Еңбектің еріксіз жолдасы бар E-HR деген...
Еңбектің еріксіз жолдасы бар E-HR деген...
Қазақстандағы барлық жұмыс беруші қызметкермен келісімшарт бекітсе немесе оның күшін тоқтатса, дереу ол туралы ақпаратты еңбек кітапшалары мен келісімшартын есепке алудың бірыңғай жүйесіне енгізуге міндеттеледі. Осыны қарастыратын жаңа заң жобасы Сенатқа жетті. Бірақ қазақстандықтардың қағаз еңбек кітапшасынан құтылатын күні сол бойы белгісіз болып қалуда. Үкіметті Бақытжан Сағынтаев бас­қарып тұрған тұста, 2017 жыл­ғы қ­арашада Министрлер ка­би­не­тінің отырысында сол кездегі Ең­бек және халықты әлеуметтік қор­ғау министрі Тамара Дүй­се­нова 2018 жылы еңбек кітап­ша­сы­нан бас тарту көзделіп отыр­ға­нын мәлімдеген еді. Бұл жаңалық әлеуметтік же­лі­лерде дүмпу туғызды. Жұрт әл­де­бір құрсаудан құтылып, азаттық ал­­ғандай шаттанды, әзіл-қал­жың­ға бой ұрды. Өйткені біраз адам­ның еңбек кітапшасы толық емесі, оны жұмыс берушілердің барлығы бірдей толтырмайтыны жа­сырын емес. Бұл азаматтың жұ­мыс өтілінің қате есептелуіне соқ­­тырып жатады. Мысалы, 90-жыл­дардан бері дәл осы проб­лема кесірінен қаншама адамның зей­нетақысы оған лайықты сома­дан төмен есептелді. Ендеше жаңа заманда жауапты ведомство ескіше адамдарды «еңбек өтіліңді дә­лелде!» деп азапқа салмай, жұ­мыс берушімен өзара реттей сал­са, керемет. Алайда іле-шала халықтың қуа­­­нышы су сепкендей басылды. Жур­налистерді жедел жиған Ең­бек және халықты әлеуметтік қор­ғау вице-министрі Светлана Жа­қыпова министрдің мәлім­де­ме­сіне түсініктеме беріп, еңбек кі­тап­шасынан жаппай бас тарту көз­деліп отырмағанын жеткізді. Яғни, кітапшаны лақтырып тас­та­май, зейнеткерлікке шыққанша жо­ғалтпай сақтаған жөн екен. Ми­нистр айтқан жаңалық негі­зі­нен электронды еңбек биржасы ар­қылы жұмысқа тұрғандарға қа­тысты болып шықты.  

Жаңа министр не дейді?

