Бүгінде татулығын ту етіп, ынтымағын жарастырған жасампаз мемлекетімізге қызыға да, қызғана да қарайтындар аз емес. Әсіресе, бірлікті «бағым» деп бағалаған халықтың біртұтастығы талайларға үлгі болуда. Бұл ең алдымен өзгені өзекке теппеген қазақ халқының кеңдігін білдірсе, екінші жағынан болашақты болжай білетін көреген Ұлт көшбасшысының сарабдал саясатының жемісі. Әрине, бір шаңырақтың астына бірнеше ұлттың басын біріктіріп, берекесін кіргізу кез келген мемлекеттің қолынан келе бермейтіні белгілі. Ал бір мекемеге сан ұлт өкілдерін қызметке алып, жұмыстың жүйесін табу өз алдына үлкен ерлік. Міне, сондай көпұлтты ұжымды сүттей ұйытып отырған кәсіпорынның бірі – «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Жаңа Жамбыл фосфор зауыты. Іргесі сонау 1971 жылы қалана бастаған өндіріс орнында бүгінде 2 000-нан аса адам жұмыс істеп жатса, соның қатарында 19 ұлттың өкілі бар. Еңбеккерлердің ең көбі қазақ, орыс, украин, өзбек, белорус пен кәрістер болса, әзербайжан, грек, дүнген, қырғыз, неміс, түрік пен күрдтер де мұнда қызмет етуде. Сондай-ақ қарақалпақ, қарашай, кумандин, мордва, удмурд сынды аз ұлт өкілдері де өндірістің өркендеуіне өз үлестерін қосуда. Жаңа Жамбыл фосфор зауытының директоры Әбсамат Керембаевтің айтуынша, бұл ұжымда ең алдымен бірлік бәрінен биік тұрады екен.
– Қазақта «Бірлік түбі – береке» деген жақсы сөз бар. Біздің қызметкерлер осы қағиданы берік ұстанады. Кәсіпорынға бір адамды жұмысқа аларда оның ұлты мен тегіне емес, шеберлігі мен қабілетіне баса көңіл бөлеміз. Сондай-ақ басшылық қызметке өсіруде де еңбеккердің туған жері емес, төккен тері есепке алынады.Ал мереке күндерін бір үйдің баласындай бірге қарсы аламыз. Әсіресе, Ұлыстың ұлы күні әз-Наурыз мерекесін жылда ерекше тойлаймыз. Бұдан бөлек, 1 наурыз – Алғыс айту күні мен 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнінің біз үшін орны ерекше. Өйткені бұл күні біз өткен тарихымызды еске алып, бабалар рухына тағзым етеміз. Қазіргі әлемдік пандемияға байланысты 1 мамыр күнін үлкен деңгейде атап өтуге мүмкіндік болмай тұр. Десе де, бізде коронавирус індетіне байланысты бірде-бір адам жұмыстан қысқармағандықтан, сақтық шараларын сақтай отырып, бір-бірімізді құттықтаймыз.
– Бірлік күнімен барша қазақстандықтарды, жерлестерімді шын жүректен құттықтаймын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын,– дейді Әбсамат Батырбекұлы.Иә, татулықты ту етіп, цехтарда тіршіліктің тайқазанын қайнатқан өзге ұлт өкілдері бір үйдің баласындай жұдырықша жұмылып жұмыс істеуде. Кәріс азаматы Павел Бегаев 1984 жылдан бері өндіріс орнында қызмет етуде. Ол осы таңға дейін мекемедегі ұлттар арасында түсінбеушілік, әлде кикілжің болмағанын айтады. Тіпті, Павел «Біздің тіліміз басқа болса да тілегіміз бір, түріміз басқа болса да жүрегіміз бір» деп қазақша ағылып тұр. Жалпы, кәріс пен неміс, қазақ пен қарашай, өзбек пен украин, түрік пен татар мемлекеттік тілде тілдесіп, түсінісіп отырғанына қуанасың. Осының арқасында зауыт жылда өндіріс көлемін еселеп өсіруде. Химия өндірісінің еліміздегі жүрегі саналатын «Қазфосфат» ЖШС-ның бұл сөз жоқ, бас бармақпен бағалайтын тұсы. Бірлігі бекем, тірлігі көркем болып отырған кәсіпорынның жұмысы әрдайым жемісті болсын деп тілейміз.