Дәрігерлердің жанайқайы: Өтемақы қалай берілмек?
Дәрігерлердің жанайқайы: Өтемақы қалай берілмек?
Коронавирус жұқтырған дәрігерлердің тең жарты­сына өтемақы төленбеуі мүмкін. Елімізде 900-дей медицина қызметкері инфекция жұқтырған. Олардың 60 пайыздан астамы емханада, инфекцияға қатысы жоқ ауруханада болған. Алайда дәрігерлер «коронави­русқа шалдыққандарды алалап, өтемақы төлемеу – медицинаға жасалған қиянат» деп санайды. Әсіресе, Алматыдағы орталық қа­лалық клиникалық аурухана дә­рігерлері осылай шағымданып отыр. Бүгінге дейін бұл меди­ци­налық мекемеден 11 сәуірден бері 263 адамның инфекция жұқтыр­ғаны белгілі болған еді. Олар қазір туберкулездерді емдейтін ауруханада оқшауланған. Коронавирус жұқтырған дәрігерге 2 миллион теңге көлемінде сақ­тандыру төлемі берілетіні айтылған еді. Бұл жөнінде 30 наурызда Ақ­парат және қоғамдық даму ми­нистрі Дәурен Абаев мәлімдеме жа­саған. Ал медициналық қыз­мет­кер қайтыс болған жағдайда 10 мил­лион теңге мөлшерінде төле­ма­қы берілетіні де айтылған.  

2 миллион сақтандыру төлемі кімге тиесілі?

Бұған дейін де Денсаулық сақ­тау министрлігі өкілдері 2 миллион теңгені инфекциялық ауруханада коронавирус жұқтырған адам­дармен тікелей жұмыс істеп жатқан дәрігерлер алатынын, мәселен стоматолог, кардиолог сияқты дә­рігерлер сырттан дерт жұқтырса, оларға бұл ақша тиесілі емес екенін айтқан еді. Дәрігерлерді алаңдатып отыр­ға­ны да осы дүние. Олар шұғыл меди­циналық көмек алу үшін тәу­лігіне 320-390 науқас келіп қара­ла­тынын, олардың қайсысы корона­виурспен ауырып келгенін анықтау мүмкін емес екенін айтады. Ал дерттен қорғайтын арнайы киім дәрігерлерге кеш берілген. Орталық қалалық клиникалық аурухана қызметкер­леріне 7 сәуір күні ғана жеткізіліпті. Олар қазір Түрксіб ауданындағы бұрынғы туберкулезден емдейтін ауруханада жатыр. 11 сәуірден бері оқшауланған. Отбасы мүшелерін көрмей, бала-шағасына жетуі де мұң болып тұр. 14 күндік каран­тиннен кейін ғана қайта анализ тап­сырады. «Егер нәтижесі оң бо­лып шықса, үйімізге қайтуымыз мүм­кін. Теріс болып шықса, тағы да жатамыз», – дейді дәрігерлер.  

Дәрігерлердің талабы қандай?

Инфекция жұқтырған алматы­лық дәрігерлер Денсаулық сақтау министрлігіне шағымданып, Пре­зи­денттен араша сұрап отыр. Олар­дың видеоүндеуі әлеуметтік желі­лерде тараған. Үндеуде: «Құр­метті Прези­дент мырза! Сізге Ал­маты қа­­ласы­ның орталық қалалық кли­ни­калық ауруханасының қыз­мет­керлері жүгінуде. Біз осы ауру­дың ауырлығын бастан өткердік. Ден­саулық сақтау министрлігі БАҚ ар­қылы инфек­цияны жұқтырған медқызметкер­лердің өздерін кінәлі етуге ты­рысып жатыр. Өйткені олар үшін осылай болғаны қо­лайлы. Мұның бәрі бізге өтемақы төлемеу үшін жасалды деп санай­мыз», – дейді. Сондай-ақ олар мәселені жеке-жеке жіктеп беруге тырысқан. Олардың айтуынша, «біз вирусты науқастардан жұқтырдық. Оған еш күмән жоқ. Өйткені барлығымыз бір уақытта ауырдық және аурудың белгілері де бірдей. Сонымен қатар біз отбасымыздың мүшелеріне, оның ішінде сәбилер мен жүкті әйелдер де бар, оларға да жұқтырып алдық. Олар да қазір емделуге мәж­бүр. Біз дертке қарсы костюмдерді өзіміз сатып алуға міндетті емеспіз. Бізге қорғаныс костюмдері 7 сә­уірде ғана берілді. 11 сәуірде алын­ған анализ нәтижесі бізге әлі көр­сетілген жоқ. Өкпе фиброзы, бауыр циррозы, бүйрек қызметінің бұзы­луы секілді аурулардың пайда бо­луына кім жауап береді? Денсаулық сақтау министрлігінің мақсатын түсінбейміз: бізге қолдау көрсетіп, осындай қиын жағдайда көмектесу ме, әлде коронавирусты өтемақы алу үшін әдейі жұқтырды деп өзі­мізді кінәлау ма? Ешқандай ақша біздің денсаулығымызға татымайды және ешбір медицина қызметкері пайда табу мақсатында өзіне әдейі жұқтырмайтынына Сізді сендір­гі­міз келеді. Бұл – абсурд!», – дейді. Олар тек әділдікті қалап отыр­ғандарын әрі денсаулықтарын қал­пына келтіру мен еңбек ету қабі­летін жоғалтқаны үшін шығынды кім төлейтінін білгісі келеді.  