Қазір Еңбек министрі атына электронды еңбек кітапшасына қа­тысты сұрақтар қайтадан тас­қындап түсе бастады. Елордалық «Джи Эйч Глобал» ком­паниясының жетекшісі На­зер­ке Ордағұлова кезінде көп сөз бол­­ған «Электрондық еңбек шарт­­та­рын есепке алудың бі­рың­ғай жүйе­сінің» кейінгі тағдыры не бол­­ғанына қызығушылық біл­дір­ді. «Жалпы, электронды келі­сім­шарт­тарға және еңбек кітап­ша­сы­на толығымен көшудің нақты мер­зімі бар ма? Жұмыс берушілер осы­ның бәрін электронды түрде жүр­гізуге қашан міндеттеледі? Электронды еңбек шарттары мен осы жүйені енгізу жоспары, ере­же­лері туралы білгеніміз жөн», – дейді ол. Жұмыс берушілер мен HR (кадр бөлімі) мамандарының алаң­даушылығына орай Еңбек жә­не халықты әлеуметтік қорғау ми­нистрі Біржан Нұрымбетов өз бло­гы арқылы жауап қайырды. Ол «Кейбір заңнамалық акті­лер­ге еңбек мәселелері бойынша өз­герістер мен толықтырулар ен­­­­гізу туралы» деп аталатын жаңа заң жобасы бүгінде Сенат қа­рауын­да жатқанын хабарлады. Жо­баға сәйкес, жұмыс берушілер жұ­мыскермен еңбек шартын жа­сауға және тоқтатуға, сондай-ақ шартқа енгізілетін өзгерістер мен то­лықтыруларға қатысты барлық ақ­паратты «еңбек шарттарын есеп­ке алудың бірыңғай жүйесі­не» (ЕШЕБЖ) енгізуге міндетте­леді. Министрдің нақтылауынша, бі­рыңғай жүйеге келесі мәлі­мет­тер ұсынылуы тиіс. Біріншіден, қол қоюшы тараптардың рекви­зит­тері талап етіледі. Бұл ретте жұ­мыс беруші жеке тұлға болса, өз ЖСН-ын (ИИН), ал заңды тұл­ға болса, бизнес сәйкестендіру нө­мірін (БИН) беруі қажет. Қыз­меткердің жеке сәйкестендіру нө­мірі көрсетіледі. Екіншіден, қызметкердің ең­бек функциясы – қандай ма­ман­дық, кәсіп, біліктілік немесе лауа­­­­зымда еңбек ететіні жа­зы­лады. Үшіншіден, электронды жүйе­ге жұмыс орнының мекен­жайы, төртіншіден, еңбек шарты­ның мерзімі, бесіншіден, жұ­мыс­қа кіріскен күні, алтыншыдан, ке­лісімшарт бекіткен күн және рет­тік нөмірі түсірілуі керек. Бұдан бөлек, қосымша мәлі­мет­терді де ұсына алады: жұмыс уа­қыты мен демалыс режимі, шарт­ты бұзудың негізі, әскери борыштылығы, арнайы дағды-ма­шықтары, жалпы біліктіліктері туралы деректер. – Жаңа заң жобасында қа­рас­тырылғандай, алда еңбек шартын электронды құжат түрінде бе­кіту­ге мүмкіндік беріледі. Бұл үшін екі жақ төл электронды цифрлық қол­таңбасын пайдаланады. Қыз­меткердің ЭЦҚ-сы болмаса не­месе оны алудан бас тартса, онда жұ­мыс беруші еңбек шартын қа­ғаз түрінде бекітеді және барлық мә­ліметті еңбек шарттарын есеп­ке алудың бірыңғай жүйесіне өзі енгізеді. Осылайша, аталған заң жо­басын Парламент қабылдап, Пре­зидент қол қойғаннан кейін бар­лық жұмыс беруші  еңбек шар­ты туралы мәліметтерді ЕШЕБ жүйе­сіне енгізуге міндетті бола­ды. Сондай-ақ Қазақстанда еңбек келісімшарттарын электронды күй­де бекітуге жол ашылады, – деді Біржан Нұрымбетов. Бұған дейін осы жүйеге кәсіпорындар­дың тіркелуі ерікті болып кел­ген.  

