Алматы облысында полиция қызметкерлеріне психолог-инспекторлар көмектеседі, – деп хабарлайды Алматы облысы ПД баспасөз қызметі. Арнайы тренингтер қызметкерлердің қасиеттерін күшейту және қалпына келтіру, шыдамдылығын шыңдау, сабырлық сақтау, азаматтармен қарым-қатынас, әсіресе қызмет кезінде туындайтын қиын шақтарда, арандатушылармен байланыс кезінде өзін орынды ұстау мақсатында ұйымдастырылады.
"Блок-бекеттер жұмысына жұмылдырылған қызметкерлерге моральдық-психологиялық көмек көрсету – уақыт талабы. Ол қызметкерлердің экстремалды жағдайдағы әрекеттерге қызметкерлердің психологиялық даярлығын шыңдауға, олардың моральдық және физикалық шаршауын жеңілдетуге, ішкі істер органдары қызметкерлерінің моральдық-психологиялық жағдайын жақсартуға негізделеді", - дейді Алматы облысы ПД психолог-инспекторы Алина Атабаева.Аталған бағыттағы қойылған міндеттерді іске асыру үшін тиісті мамандардан құралған арнайы шағын топтар құрылды. Топ мүшелері бүгін блок-бекеттерді аралады. Қызметкерлерге әдістемелік-практикалық көмек қызмет орындарында көрсетіледі.
"Біз тәртіп сақшылары жұмылдырылған барлық бекеттерді аралап шығуды жоспарлап отырмыз. Бірінші күні жүзден астам қызметкерге көмек көрсетілді. Жұмыс жоспарлы түрде кестеге сәйкес жасалады", - деді Алина Атабаева.Физикалық жаттығулар психикалық-эмоцияналдық шаршауды басуға көмектеседі. Сонымен қатар, көшпелі тренингтер кезінде "Майнд машина" аудиовизуалды аппараты қолданылады. Ол миды аудиовизуалды ынталандыру арқылы қызметкердің эмоционалды жеңілдеуіне көмектеседі. Бүгінгі күні Алматы облысында 118 блок-бекет жұмыс істейді: оның ішінде – 77 санитарлық және 41 жолды бөгеу және блокпосты бар. Олардың жұмысына мыңға жуық қызметкер жұмылдырылған.