Маған қазақ тілін үйреткен - музыка
Маған қазақ тілін үйреткен - музыка
172
оқылды
Қарағанды қаласының қо­ғамдық кеңесі колледж сту­дентін мүшелікке қабылдады. Қоғамдағы проблемаларды ше­шуге өз ықпалын тигізетін белді тұлғалардың қатарына Қарағанды коммерциялық кол­леджінің 3 курс студенті Михуля Юрий кездейсоқ қо­сылған жоқ. Оны 40-тан астам үміткердің ішінен таңдап алды. Жас жігіт бюджетті, эконо­ми­каны, қаржы және бизнесті бөлу мәселелерін қарастыратын комиссияға түсті.  Белгілі кәсіпкер Николай Абт басшылық ететін командаға нағыз кәсіпқойлар жиналған. Қаладағы жөнделмеген жолдар, аяқталмаған құрылыс, мектептегі ыстық тамақ сапасы секілді мәселелер кеңестің наза­ры­нан тыс қалған емес. Олар халық арасына барып қоғамдық тал­қылаулар өткізеді, Үкіметке заң мен ережелерді өзгертуге ұсыныс жолдап жүр. Юрий Михуля қоғам­дық кеңес отырысында жастар мен талантты адамдарға арналған қайтарымсыз және білім беру гранттарын көбейту тақырыбын көтерді. Юрий қазақ тобында оқиды. Қабылдау емтиханында қазақ тілі мен әдебиетінен жүз пайыз нәтиже көрсеткен тест тапсырды. Дарынды жігіт қалада өткен түрлі байқауда топ жарды. «Жастар өзін-өзі басқару күні» атты 63 адам бақ сынаған байқауда да оған тең жан болмады. Байқауда ол «Өзін-өзі басқару» деген тақырыпқа эссе жазды. Оның қазақ тіліндегі шығармасы төрешілерді таңғалдырып, үздік деп танылды. Осы байқау нәтижесінде Қарағанды қаласының әкімі Нұрлан Әубәкіров студентке өз креслосын беріп, Юрий бір күн  кеншілер қаласына әкімдік етті. – Қазақ елі қасиетті қара шаңырақ болса, этностар – сол шаңы­раққа қадалған уықтар. Қазақ елінде тұрып жатқан әр азамат мемлекеттік тілде сөйлей білуі керек деп есептеймін. Қазақ тілі тұрғындар арасында қатынас құралына айналуы әр адамның азаматтық парызына айналуы керек, – дейді Юрий Михуля. Юрий қазақ тілін меңгеруге жасаған көмегі үшін анасына алғыс айтады. Оны анасы Майқұдық шағынауданында орналасқан №76 Әлихан Бөкейханов атындағы қазақ мектебінің 1- сыныбына берді. Содан бастап ол біліммен тек қазақ тілінде сусындап келеді. Оған қазақ тілін жетік мең­геруіне музыка себепші болды. Бастауыш сыныпта оқып жүргенде қобыз аспабының сиқырлы үніне ғашық болды. Оқуын музыкалық мектепте жалғастырды. Қасым Аманжолов атындағы музыка мектебінің қобыз класын үздік бітірді. Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Ұлы даланың ұлтаралық тілі»  форумында жас жігіт ел Прзиденті Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғыс­хатын алды. Юрий қазақ тілін меңгеруге құлшыныс білдірген жастардың басын қосып, тіл үйретуді қолға алды. Қаладағы Достық үйінде қазақ тілін оқыту клубының ашылуына мұрындық болды. Бүгінде бір жыл бойы аптасына екі рет жастар мен қариялар тіл үйрену сабақтарына қатысып жүр. Осы уақыт аралығында  100-ге жуық тұрғын қазақ тілін үйренді.    width=   Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА, Қарағанды облысы