Жүйенің «көші» жүре түзетілуде

Аты тым ұзақ бұл жүйенің қыс­­­қарған атауы да көзге қораш, құ­л­аққа оғаш: мемлекеттік тілде – ЕШЕБЖ, ал орысша нұсқасы – ЕСУТД. Сондықтан таяуда оған «реб­рендинг» жүргізіліп, мүлдем бас­қа тілдегі, ағылшын тіліндегі E-hr деген атау таңдап алынды. Жүйені пысықтап ендірумен ми­нистрліктің «Еңбек ресурс­та­рын дамыту орталығы» АҚ айн­а­лы­сады. Орталық осы жүйе ар­қа­сында қазақстандықтар жұмысқа ор­наласу кезінде құжат жинап қи­налмайтынына сендіреді. E-hr жұ­мыс беруші мен жұмыскердің шарт­тасуы кезінде еңбек кітап­шасынан және қағаз құжаттардан бас тартуға мүмкіндік беретін кө­рінеді. Еңбек ресурстарын дамыту ор­талығының (ЕРДО) Деректерді тал­дау және өңдеу депар­та­мен­тінің директоры Бахтияр Жа­зық­баевтың мәліметінше, осы бірың­ғай жүйе кәсіпорындардың кадр бөлімдеріне қызметкерлерді ре­сімдеу уақытын қысқартуға кө­мек­теседі. Себебі E-hr жүйесіне ар­найы сервис қосылыпты, ол жұ­мысқа орналасу кезінде қағаз құ­жаттар топтамасын жинаудан құт­қаруы тиіс. – Енді осыған қажетті барлық құжаттарды, мысалы жеке куәлігі де­ректерін, білімі, тұратын жері, ден­саулық жағдайы, сотты­лы­ғы­ның болмауы және басқа да мағ­лұматтарды кадр қызметі өз бе­тін­ше және электронды түрде ала ала­ды, – дейді Бахтияр Жазық­баев. Ол осы жүйе бірнеше мәселені ше­ше алатынына назар аудартты. Біріншіден, E-hr жүйесін енгізу аза­маттардың еңбек өтілі туралы де­­­ректердің сақталуын қамтама­сыз етеді. Әйтпесе, қағаз құжаттар жыр­тылып не жоғалып қалуы ық­тимал. Екіншіден, әр қазақ­стан­­дықтың еңбек тарихы туралы дұ­рыс әрі нақты дерек қоры қа­лып­тастырады. Демек, мемлекет әр адамның нақты қайда жұмыс іс­тегенін, қандай біліктілігі мен қа­рым-қабілеті, дағды-машығы ба­рын егжей-тегжейлі біліп, қа­жет кезде талдай алады. Үшіншіден, жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы қа­рым-қатынастар ашық, айқын, жа­рия бола түспек. Төртіншіден, құ­жаттарды қолдан жасау қаупін жоя­ды. Бесіншіден, электронды шарт бекіту арқылы жұмысқа кірісу мерзімін жеделдетеді. ЕРДО-ның түсіндіруінше, жаңа сервисті пайдалануы үшін кә­сіпорын E-hr жүйесіне тіркелуі керек. Кәсіпорын командасына қа­былдаған жаңа қызметкердің «же­ке ісіне» (личное дело) құжат­тар жинау үшін кадр бөлімі оның келісімін ала отырып, жүйеге тиіс­ті сұрау жолдауы қажет. Әрі қа­рай бағдарлама барлығын өзі ав­томатты түрде жасайды. HR (Human Resources) ма­ман­дары бұл жүйенің әзірше ол­қы­лығы барын айтады. Қыз­мет­керлер бойынша менеджер О.Мезенцева еңбек шарттарын то­лығымен электронды форматқа кө­шіруге жұмыс берушілер де, тіп­ті мемжүйе де толыққанды дайын емес дейді. «Өткен жылдың соңында Ең­бек және халықты әлеуметтік қор­ғау министрлігіне сұрау жібер­генімізде, одан электронды еңбек шарттарына ауысу бірте-бірте жүретіні туралы жауап алғанбыз. Ве­домство осы мақсатта E-hr жүйе­сінен еңбек шарты және ең­бек қызметі туралы мәлімет алу жә­не ұсыну ережесі әзірленетінін айт­ты. Алайда дәл осы министрлік Мә­жіліске енгізген заң жоба­сын­да ондай өтпелі кезеңдер қараст­ы­рылмапты», – дейді ол. Еңбек министрлігі заңның қа­былдануы «Қазақстанның бір­ден әлгі жүйеге көшіп кететінін» біл­дірмейтінін еске салады. Заң биыл қабылданады деп жоспар­лану­да. Құжат күшіне енген соң оны іске асыруға арналған заңна­ма­лық акт қабылдануы тиіс. Оған да уақыт кетеді. Мамандар керекті мәлімет­тер­ді, мысалы кандидаттың дип­ло­мына қатысты мәліметті табу күр­делі екенін айтады. Өз кезе­гінде Еңбек ресурстарын дамыту ор­талығы қазіргі уақытта E-hr жүйе­сі Білім және ғылым ми­нистр­лігінің ақпараттық жүйе­ле­рімен, сондай-ақ Әділет министр­лі­гінің жеке тұлғалардың мемле­кет­­тік базасымен интеграция­лан­ғанын жеткізді. «2020 жылдың соңына дейін Ден­саулық сақтау министрлігінің, Бас прокуратураның Құқықтық ста­тистика және арнайы есепке алу комитетінің ақпараттық жүйе­сімен кірігу жоспарлануда», – деді орталық мамандары. Әрине, жауапты шенділер өз өні­мін асыра мақтауға бейім тұра­тынын да естен шығармаған жөн. 2018 жылы іске қосылған E-hr жүйе­сі күні бүгінге дейін пилот­тық режимде жұмыс істеп жатыр. Бүгінде ол жүйеге ерікті негізде 28 мыңнан астам қазақстандық ком­пания ғана қосылған. Сон­дай-ақ онда 1,3 миллион элек­трон­ды ең­­бек шарты тіркеліпті. Салыстыру үшін айтсақ, осы­дан жарты жылдай бұрын, 2019 жыл­дың қазан айының соңында жүйеде 18 мыңнан астам кә­сіп­орын және 793 мың еңбек шарты болған. 2020 жылдың бірінші жар­тысында жүйеге тағы 25 мың­ға жуық жұмыс берушіні қосу жос­парланып отыр. Ал елімізде 300 мыңға жуық кәсіпорын бар. Яғни, әзірге көшінің жүрісі – ілби жыл­жыған митың жүріс. Ми­нистр­ліктің заң арқылы жұмыс беру­шілердің E-hr жүйесіне тір­келуін міндетті етуге ұмтылуы да амал жоқтан туған амалға ұқ­сай­ды.  

 width=  Айхан ШӘРІП