Министрлік не дейді?

Осы мәселе бойынша Денсау­лық сақтау министрлігінің ресми өкілі Диас Ахметшәріпке қоңырау шалдық. «Өкінішке қарай, елімізде 900-ден аса дәрігер мен медицина қызметкері коронавирус жұқтырып алды. Оның жартысынан көбі аурухана, емханаларда жұқтырған. Бізде бір жарым ай бұрын бас санитардың қаулысына сай меди­циналық мекемелерде карантин жарияланған еді. Карантин жария­ланғаннан кейін емхана, ауруха­наларда сақтық шаралары күшей­тілуі тиіс. Қауіпсіздік шараларын қадағалайтын жергілікті бас дәрігер мен басшылық. Әр медициналық мекеме кез келген аурудың ошағы болып саналады. Сол себепті сақ­тық шаралары екі есе күшейтілуі тиіс. Өкінішке қарай, Алматыдағы орталық қалалық клиникалық ау­ру­хана инфекция ошағына ай­на­лып, көп дәрігерлер инфекция жұқ­ты­рып алды. Оның ішінде, тіпті буфет қызметкері де бар. Бұл нені білді­реді? Демек, ол жерде инфек­ция­ның таралуы үдеп кеткен. Яғни, сақ­тық шаралары дұрыс сақтал­маған. Тек дәрігерлер емес, буфет қызметкерінің инфекция жұқты­руының өзі сақтық шарасын ұстан­бағаннан тіркеліп отыр. Дәрігер науқастармен қарым-қатынас жа­сайды, сыртқа шығады, бөлім­ше­лерді аралайды. Сөйтіп, вирус бір-біріне жедел тарап кеткен. Ал қауіпсіздік киімімен жабдықтайтын жергілікті басшылық болуы керек. Бұл – бір. Арнайы инфекциялық ауруханалардағы жұмыс мүлдем басқа. Олардың жұмысы тіптен ауыр. Қорғаныс киімінің өзі үш-төрт қабаттан тұрады. Бетперде, көзілдірік, қолғап киіп алып, 68 сағат бойы үзіліссіз жұмыс істейді. Бұл ауа арқылы жұғатын дерт бол­ғандықтан олар да ауырып қалып жатыр. Сол себепті 2 мил­лион теңге мөлшеріндегі сақтан­дыру төлемі соларға тиесілі бол­ған», – дейді. Сонымен қатар ол қазір мелицина қызметкерлерінен арыз-шағым көбейіп кеткенін, соған байланысты кейін министр Елжан Біртанов арнайы қадағалауға алғанын айтты. Министрдің 9 сә­уірдегі бұйрығына сай әр қалада жергілікті комиссия құрылатын бо­лыпты. Ол комис­сия­ның құра­мына әкімдік, жергілікті денсаулық сақтау басқармасы өкілдері, аймақ­тық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіп­сіздігін бақылайтын департа­мент өкілдері, Nur Otan партиясы ­өкіл­дері, үкіметтік емес ұйымдар, дә­рігерлер құқығын қорғайтын ұйым­дар, зиялы қауым, қоғам бел­­сенділері енеді. «Қазір Алматыдағы орталық қалалық клиникалық ауруханада эпидемиологиялық тексеріс жүр­гізіліп жатыр. «Вирус қайдан келді, кім жұқтырды, қалай жұқты?» деген сауалдар бойынша тексеріс жүр­гі­зілуде. Осы тексерістің нәти­желері ар­найы комиссияға беріледі. Ко­миссия инфекция жұқтырған дә­рі­герге, медицина қызметкеріне қа­тысты шешім шығаратын бола­ды. Бұл шешім дәрігер сақтандыру тө­лемін ала ма, жоқ па, соны да анық­тайды. Қазір өтемақы төлеу-төлемеу мәселесі – осы комис­сияның құзы­рында. Әзірге комис­сияның шеші­мін күтейік. Біз дәрі­гер­лердің тез арада сауығып, қатарға қосылуын күтеміз. Олар­дың әрқай­сысы да білікті мамандар. Біз олар­ды сабыр сақтауға шақы­рамыз. Қа­зір бізге төзім, сабыр қажет», – дейді. Дәрігерлердің жанайқайы да, ресми өкілдің де айтқаны орынды. Қоғам тек әділдік орнағанын қа­лайды. Ендігі үміт – министрлік құрған комиссияда. Егер комиссия әділ шешім шығарса, дәрігер де, министрлік де ұтылмас еді. Күтейік!  

 width=  Гүлзина БЕКТАС