COVID-19: Қарттар да сауығып келеді
COVID-19:  Қарттар да сауығып келеді
108
оқылды
Әлемде COVID-19 дертіне шалдыққандар саны 3 миллионнан асты. Есесіне, жазылғандар қатары мил­лионға жуықтады. Қазіргі таңда індеттің санын азайту, оған қарсы вакцина ойлап табу жолдары қарастырылып жатыр. Жалпы, сарапшылар коронавирусты жұқтырған­дардың күрт көбеюіне бастапқыда бұл індетке қатысты түрлі қауесеттің таралуы әсер етті деп есептейді. Соның бірі – коронавирустың жастарға, әсіресе балаларға жұқ­тырып алғанның өзінде жеңіл өтетіні, оның тек қарттар үшін ғана қауіпті екені жайында тараған қаңқу сөз еді. COVID-19 дертін таратушы Қытайдағы бастапқы 44 700 нау­қастың жағдайына талдау жасаған зерттеушілер 40 жасқа дейінгілер арасында өлім-жітімнің болмай­тыны, 50-59 жастағылар арасында өлім-жітім көрсеткіші – 0,6%, 60-69 жас аралығында – 2%-ға жуық, 70-79 жас аралығында – 4,3 %, 80-нен асқандар арасында 7,8% болатыны туралы қорытын­дыны алға тартты. Бұл жұрттың үрейін, қорқынышын біраз се­йілт­ті. Сол аралықта «жай ғана тұмау секілді екен ғой» деп бұл індетке немқұрайды қарайтын­дар, сақтық шараларын сақта­майтындар, көшеде бетпердесіз жүретіндер көбейді. Кейін індет жұқтырғандар саны артып, ел-жұрт әуре-сарсаңға түсті. Алғашқы кезде тіркелген жағ­дайлар бойынша да Еуропада коронавирустан қайтыс болған­дардың 95%-ы 60 жастан асқан жандар болса, олардың жарты­сынан астамы 80-нен асқан қа­риялар болды. Сондықтан вирус­тан көбіне қарт адамдар көз жұ­мады деген ақпараттар тарады. Алайда сәуір айының басында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропадағы аймақ­тық бюросының директоры Ганс Клюге өзінің мәлімдемесінде коронавирусты тек қарттар үшін ғана қауіпті деген түсініктің қате екенін түсіндірді. – Біз COVID-19 дертінің тек егде жастағы адамдар үшін ғана қауіпті екені жөніндегі пікірлерді теріске шығарамыз. 20 жасқа дейінгі науқастар арасында да бұл дерттің ауыр түріне ұшырағандар немесе тіпті мәңгілікке көз жұм­ғандар бар. 50 жасқа дейінгі нау­қастардың 10-15 пайызы жан­сақ­тау бөліміне түскен. Сонымен бірге 100-ден асқан жандардың арасында ауруы жеңіл өтіп және оны біржола жеңіп шыққандар тіркелді, – деп жұртшылықты ко­ронавирустың қариялардан бас­қаларға зияны жоқ деген тү­сініктен бас тартуға шақырды. Осыдан кейін біраз мемлекет шұғыл сақтық шараларын қолға алуға кірісті. Ал біздің елімізде 13 сәуірде коронавирустан 40 жастағы әйел көз жұмып, сол күні 82 жастағы кейуананың жазылып шыққаны хабарланды. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов бұл туралы Facebook-тегі парақша­сында 82 жастағы Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны 22 наурызда КВИ жұқтырғанын растап, нау­қас көпбейінді медициналық ор­талықтың инфекциялық бло­гына түскенін, жүргізілген ке­шен­ді емдеуден кейін оның ауруы­нан айыққанын жазды. Бұл елордадағы ауруынан жазылып шыққан егде жастағы жалғыз адам емес. Нұр-Сұлтан қаласы­ның дәрігерлері Ақмола облы­сы­ның арнайы қызмет көрсету ор­талығының 7 науқасын коро­на­вирустан емдеді. Олар 7 сәуірден бастап №3 көпбейінді қалалық балалар ауруханасында ем алды. Науқастардың арасында 