қазақ тілінің мәртебесін көтеру үшін не істеп жүрсіз? Осы сұрақ төңірегінде ойланған жөн. Қазақ тілін барынша көп адам меңгерсе, мемлекеттік тіл қа­натын  кең серпиді. Бәріміз қазақ тілін бірге үйренейік. Lingva-Ten орталығының басшысы ретінде технология арқылы тек қазақ тілін үйретпеймін, сүйіспеншілік, құрмет пен махаббат сезімін оқушы бойына сіңіремін. – Әңгімеңізге рақмет!  

Сұхбаттасқан Айзат АЙДАРҚЫЗЫ