Барлық жетістікке қазақ тілінің арқасында жеттім
Барлық жетістікке қазақ тілінің арқасында жеттім
Ол өзге ұлттың өкілі болғанымен, қазақ тілін бала кезінен біледі және қазақтардан асып түспесе, кем сөйлемейді. Оның бала жасынан өнерге, музыкаға жаны құмар. «Елім менің», «Атамекен», «Отан ана», «Қазақ­стан» секілді ұлттық рухқа бай патриоттық әндерді жан-тәнімен беріле шырқағанда еріксіз көзіңе жас келеді. Бұл әндерді республикалық сахнадан бүкіл қазақтың алдында шырқады. Ол деп отырғанымыз, «Х-фактор» байқауының бесінші маусымының жеңімпазы, қазақ тілінің жанашыры, өскемендік өрен Евгений Выблов. Женя Алтай ауданының Серебрянка қаласында 1990 жылы 16 қазанда дүниеге келді. Кейін Өскеменге, сүйікті әже­сі­нің тәрбиесіне ауысты. Себебі әкесі болмады, ал анасы­ның денсаулық жағдайына байла­ныс­ты оны тәрбиелеуге шамасы келмеді. – 2000 жылы облыс орталы­ғын­дағы «Үміт» балалар үйіне келдім. Өнерге қызы­ғу­шы­лығым осында басталды, мұн­да қызықты үйірмелер өте көп болды, оның ішінде қа­зақ ті­лінде де. Қазақ тіліне қы­зы­ғушылығым артты. Менің өнерге қабілетімді байқаған ұстаз­дар музыка үйірмесіне жаз­ды, алғашқы музыкалық жетекшім Дәметкен Әшімқызы болды. Кейінгі ұстазым Ерболат Матабаев деген аса дарынды өнер иесі. Шынымды айтсам, ер адамға тән барлық қасиетті, мінез-құлықты, тәрбиені сол кісіден алдым десем болады. Үнемі үйіне алып кететін, отба­сында балаларымен бірге қазақ­ша сөйлесіп өстім. Ерболат Зәки­ұлымен байланысым әлі үзілген емес, тіпті әріптес ретінде қазір бірге жұмыс істеп жүрміз, – дейді Евгений балалық шағын еске алып. Оның бағын ашқан, есімін республикаға танытқан талантты өнер иесі Нағима Есқалиеваның «Х-фактор» жобасы болды. Бұрын да бір рет бұл байқауда бағын сынап көрген оның бірден жолы бола қоймаған. – Студент кезімде қатысуға шешім қабылдап, байқаудың екінші маусымында біршама жақсы өнер көрсеттім. Алайда менде репертуар таңдау, тәжі­ри­бе жағы жеткіліксіз еді. Сон­дық­тан финалға жете ал­ма­дым. Құлазыған көңілімді жана­шыр­ларым мен достарым көтере бі­ліп, сол кезде мүлдем өнерден кетіп қалмауыма көмектесе біл­ді, – дейді ол. Ара­ға жылдар салып, уни­вер­­ситет бітіріп, тәжірибесі то­лық­қан ол тағы да өнер жолында бағын сынауға аттанады. Тек бе­сінші маусымда ғана бағы жа­нып, жолы болып, жеңімпаз атанды. Бұл оның өміріндегі ең бір естен кетпес қызықты сәт бол­ды, себебі ол сонау бала­лық ша­ғынан қандай да бір музы­ка­лық байқауға қатысуды арман­дайтын. Бесінші маусым­да­ғы жеңіс оның алдынан өнердегі көптеген есіктерді ашып, про­дю­серлер тарапынан түрлі ке­­­лі­­сімшарт болғанымен, ол ка­рье­­радан бұрын отбасылық жағ­­­дайды бірінші кезекке қой­ды, Өс­кеменге оралды. Өңір­де­гі ірі өндірістік алпауыт «Қа­­з­цинктің» демеушілігімен осы­­дан 2 жыл бұрын өзінің сүйік­­ті тыңдармандарының құр­ме­­­тіне «Сен үшін» атты алғаш­қы аль­­бомын жарыққа шығарды. Қазіргі уақытта «Үміт» ба­ла­лар үйінде музыкадан дәріс бе­ру­де. Евгений Выблов бала­лар үйіндегі дарынды жеткін­шік­тердің көзін ашып, өзін үлгі ету арқылы балалар үйінде де қандай да бір жетістікке жетуге болатынын, олардың артын­да мемлекеттей қамқоршы тұрға­нын көрсеткісі келеді. Бұл ретте өзінің бала жастан дарынын ашқан, барлық жағынан қолдау білдіріп, аналық махаббатты сез­діріп келген «Үміт» балалар үйі­нің директоры Майра Бейсе­қановаға, оның балалар үшін барын салатын еңбекқор ұжы­мы­на алғысы шексіз екенін айта­ды. – Менің репертуарымның 90 пайызы – қазақ тілінде. Қазақ тілін ерекше жақсы көремін, құрметтеймін. Басқаларға үлгі етемін. Өйткені жетістіктерімнің бәріне де қазақ тілін білгендіктен, еркін сөйлегендіктен жеттім, – дейді ол. Евгений республикалық ірі жобадан жеңімпаз болып келген сәтте қуанышы еселене түсіп, балалар үйінің түлегі ретінде мемлекеттен баспана алған. Бүгінде отбасын құрған өнерлі жігіт өзін бұл өмірде бақыттымын деп санайды. Ал отбасы жайлы жеке мәліметтің әлі құпия болып қалғанын қалайды. Қазір ол Өс­ке­мен қаласында эстра­да­лық-вокалдық мектептің негізін қалап, өнерін сол арқылы дамы­туда, сол арқылы көптеген да­рын­ды жастарды тәрбиелеуде. – Дегенмен біржола өнер­ден кетпедім, ел ішінде кіші­гі­­рім гастрольге шығып тұра­мын. Алай­да тағдырдың сы­на­ғымен жас­тай ата-ана махаббатын, от­басы жылуын сезінб­е­ген­дік­тен, бар уақытым­ды өнер­ден гөрі өзімнің отбасыма ар­на­­ғым келеді. Ал отбасы көп көңіл бөлуді қажет етеді. Осы орайда, «Айқынның» бар­лық оқырмандарын, барша қазақ­стан­дықтарды Қазақстан хал­қы­ның бірлігі күнімен құттық­тай­мын! Төтенше жағдай кезінде әр отбасыға амандық, қуаныш, бей­бітшілік пен береке-бірлік тілеймін, – дейді Евгений Выблов.  

Дәурен АЛЛАБЕРГЕН, Шығыс Қазақстан