1927, 1933, 1944, 1955 жылғы азаматтар болды. Сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласында коронавирустан құ­лантаза айыққан 80 жастағы ер адам туралы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова да хабарлады. Мұндай қуанышты хабарлар өзге аймақтарда да жа­рияланды. Атырау облысы Денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Гүлнафис Таңбаева Атырауда 82 жастағы ақсақал коронавирустан сауығып шыққанын қуана айтты. Алматының 82 жастағы тұр­ғыны да үш апта ем алғаннан кейін егде жасына және созыл­малы аурулары болғанына қа­рамастан толық жазылған. Жам­был облысында да Тараз қала­сының 1934 жылғы тұрғыны дерт­ті жеңді. Отадан кейін науқас об­лыстық көпбейінді аурухана­ның жұқпалы аурулар бөліміне ауыстырылған. Ал Шығыс Қа­зақстан облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшы­лығы облыста коронавирус ин­фек­циясын жұқтырған 3 нау­қастың сырқатынан жазылғанын мәлімдеді. Қауіпті індеттен са­уық­қандардың екеуі 1938 жылы туған өскемендік қариялар екен. Ауру жұқтырған азаматтың бар­лығы індетті жеңіп шықты. Қа­зіргі кезде осы тақылеттес қуа­ныш­ты жайттар әр аймақтарда тіркелуде. Әрине, мұндай межеге бірінші кезекте медицина қыз­мет­кер­лерінің ерен еңбегінің арқа­сында жетіп отырғанымыз анық. Вирусты жеңген егде жастағы адамдар өзге мемлекеттерде де бар. Бұл бір есептен барша адам­зат баласына вирустың жас талғамайтынын, оны жастар ғана емес, қариялардың да жеңіп шыға алатынын көрсеткен бұлтартпас дәлел болды. Таяуда көршілес Өзбекстан мемлекетінде 70 жас­тағы науқас коронавирустан жазылып шықты. Ташкент тұр­ғыны эпидемиология, микро­биология және жұқпалы аурулар ғылыми-зерттеу институтының клиникасында емделіп, ауруынан құлантаза айықты. Ал Түркияның 107 жастағы тұрғыны Хавахан Карадениз әзірге СOVID-19 ко­ронавирусынан айыққан әлемдегі ең қарт әйелдердің бірі ретінде тіркелді. Карадениз мықты иммун­дық жүйесінің арқасында СOVID-19-дан бір аптаның ішін­де емделіп шықты. Аурухана қыз­меткерлері де оның қауіпті індетті тез жеңіп шыққанына таңғалды. Испанияда да 101 жастағы кейуана коронавирусты жеңді. Ол екі апта ем-дом алғаннан кейін сырқатынан айығып, үйіне қайтарылды. Сондай-ақ Иран­ның егде жастағы коронавирусты жұқтырған емделушілері де дә­рігерлер көмегімен коронавирус­қа қарсы тұра алды. Коронавирус індетін жұқтырған 100 және 106 жастағы екі ирандық толық са­уығып, ауруханадан шығарылды. Бұдан ертеректе коронавирус жұқтырған 90, 93 және 98 жастағы үш науқас та толығымен сауығып, ауруханадан шыққаны хабарлан­ған болатын. Италияның Римини қаласында да 101 жастағы ақсақал COVID-19 синдромымен күресте жеңіске жетіп, госпитальдан са­уығып шыққан. Бұқаралық ақ­парат құралдары бұл оқиғаны «итальян кереметі» деп жазды. Міне, керемет көрсеткіш. Қариялар да жаман індетке қарсы тұруда. Ал біз әлі «коронавирус тек үлкендер үшін қауіпті» деп жайбарақат жүрміз. Мұндай нем­құрайдылық елімізде сырқатқа шалдыққандар санын арттыруы мүмкін. Індет жас талғамайтынын осындай жағдайлардан кейін ескеріп, кез келген адамның сыр­қатпен күресе алатынын жете түсінсек екен.  

     width=Абылайхан ЖҰМАШ