Әлемде COVID-19 дертіне шалдыққандар саны 3 миллионнан асты. Есесіне, жазылғандар қатары миллионға жуықтады. Қазіргі таңда індеттің санын азайту, оған қарсы вакцина ойлап табу жолдары қарастырылып жатыр. Жалпы, сарапшылар коронавирусты жұқтырғандардың күрт көбеюіне бастапқыда бұл індетке қатысты түрлі қауесеттің таралуы әсер етті деп есептейді. Соның бірі – коронавирустың жастарға, әсіресе балаларға жұқтырып алғанның өзінде жеңіл өтетіні, оның тек қарттар үшін ғана қауіпті екені жайында тараған қаңқу сөз еді. COVID-19 дертін таратушы Қытайдағы бастапқы 44 700 науқастың жағдайына талдау жасаған зерттеушілер 40 жасқа дейінгілер арасында өлім-жітімнің болмайтыны, 50-59 жастағылар арасында өлім-жітім көрсеткіші – 0,6%, 60-69 жас аралығында – 2%-ға жуық, 70-79 жас аралығында – 4,3 %, 80-нен асқандар арасында 7,8% болатыны туралы қорытындыны алға тартты. Бұл жұрттың үрейін, қорқынышын біраз сейілтті. Сол аралықта «жай ғана тұмау секілді екен ғой» деп бұл індетке немқұрайды қарайтындар, сақтық шараларын сақтамайтындар, көшеде бетпердесіз жүретіндер көбейді. Кейін індет жұқтырғандар саны артып, ел-жұрт әуре-сарсаңға түсті. Алғашқы кезде тіркелген жағдайлар бойынша да Еуропада коронавирустан қайтыс болғандардың 95%-ы 60 жастан асқан жандар болса, олардың жартысынан астамы 80-нен асқан қариялар болды. Сондықтан вирустан көбіне қарт адамдар көз жұмады деген ақпараттар тарады. Алайда сәуір айының басында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропадағы аймақтық бюросының директоры Ганс Клюге өзінің мәлімдемесінде коронавирусты тек қарттар үшін ғана қауіпті деген түсініктің қате екенін түсіндірді. – Біз COVID-19 дертінің тек егде жастағы адамдар үшін ғана қауіпті екені жөніндегі пікірлерді теріске шығарамыз. 20 жасқа дейінгі науқастар арасында да бұл дерттің ауыр түріне ұшырағандар немесе тіпті мәңгілікке көз жұмғандар бар. 50 жасқа дейінгі науқастардың 10-15 пайызы жансақтау бөліміне түскен. Сонымен бірге 100-ден асқан жандардың арасында ауруы жеңіл өтіп және оны біржола жеңіп шыққандар тіркелді, – деп жұртшылықты коронавирустың қариялардан басқаларға зияны жоқ деген түсініктен бас тартуға шақырды. Осыдан кейін біраз мемлекет шұғыл сақтық шараларын қолға алуға кірісті. Ал біздің елімізде 13 сәуірде коронавирустан 40 жастағы әйел көз жұмып, сол күні 82 жастағы кейуананың жазылып шыққаны хабарланды. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов бұл туралы Facebook-тегі парақшасында 82 жастағы Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны 22 наурызда КВИ жұқтырғанын растап, науқас көпбейінді медициналық орталықтың инфекциялық блогына түскенін, жүргізілген кешенді емдеуден кейін оның ауруынан айыққанын жазды. Бұл елордадағы ауруынан жазылып шыққан егде жастағы жалғыз адам емес. Нұр-Сұлтан қаласының дәрігерлері Ақмола облысының арнайы қызмет көрсету орталығының 7 науқасын коронавирустан емдеді. Олар 7 сәуірден бастап №3 көпбейінді қалалық балалар ауруханасында ем алды. Науқастардың арасында 1927, 1933, 1944, 1955 жылғы азаматтар болды. Сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласында коронавирустан құлантаза айыққан 80 жастағы ер адам туралы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова да хабарлады. Мұндай қуанышты хабарлар өзге аймақтарда да жарияланды. Атырау облысы Денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Гүлнафис Таңбаева Атырауда 82 жастағы ақсақал коронавирустан сауығып шыққанын қуана айтты. Алматының 82 жастағы тұрғыны да үш апта ем алғаннан кейін егде жасына және созылмалы аурулары болғанына қарамастан толық жазылған. Жамбыл облысында да Тараз қаласының 1934 жылғы тұрғыны дертті жеңді. Отадан кейін науқас облыстық көпбейінді аурухананың жұқпалы аурулар бөліміне ауыстырылған. Ал Шығыс Қазақстан облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшылығы облыста коронавирус инфекциясын жұқтырған 3 науқастың сырқатынан жазылғанын мәлімдеді. Қауіпті індеттен сауыққандардың екеуі 1938 жылы туған өскемендік қариялар екен. Ауру жұқтырған азаматтың барлығы індетті жеңіп шықты. Қазіргі кезде осы тақылеттес қуанышты жайттар әр аймақтарда тіркелуде. Әрине, мұндай межеге бірінші кезекте медицина қызметкерлерінің ерен еңбегінің арқасында жетіп отырғанымыз анық. Вирусты жеңген егде жастағы адамдар өзге мемлекеттерде де бар. Бұл бір есептен барша адамзат баласына вирустың жас талғамайтынын, оны жастар ғана емес, қариялардың да жеңіп шыға алатынын көрсеткен бұлтартпас дәлел болды. Таяуда көршілес Өзбекстан мемлекетінде 70 жастағы науқас коронавирустан жазылып шықты. Ташкент тұрғыны эпидемиология, микробиология және жұқпалы аурулар ғылыми-зерттеу институтының клиникасында емделіп, ауруынан құлантаза айықты. Ал Түркияның 107 жастағы тұрғыны Хавахан Карадениз әзірге СOVID-19 коронавирусынан айыққан әлемдегі ең қарт әйелдердің бірі ретінде тіркелді. Карадениз мықты иммундық жүйесінің арқасында СOVID-19-дан бір аптаның ішінде емделіп шықты. Аурухана қызметкерлері де оның қауіпті індетті тез жеңіп шыққанына таңғалды. Испанияда да 101 жастағы кейуана коронавирусты жеңді. Ол екі апта ем-дом алғаннан кейін сырқатынан айығып, үйіне қайтарылды. Сондай-ақ Иранның егде жастағы коронавирусты жұқтырған емделушілері де дәрігерлер көмегімен коронавирусқа қарсы тұра алды. Коронавирус індетін жұқтырған 100 және 106 жастағы екі ирандық толық сауығып, ауруханадан шығарылды. Бұдан ертеректе коронавирус жұқтырған 90, 93 және 98 жастағы үш науқас та толығымен сауығып, ауруханадан шыққаны хабарланған болатын. Италияның Римини қаласында да 101 жастағы ақсақал COVID-19 синдромымен күресте жеңіске жетіп, госпитальдан сауығып шыққан. Бұқаралық ақпарат құралдары бұл оқиғаны «итальян кереметі» деп жазды. Міне, керемет көрсеткіш. Қариялар да жаман індетке қарсы тұруда. Ал біз әлі «коронавирус тек үлкендер үшін қауіпті» деп жайбарақат жүрміз. Мұндай немқұрайдылық елімізде сырқатқа шалдыққандар санын арттыруы мүмкін. Індет жас талғамайтынын осындай жағдайлардан кейін ескеріп, кез келген адамның сырқатпен күресе алатынын жете түсінсек екен.