Ұғыныстыққа ұмтылған ұжым
Ұғыныстыққа ұмтылған ұжым
161
оқылды
Бүгінде татулығын ту етіп, ынтымағын жарас­тыр­­ған жасампаз мемле­ке­тімізге қызыға да, қыз­ға­на да қарайтындар аз емес. Әсіресе, бірлікті «ба­ғым» деп бағалаған халық­тың біртұтастығы талай­лар­­ға үлгі болуда. Бұл ең алдымен өзгені өзекке теппеген қазақ халқының кеңдігін білдірсе, екінші жағынан болашақты бол­жай білетін көреген Ұлт көшбасшысының сараб­дал саясатының жемісі. Әрине, бір шаңырақтың асты­на бірнеше ұлттың басын бі­рік­­тіріп, берекесін кіргізу кез кел­ген мемлекеттің қолынан келе бермейтіні белгілі. Ал бір ме­ке­ме­ге сан ұлт өкілдерін қыз­метке алып, жұмыстың жүйе­сін табу өз алдына үлкен ерлік. Міне, сондай көпұлтты ұжымды сүттей ұйытып отырған кәсіпорынның бірі – «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Жаңа Жамбыл фосфор зауыты. Іргесі сонау 1971 жылы қала­на бастаған өндіріс орнын­да бүгінде 2 000-нан аса адам жұ­мыс істеп жатса, соның қата­рында 19 ұлттың өкілі бар. Ең­бек­керлердің ең көбі қазақ, орыс, украин, өзбек, белорус пен кәрістер болса, әзербайжан, грек, дүнген, қырғыз, неміс, түрік пен күрдтер де мұнда қызмет ету­де. Сондай-ақ қарақалпақ, қара­шай, кумандин, мордва, удмурд сынды аз ұлт өкілдері де өндірістің өркендеуіне өз үлес­те­рін қосуда. Жаңа Жамбыл фосфор зауытының директоры Әбсамат Керембаевтің айтуынша, бұл ұжымда ең алдымен бірлік бәрінен биік тұрады екен.
– Қазақта «Бірлік түбі – бе­ре­ке» деген жақсы сөз бар. Біз­дің қызметкерлер осы қағи­даны берік ұстанады. Кәсіпорынға бір адамды жұмысқа аларда оның ұлты мен тегіне емес, шеберлігі мен қабілетіне баса көңіл бөлеміз. Сон­дай-ақ басшылық қызметке өсі­руде де еңбеккердің туған же­рі емес, төккен тері есепке алы­­нады.
Ал мереке күндерін бір үйдің баласындай бірге қарсы аламыз. Әсіресе, Ұлыстың ұлы күні әз-Нау­рыз мерекесін жылда ерекше тойлаймыз. Бұдан бөлек, 1 нау­рыз – Алғыс айту күні мен 1 ма­мыр – Қазақстан халқының бір­лігі күнінің біз үшін орны ерекше. Өйткені бұл күні біз өт­кен тарихымызды еске алып, баба­лар рухына тағзым етеміз. Қазіргі әлемдік пандемияға байланысты 1 мамыр күнін үл­кен деңгейде атап өтуге мүм­кін­­дік болмай тұр. Десе де, бізде коронавирус індетіне бай­­ланысты бірде-бір адам жұмыстан қыс­­­қармағандықтан, сақтық ша­ра­ларын сақтай отырып, бір-бірі­­­мізді құттықтаймыз.
– Бірлік күнімен барша қазақ­стан­дықтарды, жерлестерім­ді шын жүректен құттықтаймын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын,– дейді Әбсамат Батыр­бек­ұлы.
Иә, татулықты ту етіп, цех­тар­да тіршіліктің тайқазанын қайнатқан өзге ұлт өкілдері бір үйдің баласындай жұдырықша жұмылып жұмыс істеуде. Кәріс аза­маты Павел Бегаев 1984 жыл­дан бері өндіріс орнында қыз­мет етуде. Ол осы таңға дейін ме­ке­ме­дегі ұлттар арасында түсін­беу­шілік, әлде кикілжің бол­ма­ғанын айтады. Тіпті, Павел «Біз­дің тіліміз басқа болса да тіле­гіміз бір, түріміз басқа болса да жүрегіміз бір» деп қазақша ағы­лып тұр. Жалпы, кәріс пен неміс, қа­зақ пен қарашай, өзбек пен украин, түрік пен татар мемле­кет­тік тілде тілдесіп, түсінісіп отырғанына қуана­сың. Осының арқасында зауыт жылда өндіріс көлемін есе­леп өсіруде. Химия өндірісінің елі­міздегі жүрегі са­на­латын «Қаз­фосфат» ЖШС-ның бұл сөз жоқ, бас бармақпен баға­лайтын тұсы. Бірлігі бекем, тірлігі көркем болып отырған кәсіпорынның жұмысы әрдайым жемісті болсын деп тілейміз.    width=   Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы