Бұл туралы Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Facebook желісіндегі парақшасында жұртшылықты Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтаған жазбасында айтты. «Қадірлі достар, баршаңызды Қазақстан халқының бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймын. Бұл мереке – Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев негізін салған халқымызды ұйыстыру идеясының жарқын көрінісі. Қашанда бірлік, келісім және өзара құрмет – еліміздің табысты да орнықты дамуының берік тұғыры. Бүгінде Елбасының тапсырмасы бойынша «Nur Otan» партиясы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған бірегей шараларға атсалысып, бұған қосымша мұқтаж қазақстандықтарға атаулы көмек көрсетуді жалғастырып жатыр. Қазірдің өзінде 98 мыңнан астам отбасы азық-түлік жиынтығы мен антисептикалық заттар алды. Бұдан бөлек 100 мың отбасы тегін маскамен қамтамасыз етілді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған «Birgemiz» қоры осы аптада Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында тағы 210 мың отбасыға 50 мың теңгеден біржолғы төлем жасап, көмек көрсетудің екінші кезеңін аяқтады. Осылайша, елімізде 360 мыңнан астам мұқтаж отбасы тікелей қаржылық көмек алды. Отбасы мүшелерін қосқанда, бұл шамамен 1 млн. қазақстандықты қамтиды. Елбасы өз құттықтауында атап көрсеткендей, «халқымыздың ырыс-ынтымағы тарих пен тағдыр сыйы емес, әрқайсымыздың ерен еңбегіміз бен зор жауапкершілігіміздің нәтижесі». Халқымыздың бірлігі мен ынтымағы, өзара қолдауы мен өр рухының арқасында біз кез келген қиындықты, оның ішінде қазіргі дағдарысты да еңсеретінімізге сенімдімін. «Nur Otan» партиясы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен бұған бар күшін салады. Баршаңызға мықты денсаулық, толағай табыс, отбасыларыңызға амандық және бақ-береке тілеймін!» - деді Бауыржан Байбек. https://www.facebook.com/102586901228750/posts/161445635342876/?vh=e&d=n